Күн сайын Қазақстан жолдарында бір бала көз жұмады – ІІМ

12 Маусым 2023, 12:19 966

Балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары ерекше алаңдатушылық тудырып отыр. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Ақтоты Боранова айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың сөзінше, еліміздің жолдарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 1046 жол-көлік оқиғасы тіркелген екен.

Онда 72 бала қаза тауып, 1152 бала түрлі дене жарақатын алды. Жалпы, күн сайын жолдарда 1 бала қаза тауып, 10-нан астам бүлдіршін жарақаттанады. Бұл ретте қайтыс болған балалардың 67 пайызы, яғни жартысынан астамы жолаушылар болып отыр. Қалғаны жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол апаттары, – дейді инспектор.

Көп жағдайда ересектер балаларды автокөлік арқылы тасымалдауда бірқатар ережені бұзады. Мәселен, көлікте бала ұстайтын құрылғының болмауы немесе бекітілмеген күйде тасымалдау салдарынан осындай оқиғалар көп болатын көрінеді.

Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі жолдардағы балалар өлімін азайту бойынша шаралар қабылдауда. Жол-көлік жарақатының алдын алуға бағытталған құқықтық-ағарту және насихаттау бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізіледі, – дейді Ақтоты Боранова.

Мәселен, балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу және олардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз мінез-құлыққа байланысты дағдыларын бекіту үшін биылғы жылдың 15-31 мамыр аралығында ІІМ республика аумағында еліміздің жолдарында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша «Абайлаңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізген.

Жаяу жүргіншілердің кінәсінен болған жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері жүріс бөлігінің белгіленбеген жерден өтуі және жақын келе жатқан көліктің алдынан өту болып табылады. Сондай-ақ жол апаттары жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу, ережені өрескел бұзу, жаяу жүргіншілермен соқтығысудан болады, – деді ол.

Жыл басынан бері 128 мыңға жуық жаяу жүргінші, 7 мыңнан астам мас жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 6 мыңнан астам адам басқару құқығынан айырылып, 8 мыңға жуық адам қамауға алынған.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: