Біріккен күрес әлемі (UWW) 2024 жылы Жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілмеген салмақ дәрежелері бойынша әлем чемпионатын өткізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Дүбірлі дода 28-31 қазан аралығында Албания астанасы Тирана қаласында өтеді деп жоспарланып отыр. Жарыс сол елде 21-27 қазан аралығында өтетін 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатынан кейін басталады.
Жазғы Олимпиада ойындары бағдарламасына еркін күрестен 61, 70, 79 және 92, әйелдер күресінен 55, 59, 65 және 72 келі салмақ дәрежесі енгізілмеген. Сондай-ақ, Олимпиадада грек-рим күресінен 55, 63, 72 және 82 келі салмақ дәрежесіндегі балуандар жарысқа қатыса алмайды.
Мұндай әлем чемпионаты ең алғаш рет 2016 жылы өткен болатын. Будапеште өткен сында еркін күрестен отандасымыз Нұрлан Бекжанов 70 келіде күміспен күптелсе, әйелдер арасында Айым Әбділдина 55 келіде қола медальға қол жеткізді.