ЛӘЗЗАТ ҚҰСАЙЫНОВА: АДАМДАР ҚАРАПАЙЫМ ҚАМҚОРЛЫҚ ПЕН ІЛТИПАТТЫҢ ӨЗІНЕ ЗӘРУ

24 Сәуір 2019, 00:00 2610

Нұр-сұлтан қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы «Парасат» қайырымдылық қызметін үйлестіру орталығы ашылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблея жаңа функционалдық бағытты өз мойнына алғанын атап өтті. «Қайырымдылық туралы» Қазақстан Республикасының жаңа заңында Ассамблеяға Меценаттар қауымдастығының бас үйлестірушісінің рөлі бекітілген.

Нұр-сұлтан қаласының ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова Елбасының – Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың XXIV сессиясында берген тапсырмасына сәйкес астаналық Ассамблея базасында Меценаттар клубы құрылғанын, соның арқасында игі істер жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Әртүрлі этностардың өкілдері, соның ішінде этномәдени орталықтардың жастары бір командаға бірігіп, қайғы-қасіретке тап болғандарға, қамқорлық пен ілтипатты қажет ететіндерге қамқор болып жүр.

Жаңадан ашылған «Парасат» орталығының мақсаты – қайырымдылықтың барлық түрін көрсету және насихаттау, қосымша мамандықтарға оқытудан бастап, еріктілер қозғалысын дамытумен аяқтау.

2017 жылы Ассамблея институтымен өзгелердің қайғысына бей-жай қарамайтын адамдарға арналған «Жомарт жан» төсбелгісі бекітілді.

Жыл басынан бері этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Аналар кеңесі елорда меценаттары мен қайырымдылық көмек көрсетушілерінің қолдауымен ерекше қажеттіліктері бар балаларды емдеуге, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды, ардагерлерді, зейнеткерлерді қолдауға, сондай-ақ, дүлей зілзалалар салдарынан зардап шеккендерге он төрт миллион теңгеден астам көмек көрсетуге бағытталған алпыс үш іс-шара өткізді.

«Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің көрсеткіші ғана емес, Ассамблея институтының қоғаммен белсенді өзара іс-қимылының дәлелі», – деп атап өтті Ләззат Құсайынова.

Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы 2019 жылға арналған «Қайырымдылық керуені» атты іс-шаралар күнтізбесін әзірленгенін еске салды. Күнтізбе Қазақстан халқының дәстүрлері негізінде және еліміздің мемлекеттік мерекелерін ескере отырып дайындалған, бұл әрбір қазақстандыққа елдегі әлеуметтік үдерістердің бір бөлігі болуға және қазақ халқының мәдениетіне жақындауға мүмкіндік береді.

«Осы дәстүрлердің барлығы жақындарына көмек көрсету, қиын сәтте қолдау білдіру, үлкендерге құрмет көрсету, сондай-ақ ақсақалдардың батасын алуды көздейді. Бірінші тоқсанда жиырма екі іс-шара өткізіліп, екі миллион үш мың теңге сомасына бір мың екі жүз адамға көмек көрсетілді», – деп мәлімдеді Ләззат Құсайынова.

Көмек әрдайым материалдық тұрғыда болмауы керек, адамдар көбінесе қарапайым қамқорлық пен ілтипатты қажет етеді.

«Біздің басты ұстанымымыз – мұқтаж адамға балық емес, қармақ беру, әрбір адам өз өмірі мен отбасы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс», – деді спикер.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: