Квадробика: Балаларды жаңа трендтен қалай сақтау керек?

23 Қазан, 18:30 1178

Соңғы кездері жасөспірімдер арасында квадробика деген жаңа тренд пайда болды. Бұл балалар жануарлардың костюмын киіп, олардың іс-қимылдарын жасап, тіпті қоғамдық орындарда төрт аяқтап жүреді. Сырт көзге оғаш көрінетін бұл тренд біздің қоғамды да айналып өтпеді. Психологтар мен желі қолданушылары бұл трендттің балалардың денсаулығына әртүрлі әсер ететінін ескертті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Квадробиканы кім ойлап тапқан?

Квадробика — «квадро» (төрт) және «аэробика» деген сөздердің қосындысынан шыққан. Түпкі мағынасы — жануарларға ұқсап төрт аяқтап жүгіру. 

Квадробиканы ең алғаш рет жапон спортшысы, жеңіл атлетші Канити Ито ойлап тапқан. Ол өте жылдам жүгіретін қабілетке ие болғанымен, сырт келбеті үшін адамдар оны  маймылға ұқсатып, мазақ еткен екен. Канити Ито осыдан соң жануарлар әлемін  бақылай бастайды. Кейбір мәліметтерге сәйкес, ол тіпті орманда өмір сүріп, олардың әдеттерін қайталап, үйренген деседі.

Квадробика спорт па?

Оны ең алғаш жапондық спортшы ойлап тапқандықтан көбісі квадробиканы спорттың бір түрі деп қабылдайды. Дегенмен ресми түрде спорт ретінде тіркелмеген. Бірақ дене жаттығулары, төрт аяқтап жүгіру үлкен күшті талап ететіндіктен онымен спорт ретінде айналысатындар да бар. Мәселен, соңғы кездері әлемде квадробика бойынша жарыс түрлері де пайда болған. Сондай-ақ квадробикамен көбінесе жасөспірімдер әуестенеді.

Қаншалықты қауіпті?

Психолог Айжан Дербісәлиева квадробика балалардың денсаулығына әртүрлі әсер ететінін түсіндірді.

Бір балалар квадробикамен жәй ғана қызығушылығы пайда болып, желіде көрген соң айналысуы мүмкін. Ал енді бірі еліктеушілікпен артынан кетіп, оны қалыпты деп қабылдап, күнделікті дағдыға айналдыруы мүмкін. Дегенмен оның салдарынан балалардың денсаулығына кері әсері тиюі мүмкін. Сонымен қатар балалар бұл әрекетті ата-ананың немесе қоғамның назарын өзіне аударуы үшін де жасауы мүмкін. Сондықтан одан сақтау үшін баламен тығыз қарым-қатынас жасап, көп сөйлесіп, құшақтап, сырласу қажет, - дейді маман.

Психолог бұл физикалық белсенділікті спорт түріне жатқызуға болмайтынын айтты.

Өз басым квадробикадан ешқандай спорттың нышандарын көрмедім. Жануарлардың әрекетін қайталауды спортқа жатқызбас едім. Әлеуметтік желіге қарасақ, осыдан бірнеше айлар бұрын бұл тренд Жапонияда, Америкада, Ресейде, Еуропада және Орталық Азия елдерінде тараған. Ал бүгінде Қазақстанға келіп жатыр. Әр бала ақпаратты әртүрлі қабылдайды. Сондықтан ата-аналар балаларына бұның біз үшін ерсі екенін баланың ерекшеліктері арқылы құндылықтарын көтеріп, түсіндіруіміз керек. Біз оған жаппай тыйым салғанымызбен, ол әлеу желіде тарап жатыр, - дейді балалар психологы.

Осыдан бірнеше күн бұрын мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев та балалардың арасында кеңінен тараған бұл трендке қатысты ойын білдірді.

Квадробика – дерт. Қоғамның ауруы. Қазірден бастап алдын алмасақ, ертеңгі ұрпақтың тамырына балта шабуымыз әбден мүмкін. Себебі, жасөспірімдер жануарлар секілді төрт аяқтап жүреді, секіреді, тамағын жейді, тіпті адамдарды тістеп алуы да ғажап емес. Мұндай жағдайлар әлемде бірнеше елде тіркелді. Сондықтан сақ болайық. Мүмкін, квадроберлерге қатысты заң шығаруымыз керек шығар. Егер мұның алдын алмасақ, ертеңгі күні опық жейтін боламыз. Сонымен қоса квадроберлердің әрекетін құзырлы органдар тексеріске алу керек. Ал ата-аналар балаларыңызбен міндетті түрде сөйлесіңіздер, дос болыңыздар, көңіл бөліңіздер. Себебі, мұның артын үлкен күш тұруы мүмкін. Балалардың жануарға айналуы ақылға қонымсыз нәрсе. Бірақ бұл біздің қоғамда болып жатыр, - деп ескерту жасады мәжілісмен.

Миражан Махан
Бөлісу: