Л. Прокопенко: Азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімінің артуы медиацияны дамытуға ықпал етеді

5 Тамыз 2019, 16:45 4865

Елорданың Достық үйінде Бірыңғай медиация күніне орай Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Азаматтық қоғамның жаңғыруындағы медиацияның рөлі» республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.


Аталған іс-шараға сот және құқық қорғау, әділет органдары, «Nur Otan» партиясы, кәсіподақ ұйымдары, этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, ғылыми-сараптамалық топ мүшелері, Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы ассамблеясының Қоғамдық келісім және Аналар кеңесі, медиация мәселелеріне маманданған көрнекті ғалымдар мен өңірлерден шақырылған кәсіби медиаторлар, мектеп медиаторлары, жастар ұйымдары өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.


Қоғамдық келісім мен жалпыэтностық бірлікті қамтамасыз етуде медиация институтын нығайту және одан әрі дамыту бойынша іс-шаралар жүйесін әзірлеу мақсатында өткізілген конференцияға ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко қатысты.

«Медиация – бұл тараптардың уақытын үнемдеу. Медиация – бұл даулы мәселелерді қосымша шығынсыз қарау жылдамдығы. Медиация – тараптарды бір мәмілеге келтіретін әлеуметтік құрал. Дегенмен Қазақстандағы медиация құқықтық институт ретінде де қарастырылады. Яғни, сот жүйесінің элементі және сот мәселелерін баламалы шешуді қамтамасыз етіп қана қоймай, ең алдымен қоғамның жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін институт болып саналады», – деді Л. Прокопенко.


Сондай-ақ ол әлі де нақты жұмысты қажет ететін пробеламалардың барын айтып өтті. Ол – азаматтар арасында сенім ұялату.

«Мен жуырда әлеуметтік сауалнаманы мұқият қарап шықтым. Өкінішке орай азаматтар арасында әлеуметтік алшақтықтың өсу үрдісі байқалады. Тағы бір мәселе – елдегі құқықтық тәртіп пен заңдылық жағдайы. Халықтың медиация институтына деген сенімі неден көрінеді? Азаматтар медиаторлардың шешімі сот шешімі сияқты заңды күші бар екеніне көздері жеткенде», – деді Л. Прокопенко.


Медиацияны дамытуға азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімінің артуы ықпал етеді. Хатшылық меңгерушісінің орынбасарының сөзінше, Президент әкімшілігінің қабылдауына азаматтардың 90% сот үкімімен келіспей келеді. Ең алдымен даудың көзі, бір жақтан, азаматтар болса, екінші жағынан - мемлекттік органдар. Соңғысының тарапынан болған немқұрайлылық пен заң жағынан әлсіз болуынан азаматтардың мүддесіне нұқсан келіп жатады.

«Медиация институтын жетілдіру қажет. Құқық қорғау жүйесіндегі әрбір субъектілердің рөлін айқындайтын қосымша тетіктер қажет. Уәкілетті органның көмегімен халықтың медиацияға деген хабардарлығы мен сенімін арттыру өте маңызды. Елімізде медиацияны дамыту тұжырымдамасын құру керек деген ойдамын. Біз қоғамдық, кәсіби, сот медиациясының рөлін түсінуге тиіспіз», – деп сөзін қорытындылады спикер.

Жалпы конференцияның нәтижесінде медиация саласындағы ақпараттық-насихаттау жұмысын күшейту шеңберінде конференция нәтижелері бойынша ғылыми мақалалар жинағы шығарылып, тәжірибеде қолдану үшін медиация рәсімі бойынша ғылыми-әдістемелік материалдар әзірленбек. Жинақ Қазақстан халқы Ассамблеясының ресми сайтында жарияланады.


Ғылыми конференцияның пленарлық отырысының қорытындысында бірқатар медиаторлар Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының алғыс хаттарымен марапатталды.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: