Күрестен Париж Олимпиадасының іріктеуі өтетін қалалар анықталды

30 Маусым 2023, 15:35 914

Халықаралық күрес федерациясы (UWW) 2024 жылы Парижде өтетін жазғы олимпиада ойындарының жолдамасы сарапқа салынатын жерлерді атады. Франция астанасындағы 4 жылдықтың басты бәсекесіне іріктеу 3 кезеңге созылады. Бұл туралы МСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алғашқысы – Сербия астанасы Белградтағы әлем чемпионаты (16-24 қыркүйек). Күзде Олимпиада бағдарламасына кіретін әр салмақта алғашқы 5 лицензия иесі белгілі болмақ. Мұнда қола медаль жолында жеңілген екі палуан өзара күресіп, 5-жолдаманы сарапқа салады. Барлығы 90 жолдама.

Қалған 2 кезең 2024 жылға жоспарланған. Сары құрлық спортшылары Бішкектегі іріктеу турнирінде 19-21 сәуір аралығында сынға түседі. Мұнда әр салмақта финалға шыққан 2 балуан жазда Парижге баруға қамдана алады. Айта кетейік, 2024 жылғы Азия чемпионаты дәл осы Қырғызстанның бас қаласында іріктеу турнирінен кейін көп ұзамай өтеді.
Панамерика чемпионаты мен осы құрлықтағы іріктеу додасын Акапулько (Мексика) қабылдайды.

Африка мен Тынық мұхиты аймағының елдері Каирде (Мысыр), Еуропаның бозкілем шеберлері Бакуде (Әзірбайжан) жиналады. Әр құрлықтағы турнирде 36-квотадан. Барлығы 144.

Ал 9-12 мамыр аралығында Түркияның Ыстамбұл қаласында өтетін шешуші (World Olympic Qualifier) кезеңде әлем балуандары әр салмақта қалған 3 жолдама үшін таласады. Осы тұста қола жүлде алған екі спортшы тағы өзара күш сынасып, соңғы лицензияның иегерін анықтауы керек.

Осылайша, қалған 54 жолы болғыш палуанның есімін білеміз.

Айта кетейік, Олимпиаданың жолдамасы жекелеген спортшыға емес, UWW-ға мүше Ұлттық федерацияларға беріледі. Париж төрінде тура Токиодағыдай әр салмақта таңдаулы 16 пауланнан жүлдеге таласады.

Барлығы Олимпиада бағдарламасына 18 салмақ кіреді. Олар:

Грек-рим күресі: 60, 67, 77, 87, 97 кг дейін және 130 кг жоғары.
Еркін күрес: 57, 65, 74, 86, 97 және 125 кг.
Әйелдер күресі: 50, 53, 57, 62, 68, 76 кг.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: