Ләзат Манжуова: Жыл сайын 600-ге жуық бала қатерлі ісікке шалдығады

17 Мамыр 2022, 11:53 2473

 


Қазақстан Республикасындағы онкологиялық аурумен ауыратын балаларға медициналық көмек көрсетудің бүгінгі жағдайы мен даму болашағы туралы Басқарма төрағасының ғылыми-клиникалық және инновациялық қызметтер жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты онкогематолог-дәрігер Манжуова Лязат Нұрбапақызы айтып берді.

 

 

Қазақстанда әртүрлі онкологиялық және гематологиялық аурулармен ауыратын балалардың өмір сүру сапасын жақсарту, диагностикалау және емдеу мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. 1994 жылдан бастап Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында жедел лейкозбен ауыратын балалар әлемге әйгілі неміс полихимиотерапия бағдарламалары бойынша емделіп келеді. 2013 жылға дейін тығыз ісіктері бар балалар әртүрлі онкологиялық диспансерлерде ересек науқастармен бірге емделді, көбінесе емдеуді ересек мамандар жүргізіпті. Сондықтан 2013 жылы Медициналық және фармацевтикалық мамандықтар номенклатурасында бұрын болған жекелей екі мамандық «балалар онкологиясы» және «балалар гематологиясы» әлемдік тәжірибе негізінде біріктірілді және бір жалпы «Балалар онкологиясы және гематологиясы» мамандығы пайда болды. Сол кезеңнен бастап онкологиялық және гематологиялық аурулармен ауыратын барлық науқас балалар әртүрлі мамандықтағы балалар дәрігерлерінен құралған мультидисциплинарлық команда көмек көрсететін балалар ауруханаларында ем ала бастады.

 

Онкогематолог-дәрігер Ләзат Нұрбапақызының айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында қатерлі ісіктері бар науқастарға арналған 475 төсек-орын бар, оның 261-і республикалық маңызы бар клиникаларда орналасқан (Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында және Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында / Нұр-Сұлтан қ.). Қалған төсек орындары облыстық және қалалық көпсалалы балалар ауруханаларының деңгейіне орналасқан.

 

Негізгі емдеу екі республикалық орталықтың базасында жүргізілсе, қатерлі дертке шалдыққан балаларды алғашқы анықтау және алғашқы диагностикалау облыстарда облыстық және қалалық балалар ауруханаларының базасында жүргізіледі. Әр аймақтың ауруханаларында балаларға арналған онкологиялық/гематологиялық төсек-орын бар, онда қан ауруы немесе қатерлі ісігі бар балалар жатқызылады. Сонымен қатар, әр облыста балалар онкологы/гематологының кабинеттері жұмыс істейді. Онда қатерлі ісіктері бар науқастарды динамикалық бақылау және демеуші терапия ем-домдары жүргізіледі.

 

– Бүгінде Қазақстанда 80 балалар онколог-гематологтары жұмыс істейді, оның 46 дәрігері республикалық орталықтарда, 34-і облыс орталықтарында қызмет атқарады. Барлық дәрігерлер екі республикалық орталықта қайта даярлау курстарында, балалар онкологиясы және гематологиясы бойынша екі жылдық резидентурада білім алған, сондай-ақ Ресей, Беларусь, Германия, Чехия, Израиль, Оңтүстік Корея елдерінің жетекші орталықтарында балалар онкологиясы, гематология және иммунология саласы бойынша білімдерін жетілдірген, - дейді дәрігер ханым.

 

Қазақстанда жыл сайынғы статистика бойынша 600-ге жуық бала алғаш рет қатерлі ісікке шалдығады. 2020 жылы қатерлі ісік 538 балада алғаш рет анықталса, 2021 жылы 591 бала алғаш рет ауыр дертке шалдыққан. Жалпы, соңғы 8 жылда аурушаңдықтың өспегенін, орташа есеппен 100 000 балаға 10 жағдайды құрайтынын атап өткен жөн. 

 

Онкогематолог-дәрігердің айтуынша, балалардағы қатерлі ісіктің көптеген түрлері бар, олардың көпшілігі туа біткен, кейбірі тұқым қуалайтын. Қатерлі ісіктердің ең көп таралған түрі - жедел лейкоз, ол онкологиялық аурулардың барлық жағдайларының үштен бірінде дерлік кездеседі. Екінші орында орталық жүйке жүйесінің ісіктері. Үшінші орынды лимфомалар, нейробластомалар, герминогендік жасушалы ісіктері және жұмсақ тіндердің саркомасы (сүйектің қатерлі ісігі) сияқты ісіктер алады. Бұл құрылым Қазақстанға да, Еуропа елдеріне де тән.   

 

Ақ халатты мамандардың айтуынша, қатерлі ісікпен барлық жастағы балалар ауыруы мүмкін. Бірақ, кейбір қатерлі дерттер белгілі бір жаста шығады. Мәселен, ерте жастағы балалар көбіне нейробластома, ретинобластома, гепатобластома сияқты ісіктерге шалдықса, сүйектің қатерлі ісігі – остеосаркома тек жасөспірімдерде көбірек кездеседі.

 

Қатерлі ісіктерді емдеудің заманауи арсеналында химиотерапияның көпкомпонентті бағдарламалары, хирургиялық емдеудің әртүрлі түрлері, сәулелік терапия, дің жасушаларын трансплантациялау бар. Балалар онкологиясы мен гематологиясы біріктірілгеннен бері республикалық орталықтардың мамандары халықаралық терапия бағдарламалары негізінде балалар ісігінің әртүрлі түрлерін диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамаларын әзірледі. Осы жылдар ішінде олардың көпшілігі жаңа технологиялар мен дәрілердің енгізілуіне байланысты бірнеше рет жаңартылды.

 

– Полихимотерапияның, гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялаудың, интравитреальді химиотерапияның, буындарды эндопротездеудің және т.б. заманауи бағдарламаларын енгізу қатерлі дертке шалдыққан балалардың өмір сүруін барлық қатерлі ісіктер бойынша орта есеппен 2014 жылы 54,1%-дан 2021 жылы 72,6%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Заманауи ем-шаралар сонымен қатар балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етті, - дейді Ләзат ханым.

 

Дәрігерлер өз тәжірибесіне сүйене отырып, олардың ішінде Ходжкин лимфомасын, ретинобластоманы емдеу ең тиімдісі болып табылады, өміршеңдік деңгейі 90% -дан асатынын айтады. Сондай-ақ, нефробластома және Ходжкиндік емес лимфома терапияның жақсы нәтижелерін көрсетуде, онда өмір сүру деңгейі 84% құрайды. Қауіпті топтағы балаларда терапияның төменгі тиімділігі өкінішке орай, нейробластома (36%), Юинг саркомасы (40%), жіті миелобласты лейкоз (46%) және орталық жүйке жүйесінің ісіктерінде (40%) сақталуда. Алайда, аталмыш аурулармен өмір сүру дерегі әлем бойынша бірдей төмен екенін атап өткен жөн.

 

Жылда балалардағы онкологиялық ауруларды емдеудің жаңа технологиялары енгізілуде. Бүгінгі күні ретинобластоманы емдеуде химиотерапияның локальді әдістері жиі қолданылады. Яғни, дәрі қантамыр арқылы басқа органға әсер етпей, тікелей зақымдалған көзге енгізіледі. Жыл сайын Қазақстан Республикасында көздің қатерлі ісігінің (ретинобластоманың) 20-25 жаңа жағдайы анықталады. 2015 жылдан бастап ретинобластомасы бар барлық науқастар Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында емделуде. Педиатрия орталығында Қазақ көз аурулары ҒЗИ-мен бірге лазерлі транспупиллярлы термотерапия, интравитреальді химиотерапия, криодеструкция емдері енгізілген, енді орган сақтау әдістерінің бірі - селективті интраартериалды химиотерапия қолданылуда. 2021 жылы көздің қатерлі ісігіне 25 операция жасалды.

Сондай-ақ, ісікті криокоагуляциялау әдістері де қолданылады. Өмір сүру сапасын жақсарту үшін жыл сайын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында сүйектің қатерлі ісігіне шалдыққан балаларға 10-12 орган сақтайтын бірегей күрделі ота жасалады. Жасөспірімдердің сүйек саркомасы кезінде эндопротездерді қолдану арқылы аяқ-қолдарды сақтап қалу бойынша ота жасау 2012 жылдан бері жүргізіледі. Бұл жоғары технологиялық хирургиялық емдеудің медициналық әдісі остеосаркомаға шалдыққан балалардың 90%-дан астамына жасалынады, ол өз кезегінде баланың әлеуметтік бейімделуіне мүмкіндік береді. Бірегей операциялардың нәтижесінде балалардың аяқ-қолдары сақталып қана қоймай, олардың өмір сүру сапасы да жақсарды. Бүгінгі күні олар өздерінің құрбы-құрдастарымен қатар деңгейде мектепке барып, университетте оқып, түрлі қызметте жұмыс істейді. Тіпті, спортпен айналысып, жаттығу залдарына, бассейндерге барып белсенді өмір сүруде.

 

Онкогематолог-дәрігер Манжуова Лязат Нұрбапақызының айтуынша, жылдан жылға гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау операцияларының саны артып келеді. 2012 жылдан бастап республикада барлығы 247 гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау жүргізілді, оның ішінде: аллогендік (яғни доноры сәйкес келген) – 92, гаплоиденттік (ата-анасының бірі донор болған) – 31, аутологиялық (науқас балаға өз дің жасушаларын трансплантациялау) – 124. Бүгінгі таңда бұл технологияны енгізу донорларды табудағы қиындықтармен шектеледі. Аурудың көптеген түрлері үшін трансплантацияға тек 100% үйлесімді донорлар ғана рұқсат етіледі. Соңғы үш жылда екі республикалық орталықта туыстық емес донордан сүйек кемігіне гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау жүргізіледі.

 

Осы мақсатта Қазақстан Республикасында гистотиптелген донорлар базасын кеңейту, Ресей тізіліміндегі регистрден донорларды іздеу, сондай-ақ, гемопоэздік дің жасушаларының донорларының халықаралық регистрлерімен келісім-шарт жасау жұмыстары жүргізілуде. Міндетті медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп, логистика механимі және шетелде тұратын дің жасушаларының донорларынан трансплантациялау тетіктері әзірленуде.

 

Терапияның сәттілігі көбінесе аурудың диагнозы кезіндегі баланың жағдайына, қатерлі аурудың сатысына байланысты. Қазақстан Республикасындағы балалардағы онкологиялық аурулардың ерте кезеңдерінде диагностикасын жақсарту үшін республикалық орталықтар барлық алғашқы медициналық-санитарлық көмектің дәрігерлерімен және басқа да мамандықтардың дәрігерлерімен үлкен ағарту жұмыстарын жүргізеді. Дәрістерде дәрігерлерге балалардағы қатерлі дерттердің белгілерін ерте анықтау бойынша білім беріледі. Бұл жұмыстар өз нәтижесін беруде. Мәселен, 2015 жылы елімізде балалардағы қатерлі ісіктерді диагностикалау І-ІІ сатысында - 29% болса, 2020 жылы I-II кезеңдерінде ерте диагностикалау 41,4% құрады, онкологиялық аурулар III-IV сатыларында — 58,6%- да анықталған. Қатерлі ісіктерді ерте диагностикалау бойынша елімізде барлығы 3000-нан астам түрлі мамандықтағы дәрігерлер оқытылды.

 

Сонымен қатар, соңғы жылдары біз балалар онкологиясы бойынша халықты ақпараттандыру мақсатында әртүрлі үкіметтік емес ұйымдармен, пациенттік ұйымдармен, қоғамдық ұйымдармен белсенді жұмыс істеп келеміз. 2017 жылдан бастап Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында орфандық, онкологиялық және гематологиялық аурулары бар балаларға көмек көрсету мәселелерін қарастыратын Қоғамдық кеңес құрылып, жұмыс істеуде. Бұл қорлардың өкілдері онкологиялық және гематологиялық дертке шалдыққан балалардың ата-аналарына әлеуметтік көмек көрсету, балалардың онкологиясы мен гематологиясы бойынша халықтың хабардарлығын арттыру бағытында көптеген жұмыстар атқаруда.

 

Әрине, бүгінде қатерлі ісікке шалдыққан балалардың барлық мәселелері шешілді деп айта алмаймыз. Сондықтан біздің алдағы жоспарларымызда балалардың өмір сүруін арттыру үшін жаңа технологияларды енгізу арқылы емдеу әдістерін жетілдіру, емделгеннен кейін балаларды оңалту, Қазақстан Республикасында қатерлі ісіктері бар балаларға паллиативтік көмек көрсетуді оңтайландыру сияқты өзекті мәселелер бар.

 

 

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: