Құс боп ұшқан Бекет

1 Маусым 2017, 09:37 30933

Пір туралы ел арасындағы аңыздар

Бекет әулие – ел қорғаған ерлігімен, халықтың көзін ашқан ұстаздығымен,  алдына дауа іздеп келгендерге дұғасын оқып, емдеп жазар қасиетімен, болашақты болжайтын әулиелігімен аты аңызға айналған көреген абыз, көріпкел пір.

Халық арасында Бекеттің үш рет ұшқаны туралы аңыз-әңгімелер бар. Пірдің алғашқы ұшуын өзінің ұстазы Бақырғанидің өмірден өтуімен байланыстырады. Ол шәкірттеріне «Менің жаназамды Маңғыстаудан Бекет келгенше кідірте тұрыңдар!» деп аманттап кетіпті. Жиылған қауым «Алыстан ат терлетіп, Бекет жетем дегенше неше уақыт өтеді екен, күтеміз бе әлде жоқ па?» деп дабырласып тұрғанда, бір адам батыс жақтан алып қарақұстың ұшып келе жатқанын асыға жеткізеді. Үй ішіндегілер жаппай сыртқа шығып қараса, жаяулатып Бекет келе жатыр екен. Ол ұстазының жаназасы қашан, қай жерде өтетіні жайлы аян көреді. Бұл Бекеттің алғашқы ұшуы.

Екінші ұшуы жайында мынандай әңгіме бар. Ол тұлпарына мініп, Әлім ауылдарының біріне келеді. Ел ағасының үйіне тоқтаған болса керек, бір жиынның үстіне түседі. Олар бас сала, Бекеттен кім екенін сұрай жөнеледі. Адай екенін айтқан оған, өздерінің қайтара алмай жүрген кегін алып, өлтірмекке бекінеді.

Далаға шыққан Бекет ел ағасына «ақыры өлтіретін болсаңдар, мен соңғы рәкәт намазды оқып алсам екен, одан соң өз еркілерің» деп өтініш айтады. Келісімдерін алған соң Бекет бір төбенің басына шығып, намазын оқуға рұқсат алады. Ал қашып кетпес үшін Әлім ауылының адамдары сол төбені қоршап тұрамыз дейді. Бекет намаз оқуға кіріскен соң, біршама уақыт өтер-өтпес қоршап тұрған адамдардың басы айналып, жерге жаппай отыра кетеді. Естерін жиып қараса, Бекет ұшты-күйлі жоқ. Барлығы аң-таң. Байланған аты алаңсыз тұр.  Әлімдер ашуланып, намаз оқуға рұқсатын берген ел ағасына жабыла ұрыса кетеді. «Бекеттің аты тұр, ол жаяу алысқа кете қоймас, айналаны түгелдей қарап шығайық» – деп, ол кісі жиылғандарға жақын маңайды шолып шығуға кеңес береді.

Ақыры жан-жақты түгел шолған ауыл адамдары жан адам баласын таба алмай әуреге түседі. Содан алыс емес қой жайып жүрген шопаннан жөн сұрайды. Ол ешқандай адамды көрмегенін айта келе, «сендер айтқан уақытта аласапыран құйын көргенім бар, ол құйын ауылға барса, түгелдей қиратып кетердей күші бар-тын. Бірақ, құйын ауылға жақындай бере өзiнен-өзi жоғалып кетті. Жоғарғы жағынан бiр үлкен алақанат қу ұшып шығып, тура түстiкке қарай бағыттап ұшып кеттi, көзім алдамаса сол алақанат қу құйыннан бөлініп шықты» – дейді шопан.

Бұл әңгімеге мән бермеген әлімдіктер тағы да Бекетті іздеп айналаны қарап шығады. Ештеңе таппаған соң, байлаулы атын көрмекке келеді. Аттың қазығын қараса, алтын екен, ал қоржынында қымбат матадан тігілген бірнеше шапан бар. Сонда бір ақсақал тұрып, «Адаймын дейді, бұл адайдың пірі Бекет болды ғой. Жөн сұраспағанымыз-ай. Бұл атты ол әдейі тастап кетіп отыр. Өлген адамдарымыздың құнын осылай төлемекші. Енді Адайларға өштесудің себебін көріп тұрғаным жоқ» – деп, арадағы алауыздықты ұмытып, бірлікке шақырады.

Ал Бекеттің үшінші ұшуы Адайлар мен Табындар арасындағы бәсекемен тікелей байланысты. Табындар арасында Асау деген кісі ұша алатын қасиетке ие болса керек, араларынан біреуі шығып, «бiздiң Асаумен бәстесiп ұшатын адам бар ма?» – деп масаттана сұрайды.  Жиынға Адай атынан келген Бекет ел намысы үшiн ұшуға келiсiмiн берiптi. Содан әлгі Асау тепсініп қалып, көкке көтеріліп, ауыл төңірегін бір айналып жерге түседі. Ал Бекет болса, отырған қауымнан шеткері шығып, жеті қадам жасап, көкке алақанат қу болып көтеріліп кетеді. Ол Асаудан да биігірек, көлемдірек ұшады. Төменде отырған адамдар оның артынан ерген 7 аққудың балапанын көріп таңғалысып қалыпты, содан ел ішінде «Бе­кеттiң қасиетi 7 ұрпағына жетедi екен» – деген аңыз тарайды.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: