«Күмәншілдік, ұмытшақтық...». Деменцияның алғашқы белгілері қандай

30 Қаңтар, 14:25 6138

Деменция кезінде бас миы зақымданады. Кейбір жандарда бірінші кезекте есте сақтау қабілеті зақымданса, басқаларда іс-қимылға жауап беретін функция зардап шегуі мүмкін. Үшінші жағдайда ойлау жылдамдығы бәсеңдейді, яғни кейбіреулер адамдармен тілдесуде кедергілерге тап болса, бірі кеңістікте бағдарын жоғалтады. Ауру үдеген сайын мидың көп бөлігі зақымданады.

Деменциядан әлем бойынша елу миллион адам зардап шегіп отыр. Жыл сайын бұл статистикаға он миллион адам қосылады. Деменцияның түрі көп: Альцгеймер ауруынан бастап, буын дертіне дейін барады. Бір өкініштісі, бұл – емделмейді. Алайда, оның дамуын тоқтатып, кейбір симптомдарын жоюға мүмкіндік бар. Бастысы – дәл уақытында байқау.

Деменцияның алғашқы белгілері қандай

1. Айтуға дәл сөзді табудың қиындығы

Бір нәрсеге қатысты «тілімнің ұшында тұр, қазір айтамын», – деп кез келген адам ойланып қалуы мүмкін. Бірақ, бұл күн сайын жиі қайталанып кетсе, деменцияның бір белгісі деп біліңіз.

2. Ұмытшақтықтың жиіленуі

Ара-тұра кілт пен телефоныңыздың қайда тұрғанын ұмытып қалу – қалыпты. Алайда, заттардан бөлек, таңертең ішкен асыңызды, кеше әріптесіңізбен сөйлесіп-сөйлеспегеніңізді ұмытып қалудың артында қауіп тұр. Бұл – когнитивті бұзылыстың алғашқы белгісі.

3. Мазасыздану, күмәнданғыштық

Ол кісілерде «жақсы жеңілдік» деген хабарламаны көрсе, «тауардың уақыты өткендіктен, алдап сатып жатыр» деген күмән болады. «Көршім тоқаш берді, ол мені уландырғысы келген болар» деп, көршісін кінәлайды. Осы секілді күмәндардың пайда болуы жақсылыққа әкелмейді.

4. Көңіл күйдің жиі түсуі, депрессия

Ми жасушасының зақымдануы көңіл күйді басқаратын және басқа да гормондарға әсер етеді. Яғни, деменциямен ауырған адамдардың көпшілігі депрессияны бастан өткереді.

5. Мінездің өзгеруі

Деменцияның симптомдарының бірі кейбір көңілді адамдар бірден «жабылуымен» немесе ұялшақ адамның «ашылуымен» сәйкестендіріледі. Мінез-құлықтағы, темпераменттегі, коммуникативтіліктегі өзгерістің бәрі қауіпті деп түсініңіз.

6. Уақыт пен кеңістікте бағдардың бұзылуы

Адам тіпті бүгін қай күн, қай жыл екенін есіне түсіре алмайды. Сол сияқты аялдамадан үйге жететін қысқа жолды да есінен шығаруы мүмкін. Жиі барып, шатаспай тауып жүрген кабинеттің есігі қай жерде екенін есіңізге түсіре алмасаңыз да алаңдауға себеп бар.

7. Хоббиге қызығушылықтың жоғалуы

Апатия болуы, бірнеше жылдан бері айналысып келе жатқан сүйікті ісіңізге бір мезетте қызығушылықтың жоғалуы – симптомның бір белгісі деп түсініңіз. Тіпті, ондай адамдар  ең жақын достарымен әңгімелесуден қашқақтайды.

8. Мақсатсыздық

Адам сөмкесін, әмиянын алып дүкенге кеткенімен, ештеңе сатып алмай келуі мүмкін. Үй ішінде мақсатсыз әрлі-берлі жүрудің де бір симптом екенін ескертеміз. Бір сұрақты жауабын алып қойса да қайта-қайта қоюдан да деменцияның белгісі байқалады.

9. Әңгіме логикасынан ауытқуы немесе көпсөздік

Мидағы бұзылыс адамның әңгімеге кірігіп кетуіне кедергі келтіреді. Ол айналадағы басқа жайттарға көңіл аудара береді. Мәселен, алма туралы айтылып жатса «ой, баяғыда атаның алмалары тәтті еді, оны басқа бір ағамыз отырғызған еді» деген сияқты естеліктерін айта бастайды. Көп жағдайда деменция белгілері білінген адам не айтқысы келіп жатқанын ұмытып қалуы да ғажап емес.

10. Заттарды жасыру, жинау, орнын ауыстыру

«Жоғалып» қалмас үшін көзілдірігін жасырып қойып, оны қиналып іздеп жүрген адамды көрдіңіз бе? Немесе жақыныңыздың бұзылған техникасын лақтыруға қимай, «керегі болар» деп сақтап жүргенін байқадыңыз ба? Деменцияның алғашқы сатысында бұл әрекеттер жиі қайталанып отырады.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: