Күрес: Әлішер Ерғали мен Юсуп Батырмурзаев Олимпиада лицензиясын алды

20 Сәуір, 06:30 884

Қырғызстан астанасы Бішкекте өтіп жатқан Олимпиада жолдамасы берілетін Азия құрлығының турнирінде еліміздің еркін күрес шеберлері екі лицензияға ие болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, Әлішер Ерғали (97 кг салмақта) жартылай финалда қытайлық спортшы Абусайман Хабиладан айласын асырып кетті. Есеп: 3-2. Күндізгі сессияда ел чемпионы жарыс қожайыны Андрей Ароновты айқын басымдықпен ұтқан.

Аса ауыр салмақтағы (125 кг) Юсуп Батырмурзаев Бахрейн өкілі Шамиль Магомедовты тізе бүктіріп, екінші рет олимпия ойындарына баруға мүмкіндік алды. Ширек финалда Юсуп қырғызстандық Ааял Лазаревті таза жыққан.

Осы кеште жолдамаға таласқан Нұрқожа Қайпановтың (74 кг) жолы болмады. Ол шешуші белдесуде ирандық палуанға қауқар таныта алмады.

Осымен еркін күрестен ұлттық құрама еншісінде 3 лицензия болды. Алғашқысын былтыр Белградтағы әлем чемпионатында Азамат Дәулетбеков (86 кг) иеленген. Қазір барлығы Қазақстанда Париж ойындарының 41 жолдамасы бар.

Енді ертең бозкілемге әйелдер шығады. Сосын турнирді грек-рим күресінің шеберлері аяқтайды.

Перизат Саденова
Бөлісу: