«Күйеуімнің диагнозы әсер етті». Кәсіпкер жетістігінің құпиясымен бөлісті

19 Қаңтар, 10:16 5776

Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Бекболат ауылында тұратын Жарқын Байділдәқызын көпшілік кәсіпкер ретінде таниды. 10 жылдан аса дұрыс тамақтану жолын зерттеп, салауатты өмір салтын ұстанудың жолын айтып жүр. Күйеуінің ауруынан айығуына септігі тиген кәсіпкермен El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі әңгімелесті.

Бүгінде кәсіпкер аталмыш ауылда отбасымен тұрады. Мал шаруашылығымен, соның ішінде сүт өнімдерін сатумен айналысады. Қаладан ауылға қоныс аударуының өзіндік себептерін айтып берді. 

Балаларым ауырды, жолдасым өлім аузынан қалды. Жүректен инфаркт алды. Диабетпен ауырып, өмір бойы дәрі ішумен өтесің деген мамандардың айтқанынан бері бес жыл уақыт өтті. Қазір шүкір, бір дана дәріні де аузына салмайды. Жолдасымның сол кездегі жағдайын сөзбен айтып жеткізу қиын. Орнынан өз күшімен тұра алмады, даусы шықпай, құлағы да естімей қалды, – дейді Жарқын Байділдәқызы.

Мұның бәрі дұрыс тамақтанбаудан және дұрыс күтінбеуден екенін білген ол осы жолды зерттей бастайды.

Бүкіл ауданды шарлап, сары таза май таба алмадым

Жолдасының дертіне байланысты салауатты өмір салтын сақтаудың бір жолы дұрыс тамақтану екенін түсініп, тамақ өнімдерін зерттегенін айтады. Тамақты дұрыс дайындау, ішіп-жеу, уақытында ұйықтау сияқты қағидаттарды пайдалана отырып, бір жағынан күйеуіне эксперимент жасайды.

Алғашқы үш жылда алты ай бойы ауруханаға жатып, ем алып отырдық. Одан имунитеті қалыпке келген соң ем алуды қойдық. Кәсіпке келуіміздің себебі – дұрыс тамақ ішу. Өздеріңіз білетіндей, тамақ қазіргі таңдағы басты мәселенің бірі. Бұл көп айтылмайды және көтерілмейді. Супермаркет немесе дүкендерде тұрған тағамдардың 99 пайызы – адам жеуге болмайтын өнімдер. Оның алдын алу үшін біз қаладан көшіп, ауылға келіп мал ұстадық. Жолдасым жүрек ауруымен емханадан операциядан шыққан кезде бір дәрігер оған шемішке майын жеуге болмайтынын айтты. Оның орнына таза сары майды қолданыңыздар деді. Сондықтан да осы кәсіпке келуді шештік, – дейді кәсіпкер.


Жеке мұрағат

Кәсіпкердің айтуынша, жолдасының диагнозы осы кәсіпке келуіне себеп болған. Бүкіл Қарасай ауданын шарлап, сары таза май таба алмаған ол күйеуін өлім аузынан алып қалып, бар күш-жігерін салғанын айтады.

Оның да жазылуға деген талпынысы болды. Ол кісіге бес келі артық зат көтеруге болмайды деп диагноз қойып берген дәрігерлердің шектеулері көп болды. Өмір бойы диабеттің дәрісін ішіп, қанның құрамындағы қантты түсіріп, нормада ұстау керегі айтылды. Жүрекке күш түсірмеу керек екенін медицина мамандары айтты, – деді Жарқын Байділдәқызы.

Қазіргі таңда халықтың тең жартысы дүкендердегі тамақты пайдаланады. Ал олар салауатты өмір салтын толық ұстамақ түгілі ағзаға зияны көп өнімдерді пайдаланады деп отыр.

Мәселен, сөрелердегі макарон өнімдерін кез келген қазақ күнделікті тұтынады. Осылардың ішіндегі кейбір өнімдерді диетолог мамандар тұтынуға болады деп ұсынуы мүмкін. Бірақ олардың айтқан кейбір кеңестерімен келісе алмаймын. Бүгінде барлық адам салауатты өмір салтын ұстанбайды. Қазақстан жүрек-қан тамырлары ауруы бойынша алдыңғы қатарда тұр. Қант диабетімен жаңадан туылған балалар да ауырады. Неліктен? Өйткені оның ата-анасы бұған дейін дұрыс тамақтанбаған. Бұрын бұл аурумен 50-60 жастан асқандар ауыратын болса, қазір 20 жастағы жас жігіттер шалдығады. Бұл дұрыс тамақтанбаудан және артық салмақтың бары да әсер етеді. Артық салмақтың өзі ішкен-жегенімізден болып отыр, – дейді кәсіпкер.

Екі литр су ішкелі бері өмірім автоматты түрде өзгерді

Салауатты өмір салтын сақтаудың тағы бір жолы – көп су ішу. Кәсіпкер «2 л су ішкелі бері өмірім автоматты түрде өзгерді» деп айтып жүр. Осыған орай суды қалай дұрыс ішуге болатынын және пайдасы қандай екенін сұрадық.


Жеке мұрағат

Дәрігерлер ағзамыздың 65-70 пайызы судан тұрады. Сондықтан су ішуіміз керек деп айтады. Адам күнде тамақ ішеді. Ал сол ішкен өнімді күнделікті шығарып отыруымыз керек. Қазір өздеріңізге мәлім, іш қату мәселесі белең алып тұр. Көп адам осымен қиналады. Медицинада аптасына екі-үш рет барса мұны норма деп есептейді. Бірақ табиғат заңына сүйенетін болсақ, адам күніне неше рет тамақ ішсе, соншалықты дәретке отыру қажет. Шықпаған нәрсе шлакка, токсинге, іш қатуға айналады. Ал ішті тазалайтын бұл шай, компот, сусындар емес, таза су. Суды көп ішуіміз керек. Адам түнде ұйықтаған кезде ағзасында табиғи тазалану процессі жүреді. Егер су өз дәрежесінде ішілмеген жағдайда, ағза суды сүйектен алады. Содан кейін адам буын ауруларына шалдығады, – дейді кейіпкер.

Тамақпен шай ішу зиян

Кәсіпкер Жарқын Байділдәқызы тамақпен шай ішу зиян екенін көзіқарақты оқырмандарына әлеуметтік желіде жиі айтып жүр. Ал екінің бірі қазір шай ішпесе, тұра алмайды.

Иә, тамақпен шай ішу зиян. Тек қана шай ішу емес, ең пайдалы судың өзін тамақпен бірге ішсеңіз, адам асқазанындағы тұз қышқылы сұйықтықты құйып жібергенде, өз дәрежесінде бөлінбейді. Сондықтан ол пайдалы тамаққа емес, басқа бір зиянды нәрсеге айналып кетеді. Бізге қазір келіп жатқан шайдың құрамының өзі таза емес. Бояулары көп. Кесеңіздің ішінде қандай ыс қалады, тура сіздің асқанаңызда сондай ыс қалады. Бұл бізге қажет пе? Түк керек емес. Сол себепті, мен шайдан бас тартқаныма біраз жыл болды. Мүлде шай ішпеймін. Ішетін болсам, тек қана шөп шай ішемін. Оны да бөлек ішу керек. Бәрін ішіп-жеуіміз керек. Бірақ оны қай кезде және қалай қолдану керегін білу қажет, – дейді ол.

Жемісті тамақпен бірге жеме

Жемісті тамақпен бірге жейтін болсаңыз, ауру болдым деп есептей берсеңіз болады. Жемістің құрамында көмірсулар бар. Олар тез қорытылады. Ұзақ қорытылатын тамақпен бірге жеген кезде көмірсулар өзімен бірге тамақ құрамындағы пайдалы тағамдарды ала кетеді. Осылай деп айтқан кәсіпкерден анық-қанығын сұрадық.

Бұл жаңағыдай асқазан қышқылына әсер етеді. Біздің ішіп-жейтін тағамыз белок, көмірсу, витаминдерге бөлінеді. Соның ішінде ұзақ қорытылатын – белок. Ет, нан сияқты белоктан тұратын тағамдардың қорытылуына ұзақ уақыт қажет болады. Жеміс-жидек, көкөністер көмірсудан тұрады. Сол себепті етпен қосып алманы жейтін болсаңыз, жемістің құрамындағы көмірсулар мен белоктарды өзімен тез қорытуға алып кетіп, зиянын тигізеді. Салдарынан бұл тамақтар қажет емес қоймалжыңға айналады», – деді Жарқын Байділдәқызы.

Жасым 50-де, салмағым 47 келі

Бүгінде оның  жасы 50-де болса да, салауатты өмір салтын ұстанудың және дұрыс тамақтанудың арқасында салмағы тұрақты екенін көруге болады.Кәсіпкердің айтуынша «Артық салмақтан арылу сіздің ас үйіңізден басталады. Қандай да бір қатаң диетаға отырудың қажеті жоқ. Тек қана тамақтанудағы балансты ұстай алсаңыз болғаны» екен.

Артық салмақтан арылудың жолын білемін. Ал толып кету немесе аяқастынан азып кетсе, ол адамның дені сау емес деген сөз. Дені сау адам бірқалыпты салмақта болу керек. Мәселен менің бойым 1,55 см болса, салмағым 47 келі. Дәрігерлер бізге бойың 1,60 см болса, салмағың 60 келі болу керек дегенді айтады. Ал әйел адамдардың бойы салмағынан 10 келіге дейін төмен болу қажет деп ойлаймын. Сондықтан көздеген салмағым қазір 45 келіге жету. Ұзақ өмір сүргің келсе, салмағың аз болуы тиіс. Ал адам өзінен-өзі салмақ тастауға тиіс емес. Егер ол бұрын қалыпты болып жүріп, аяқастынан салмақ тастап кетсе, денсаулығында бір кінәрат бар деген сөз, – деді кәсіпкер.

Бүгінде Жарқын Байділдәқызы қаладан ауылға көшкеніне еш өкінбейді. Мал шаруашылығымен айналысып, сүт өнімдерінен кәсіп бастағанның арқасында нәсібін көріп отыр. Ауылға қоныс аударғанына алты жылдан астам уақыт өткен. Сиырдың сүтінен  таза өнімдер жасап, ішіп-жеп отыр. Халыққа мұндай өнімдердің құндылығы түсіндірілмегенін айтады.


Жеке мұрағат

Олар қолдан істеген тағамды жеуге қорқады. Ал дүкендердегі өнімдерді қауіпсіз деп есептейді. Бірақ оның қауіптілігі жүз есе деп айтуға болады. Әртүрлі химикатқа толы. Ал табиғи өнімдер кез келген адамның ағзасында жақсы қорытылады. Дұрыс тамақтануды кейбір нутрицолг, диетолг мамандар ет, нан жеме деген сияқты қатаң бір ұстанымға отырғызып қояды. Бірақ ағза өзімізден де ақылды. Қажетті нәрсесін өзі біледі. Ағзаға бәрі қажет. Бұл жерде тек сырттан бейберекет тамақты асқазаннан өткізе беруге болмайды, – деді ол.  

Осылайша, кейіпкеріміз өз басына тиген таяқтан соң, дұрыс тамақтанудың жолын жеке зерттеп, қандай өнімдерді қолдану керегін айтып жүргеніне 10 жылдан асты.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: