Күйдің қадірі қашты – Рүстем Нұркенов

7 Қараша 2022, 17:23 3483

Қазақтың ұлы ақыны Абай «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй», деп жырға қосып, киелі өнердің маңызын түсіндіріп, бізге аманат етті.

Ұлт руханиятының сипаты қазақтың күй өнерінде. Кешегі дәулескер күйші Құрманғазы, Дәулеткерей, Байжігіт, Тәттімбет, Қазанғап, Сүгір сияқты абыздардың асыл өнері мен бүгінгі ұрпақ қаншалықты сусындап жүр? Бұл сұраққа күй өнерін зерттеуші және Күйшілер одағының құрылтайшысы Рүстем Нұркенов жауап берді.

– Күй – ұлттың өткені мен бүгінін бедерлейтін қасиетті өнер. Бүгінгі таңда күйдің қадірі қашқан жоқ па, қай деңгейде?

– Күй – қазақтың музыкалық құжаты. Яғни, күй тұнып тұрған қазақтың тарихы. Әр заманның тағылымынан тәлім беретін сырсандық.

Бүгінгі таңда күйдің қадірі қашты деуге толық негіз бар. Өйткені, нағыз күйді орындайтын орындаушы мен оны тыңдайтын және білетіндер аз. Мысалы, 19 миллион қазақтың 20 мыңы білсе жақсы, тіпті, бұл санға да жетпейді-міс. Осыған ішім ашиды.

Күйді домбырадағы музыкалық шығарма ретінде алсақ, кез келген әнді шетелдік әуенге келтіріп орындауға болады. Сол себепті, күй өкінішке орай жай шығарма сияқты болып қалды. Негізгі формасы мен мазмұны, мән-мағынасы жоғалып барады. Бұл әсіресе, орындаушыға байланысты. Күйдің қадірі қашқанын бірен-саран адам білуі мүмкін. Оны зерттеп, басы-қасында насихаттап жүрген адам түсінеді.

Күй – қазақ ұлтының бренді. Күйді әлемге таныту арқылы қазақтың болмыс-бітімін көрсетуге болады. Әлемдік деңгейде насихаттауға бізге не жетіспей жатыр?  

Әлемдік деңгейде насихаттауды аса құптамаймын. Айдаладағы ағылшын мен жапонға күйді әспеттегенше, өзіміздің жергілікті қазаққа күйдің қадір-қасиетін түсіндірейік. Қарапайым тәжірибе ретінде кез келген күйді сыртқа шығып тартып көрсең, оның қандай туынды екенін әрі кетсе, бір-екеуі ғана біледі. Сол себепті, бірінші күйді дамытуды өзімізден бастайық. Ал күйдің қадірі кеткесін, оны шетелге танытып қажет емес деп ойлаймын.

Қарапайым мысал ретінде Жапонияның дзюдосын алайық. Дзюдо жапондықтың бүкіл әлемге кеңінен таралған ұлттық спорты. Сол сияқты әр елдің өзінің бір қалыптасқан өнері бар. Біз негізгі күшті ішкі мәдениетіміздің дамуына жұмсайық. Ұлттық өнеріміздің киесін түсінуді өзімізден бастасақ, шетелдіктер өздері-ақ қызығатын болады.

– Қазақтың күйшілік өнерінде мектептері қалыптасқан. Сіз қай өңірдің мектебін жоғары бағалайсыз?

Мен шертпе күйдің негізін салушылар Байжігіт пен Тәттімбет мектебін жаныма жақын санаймын. Маңғыстау, Жетісу мектебі болсын бәрін бірдей көремін. Әр күйшінің күйді орындауында өзіндік ерекшелік бар. Бір күйі озық, енді бірі философияға жақын болғасын түсіну оңайға соқпайды. Яғни, әр күйдің қазақ тарихында алатын орны ерекше.

Қазір көбісінде жергілікті халық өзінің күй мектебін өзгеден артық санайды. Бұл дұрыс емес. Қазақтың өзінің ішінде жікке бөлінушілік кездесіп жатады. Сол сияқты күйшілік мектепті бөліп-жару өте қате.

Әр ғасырдың күйінің өзіндік стилі бар. Сол арқылы күйшілік мектеп қалыптасты. Мына күйші немесе күйшілік мектеп жаныма жақын деп қана айту керек. Ал күйдің артық-кем тұсы болмайды. Оны зерттей келе, кемшілік табуға болады. Бірі жақсы зерттелсе, өзгесі өз деңгейінде насихатталмай қалуда. Күйшілік мекептің бәрі өзіме өте бағалы. Әсіресе, ата күйшілерді өте қатты құрметтеймін.  

– Әр күйдің өз тарихы бар. Қазіргі таңда ұмытылып кеткен бір-екі күйдің тарихын айтып берсеңіз..  

Telegram каналында «Күй аңызы» деп аталатын қосымша аштым. Сонда бүкіл күйдің тарихы бар. Оны оқыған әрбір адам күйдің тарихын жете түсінетіні сөзсіз. Күйді аудио және видеомен тыңдағанда зейін ашылады. XIX-XX ғасырдағы небір күйдің тарихы белгісіз. Ұмыт болған күйдің ішінде Байжігіт күйшінің күйі де бар. Ол Шығыс күйшілік дәстүріндегі ең ірі тұлғасы – қазақ күй өнерінің, оның ішінде шертпе күй саласының дамып, көркеюіне көп үлес қосқан өнер иесі. 

Оның рулас ағайыны Тарбағатайдың сыртын, бір жағы Шыңғыстың бауырын жайлаған. Бұл кезде Байжігіт Бердәулетұлы Жәнібек Шақшақұлы батырды сағалаған деседі. Күйшінің өмірі негізінен қазіргі Шұбартау ауданының шегіндегі Бақанас, Балқыбек, Көксала өзендерінің бойында өткен.


Шығыс Қазақстан күйшілік, домбырашылық дәстүрінің, жалпы қазақ күй өнерінің шертпе күй саласының дамуына, көркеюіне көп үлес қосты. Осы күйшінің «Ерке атан» деген күйі бар. Ертеде, Шақшақұлы Жәнібек батырдың мұрагері судың жағасында ботамен ойнап жүреді. Кенеттен, бота суға құлап, оны құтқармақ болған бала өзі де бірге ағып кетеді. Бұл хабарды батырға жеткізген Байжігіт күйші.

Бүгінде «Ерке атаның» I және II тарауы орындалып жүр. Бірінші тарауында бала мен ботаның ойнап жүргендегі бейнесі сипатталса, екінші тарауында баланы естіртеді.

– Күйді нотаға түсіру қаншалықты қиын? Осы уақытқа дейін қанша күйді нотаға түсірдіңіз?

Күйді нотаға түсіру өте қиын. Қиын дейтінім, білім жағынан емес. Бір күйді жобалап нотаға түсіруге болады. Ал күйді мүлде тыңдамаған адамға нотасын берсеңіз, нота білетін адам оны өзі-ақ үйреніп алады. Орындаушы оны басқаша тартады. Суретші сурет салғанда оның образын толық аша алатындай болу керек. Сол сияқты күйді нотаға түсіріп, оны орындаған адам тарихын, аудиосын, видеосын көрмесе, оны толық аша алмайды. Сол себепті, күйдің сипаты, қай жерде қалай ойнау қажетті иірімдерін нотаға түсіру өте қиын. Осыған дейін 100-ден астам күйді нотаға түсірдім.

– Күйді домбырадан басқа қандай аспап түрімен ойнауға болады?

Күйді кез келген аспапта орындауға болады. Бірақ ол аспапта орындаған күй бола ма болмай ма деген сұрақ туындайды. Сіз қобыздың күйін домбыраға салсаңыз біртүрлі болуы мүмкін. Осы тақылеттес тәжірибе жасап көргендер бар. Қобыздың өзіндік беретін ерекшелігі болады. Егер оны әдемі жеткізе алса, домбыра күйінің нотасын фортепионада да, басқа да аспаптарда ойнауға болады.

– Авторлық күйлеріңіз бар ма?

Кезінде осы күнге дейін біраз күй шығардым. Салыстырмалы түрде қарайтын болсам, өзге композитордың туындысымен салыстырғанда өзімді керемет санамаймын. Қаңтар оқиғасына байланысты қасіретті қаңтарға арналған бір туындым шықты.  

 

P.S. «Күйден басқаның бәрі де бекер, бәрі пәс. Күй ғана алдамайды. Күй ғана ішіндегі сырын күлбілтелемей, риясыз ашық атқарады» деп танымал тұлға Таласбек Әсемқұлов жырлағандай, халық мұрасын жете түсініп, насихаттаудан, өскелең ұрпаққа түсіндіруден жалықпайық!

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: