Күзгі шақыру: Қазақстан әскеріне 20 000-нан аса азамат шақырылады

8 Қазан, 21:33 431

Қазақстан әскеріне 20 000-нан аса азамат шақырылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен мерзімді әскери қызметке шақырудың күзгі науқаны тақырыбындағы брифингте айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.   

Брифинг барысында әскери қызметтің тартымдылығы және одан жалтару жауапкершілігі төңірегіндегі мәселелер талқыланды.

ҚР Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары полковник Фархат Айдарбаев қазіргі әскерге шақырудың ерекшелігі шақыру науқанының ашықтығы және жастардың мерзімді әскери қызметке деген саналы қадамы деп атап өтті.

Осы күзде ел Қарулы күштеріне – 10000-ға жуық, Ұлттық ұланға – 6 мыңнан аса адам шақырылады, ҰҚК Шекара қызметіне - 3,5 мыңға жуық әскерге шақырылушы, Төтенше жағдайлар министрлігіне – 300-ден астам және Мемлекеттік күзет қызметіне 250-ден аса адам іріктелмек, – деді Фархат Айдарбаев.

Спикер сарбаздардың әскердегі қызметтік әрекеті қоғамның бақылауында екеніне тоқталды. Сарбаздар аналары комитетінің өкілдеріне кез келген уақытта Қарулы күштердің, басқа әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөлімдеріне баруға рұқсат етіледі. «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі жұмыс істейді. Бұл сарбаздарға туған-туыстарымен бейне байланыс арқылы хабарласуға мүмкіндік береді.

Қорғаныс ведомствосының өкілі оған қоса мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге қатысты қолданылатын преференцияларға да тоқталып өтті.

Белгіленген уақытта әскери борышын өтеген, жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлықта жоғары нәтижелер көрсеткен жастарға гранттар бөлу және жоғары оқу орындарынан жатақхана беру нормалары заң жүзінде бекітілген.
Жоғары оқу орындары бойынша сарбаздардың рейтингін анықтау және бөлу «Срочники 2.0» цифрлық платформасында автоматты түрде іске асырылады. Жоғары оқу орнына түсуге дайындалу үшін әскери қызметшілерге электрондық кітапхананы пайдалануға мүмкіндік жасалған.

Министрліктің мәліметінше, қаржы ұйымдары алдында қарызы бар сарбаздарға 14 ай мерзімге кредиттік демалыс беру – әскери қызметке ынталандырудың тағы бір фактісі.

Брифинг соңында полковник Фархат Айдарбаев әскерден жалтару соңы айыппұлдар мен әкімшілік жазаларға әкеп соқтыратынын, ал үшінші тұлғалар арқылы мерзімді әскери қызметті кейінге қалдыру немесе босату әрекеттері заңсыз екенін еске салды.

Әскерге шақыруды кейінге қалдыру және одан босату мемлекеттік қызмет түрі болғандықтан, ол қызмет азаматтарға «Электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетіледі. Бұл қызметтерді көрсетуге жергілікті атқарушы органдар жауапты, – деп сөзін түйіндеді Фархат Айдарбаев.

Зарина Арман
Бөлісу: