23 Қараша 2015, 11:53
Қазақтың әдеттік құқық жүйесінде айыпкердің жасаған қылмысын көрген, дәлелді айғақтармен растаушы адам. Қалыптасқан дәстүрлі құқықтық қағида бойынша, айыпкердің істеген қылмысын дәлелдеуі үшін кемінде екі немесе одан да көп куәгер болуы қажет. Үлкен қылмыстық тексеру істерге әйелдер мен балалар және құлдар қатыса алмайды. Куәгер қаралып отырған іске қатысты айғақ береді. Айғақ сипатына қарай тура, жанама, туынды, көрген және естіген айғақ деген түрлерге бөлінеді.
Қылмыскердің жасаған қылмысы дәлелді болып шықса, куәгердің алатын сыйақысы да қомақты болған. Ал, керісінше айыпкердің кінәсі дәлелденбеген жағдайда, Куәгерден барлық шығындар қайтарылып алынды.
Қылмыстық і ске куәгерлер болмаған жағдайда жауапкершілікті адам өз мойнына алуына болады. Ол үшін ант беру рәсімі жасалуы шарт. Бұл шараға дауласушылар, сонымен қатар, бұрын ант беруде сенімсіздік танытқан адамдар қатыстырылмаған. Ант беруге әділдігімен елге танымал, адал, беделді, адамдарға ғана рұқсат берілген. Ант-су ішу рәсімінде қара қойдың қанын немесе дұға оқылған суды ішу, сондай-ақ Құранды басына көтеру жолымен куәгердің «ақ екендігін», айтылған уәждің растығын дәлелдеуге мүмкіндік алған (Ант-су ішу). Қажет болса дауды шешу кезінде куәгер төрелік ететін билер алдында қылмыскердің жасаған ісін дәлелдеп жан береді (қ. Жан беру).
Сол сияқты әдеттік құқықта күйеуі әйелінің өзіне адал болмағанын дәлелдеу үшін кем дегенде төрт К.-сі болуы керек және олар беретін жауаптар бір жерден шығуы тиіс. Ал егерде ол жалған айып болса, әйелді қорғау мақсатында оның да төрт куәсі болуы тиіс. Күйеуі шын айыптап тұрғанын дәлелдеу үшін, төрт қайтара ант беруі керек, ал бесіншісінде – жалған растау берген жағдайда өзін қарғыс атсын дейді. Мұны ол жасай алмаса, оған дүре соғылады және бұдан кейін қандай жағдайда оның айыптауын қабылдамау туралы кеңес беріледі (Құқық/Әдеттік құқық).
«Жеті Жарғының» А.И. Левшиннің жазып алған нұсқасында куәгерлер туралы мынадай бап бар: «Қылмысты дәлелдеу үшін екіден кем емес, ал кейде үштен кем емес куәгерлердің куәліктері қажет. Егер куәгерлер болмаса, ант беруге мүмкіндік беріледі. Бірақ антты талапкердің де, жауапкердің де өздері бере алмайды. Олардың орнына өзінің адалдығымен танымал болған адамдар ант береді. Егер ешбір жан айыпталушы үшін ант бермесе, ол жазаға кесіледі. Ант беруші ретінде әйелдер, құлдар, балалар куәлікке жүрмейді».
Әзірлеген: Досжан Мейірім