Криминалист: «Кез келген ұсақ-түйек қылмыстың ашылуына себеп болуы мүмкін»

Кеше, 10:13 310

Қылмыс болған орынға алғашқы болып жетіп, көзге көрінбейтін деректерді сөйлететін маман – криминалист. Ол үшін оқиға орны – дәлелдердің ошағы. Әрбір із, әрбір деталь қылмыстың қалай өрбігенін баяндап береді.

Бүгінгі кейіпкеріміз  - өз ісіне адал полиция қызметкері Іңкәр Қошқарова. Ол Түркістан облысы Ордабасы аудандық полиция бөлімінде аға криминалист болып еңбек етіп келеді, жеті баланың анасы. Полиция майорымен криминалистика саласының қыр-сыры, кәсіби тәжірибесі, отбасылық өмірі жайында сұхбаттасқан едік. 

El.kz: Алдымен өзіңіз туралы ақпарат бере кетіңізші... Ішкі істер саласына қалай келдіңіз?  Қызметте жүргеніңізге қанша уақыт болды?  

Іңкәр Қошқарова: Өзім Түркістан облысы, Арыс қаласының тумасымын. 35 жастамын және ең басты мақтанышым — жеті баланың анасымын. Қазіргі шенім – полиция майоры.

Ішкі істер саласы — мен үшін бала кезден армандаған, жүрегіме жақын мамандық болды. Отбасымда бұл салада қызмет етіп жүрген ешкім болмағанымен, мен өз қалауымды анық білдім. Мектеп қабырғасынан бастап құқық қорғау қызметіне ерекше қызығушылық танытып, осы салада еңбек етуді мақсат тұттым. Арманымның жетегінде жүріп, ешкімнің ықпалынсыз, өз бетімше құжаттарымды жинап, осы мамандыққа түсуге шешім қабылдадым. Ата-анам менің бұл таңдауымды толық қолдап, рухани демеу болды. Сөйтіп 2008-2012 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Ішкі істер министрлігінің академиясында білім алып, осы саладағы алғашқы қадамымды бастадым. Ішкі істер саласындағы ресми еңбек жолым 2012 жылдан бастау алады. Міне, сол уақыттан бері бұл қызметтің ыстығы мен суығына төзіп, биыл осы салада жүргеніме 13 жыл толып отыр.

El.kz: Ішкі істер саласын таңдауыңызға не себеп болды? Мүмкін формаға қызықтыңыз ба? Әлде бала кезден көрген фильмдер мен тәртіп сақшыларының бейнесі әсер етті ме?

Іңкәр Қошқарова: Шынымды айтсам, нақты бір ғана себеп болды деп айту қиын. Әрине, бала кезде формаға деген ерекше ықылас болды. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде бізге полиция қызметкерлері жиі келіп, түрлі кездесулер өткізетін. Сол кезде олардың формасы, жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы — бәрі менің бала жүрегіме ерекше әсер ететін. "Ертең мен де осындай форма киіп, елге қызмет етемін, мені де үлкендер мен балалар құрметтеп, үлгі тұтатын болады" деген ой жиі келетін.  Жаспыз ғой ол кезде, мүмкін фильмдерден көрген бейнелер де әсер еткен болар. Бірақ соның бәрі біртіндеп менің ішкі сеніміме, арманыма айналып, кейін нақты мақсатқа ұласты. Бүгінгі таңда сол бала арманыма жеткеніме шүкіршілік етемін.

(Фото: Іңкәр Қошқарованың жеке мұрағаты)

El.kz: Басты мақсатыңыз – криминалист болу ма еді, әлде бастысы ішкі істер саласында еңбек етсем болды деген ой болды ма?  

Іңкәр Қошқарова: Негізі мен көпбалалы отбасынан шыққанмын. Бауырларымның әрқайсысы әртүрлі мамандықты таңдады. Ал мен кішкентай күнімнен бері ата-анам «Кім болғың келеді?» деп сұраса, ойланбастан «милиция боламын!» деп жауап береді екенмін. Бәлкім, бала кезде ерке, тіпті сәл бұзықтау болған шығармын (күліп). Сол себепті тәртіпті, әділдікті орнататын мамандық маған жақын көрінген шығар. Әрине, ол кезде «криминалистика» деген ұғым біз үшін бейтаныс болатын. Академияға қабылданғаннан кейін бізді нақты салаларға бөлді. Содан бастап криминалистика саласына бет бұрып, бүгінде осы бағытта еңбек етіп келемін.  

El.kz: Ең алғашқы еңбек жолыңызды бірден криминалист ретінде бастадыңыз ба?

Іңкәр Қошқарова: Иә, еңбек жолым дәл осы криминалистика саласынан басталды. Оқуды бітіріп келген соң осы Ордабасы ауданындағы полиция бөліміне жұмысқа орналастым. Алғашқы қызмет орным – криминалист лауазымы болды. Бұл сала маған өте жақын екенін сол кезден-ақ сездім. Дегенмен 2015-2016 жылдары аралығында шамамен бір жылдай уақыт «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу» бөлімінде жұмыс істеп көрдім. Бұл бағыт та өте маңызды, жауапты сала. Бірақ менің жүрегім әрдайым криминалистикаға жақын болды. Сондықтан уақыт өте келе қайтадан өзіме таныс әрі сүйікті сала – криминалистикаға оралдым. Бұл салада әр күн – ізденіс, әр іс – әділеттің салтанат құруына қосқан үлесің сияқты сезіледі. Сол себепті қазір өз орнымдамын деп нық сеніммен айта аламын.

El.kz: Криминалистің негізгі міндеттері қандай? Қандай сала мамандарымен тығыз байланыс  орнатасыздар?

Іңкәр Қошқарова: Криминалистің ең басты міндеті — оқиға орнына барып, оны мұқият қарау, дәлелдеме бола алатын айғақ заттарды анықтап, оларды дұрыс рәсімдеп, тәркілеу. Бұл – қылмысты ашудағы ең маңызды кезеңдердің бірі. Себебі алғашқы   жинақталған айғақтар тергеудің әрі қарайғы бағытын айқындап береді.

Криминалистер негізінен тергеу және жедел-іздестіру бөлімдерімен тығыз жұмыс істейді. Қандай да бір қылмыс болса, біз оқиға орнына жедел тергеу тобы құрамында шығамыз. Сол топтың ішінде жоғарыда аталған барлық саланың өкілдері болады. Тергеуге де қатысамыз. Бір сөзбен айтқанда, біздің жұмысымыз – командалық еңбек. Ал криминалист сол команданың аналитикалық тірегі іспеттес. Біз көбіне тергеу бөлімімен қатар жұмыс істейміз, тіпті бастықтарымыз да бір бағытқа бағынады десек болады. Сондықтан криминалистика – нақты дәлдік пен шапшаңдықты қажет ететін, сонымен қатар бірлескен әрекетке негізделген өте маңызды сала.

El.kz: Әйел адам үшін ішкі істер саласында қызмет ету қиын емес пе? Жалпы қоғам тарапынан қандай да бір стереотиптерге тап болғансыз ба?

Іңкәр Қошқарова: Бұл салаға алғаш келгенімде жас болдым, әрі тұрмыс құрмаған едім. Жастық жігер, бала күнгі армандарым мені шабыттандырып, жұмысқа тез бейімделіп кеттім. Кішкентайымнан осы форманы киіп, елге қызмет етуді армандағандықтан бұл сала мен үшін мамандық қана емес, өмірлік жолым секілді болды. Қызметімді ерекше ынтамен атқарып, әр күнімнен өз орнымды таба білдім. Ал қазіргі таңда, әрине, жағдай сәл өзгеше. Өйткені мен қазір – отбасылы жанмын, жеті баланың анасымын. Бір жағынан ана, бір жағынан қызметкер болу – үлкен жауапкершілік. Әйел адамға бұл салада шынымен де оңай емес, жұмыс ауыр. Бірақ өз ісімді сүйіп істеген соң  бәріне бейімделіп, өмірімнің бір бөлшегі ретінде қабылдадым. Үйдегі тірлік пен қызметтік міндеттерді қатар алып жүру оңай болмаса да, жылдар бойы қалыптасқан тәртіп пен қолдау маған үлкен көмек болды.

Қоғамда бұл сала әйелге лайық емес деген көзқарас әлі де кездеседі. Бірақ уақыт өте келе әйел адамдардың да бұл салада ерлермен тең дәрежеде қызмет ете алатынын дәлелдеп келеміз. Қайсарлық, жауапкершілік, ұқыптылық – бұл қасиеттер әйел болмысынан табылады, сондықтан ішкі істер саласында нәзік жандардың өз орны бар деп есептеймін.

El.kz: Қоғам тарапынан теріс пікірлер, не болмаса қызу пікірталас туғызатын жағдайлар болып жата ма?

Іңкәр Қошқарова: Шыны керек, ондай бір теріс пікір немесе кедергі келтірер жағдайларға кезікпедім. Керісінше, көп жағдайда жылы лебіздер мен қолдауларды естіп жатамыз. Әсіресе, шақыртуларға барғанда, тұрғындардың бізге деген құрметін, сенімін сезінеміз. Бір есімде ерекше сақталған оқиға бар. Жол-көлік оқиғасы болған жерге шықтық. Ол жерде оқиға орнын толық қарап, айғақ заттарды жинадық. Барлық қажетті процесті аяқтаған соң сол маңда жүрген бір ақсақал бізге жақындап келіп: «Қызым, қорықпайсың ба мұндай жерлерге барудан?» деп сұрады. Мен оған: «Жоқ, ата, неден қорқуым керек? Бұл – менің жұмысым. Өзім үйреніп кеткенмін» – деп жауап бердім. Сонда әлгі кісі таңырқап: «Әй, мен өзім мынадай жағдайға қарап-ақ тітіркеніп тұрмын. Ал сендер жассыңдар, нәзік жансыңдар. Қалай ғана қорықпайсыңдар?» деп ілтипатпен таңданысын білдірді.

Шынында да, кей адамдар үшін біз атқаратын қызмет қиын, ауыр, тіпті қорқынышты болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл – біздің мамандығымыз. Біз үшін бұл – қалыпты жұмыс процесі. Мұндай қызметке келу үшін тек білім мен біліктілік емес, сонымен қатар қайсарлық, төзімділік пен салқынқандылық та қажет. Осы қасиеттердің арқасында біз өз міндетімізді адал атқарып келеміз. Сондықтан маған көбіне таңғалып, құрметпен қарайтындар көп десем артық айтқаным емес.

El.kz: Ең алғаш қызметке кірісіп, оқиға орнына барған кездегі сезіміңізді айтып беріңізші... Қандай қылмыс орны еді? 

Іңкәр Қошқарова: Ең алғаш рет дүкенде болған ұрлық қылмысы бойынша оқиға орнына барған едік. Сол кезде мен курсант болып, тәжірибеден өтіп жүргенмін. Қасымда тәжірибелі криминалистер болды, олардан көп нәрсе үйрендім. Сол күнді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, ол әлі күнге дейін есімде. Өйткені менің қалауым осы жұмыс болатын, сол себепті ол күн мен үшін ерекше әсер қалдырды.

Оқиға орнына барғанда барлық жұмыстарды өзімше орындауға тырыстым. Оқиға орнын қарау, айғақ заттарды жинау, саусақ іздерін алу, дүкеннің терезесін қалай ашып, қылмыскердің қандай әрекет жасағанын анықтау – осының бәрі мен үшін қызық болды. Барлық бөлшектерді, айғақтарды анықтап, тергеу жұмыстарының бастапқы кезеңдерін меңгеру мен үшін үлкен тәжірибе еді. Сол сәттен бастап криминалистика саласы мені толықтай баурап алды.

(Фото: Іңкәр Қошқарованың жеке мұрағаты)

El.kz: Тергеу жұмыстарына қатысамыз деп қалдыңыз. Тергеу барысында адамның бәрі өтірік айтатын сияқты сезім бола ма? Жалпы адамның өтірік айтып тұрғанын түрінен-ақ байқай аласыз ба?

Іңкәр Қошқарова: Иә, біз тергеушілермен тығыз жұмыс істейміз және тергеуге қатысамыз. Мысалы, тергеу әрекеттерінің бірі – екі жақты беттестіру. Бұл – тергеу процесінің маңызды кезеңдерінің бірі. Мысалы, алдымен бір адам куә ретінде жауап береді, кейін оны қайтадан беттестіруге шақырады. Осы кезде оның жауаптары өзгеруі мүмкін. Бұл жағдай кейде өтірік айтқанын көрсетуі мүмкін. Бірақ, әрқашан айқын дәлелдер болмаған жағдайда, адамның өтірік айтып тұрғанын бірден байқау да оңай емес. Мәселен, бір адам өз кінәсін мойындамай, "Мен ол жерде болған жоқпын" деп айтса, бірақ оқиға орнында айғақ заттар, мысалы, қолғап немесе басқа да іздер қалса, бұл айқын дәлел бола алады. Сондай-ақ, криминалистикада одорология деген ғылым бар, ол иіс сезу арқылы қылмысты ашуға көмектеседі. Сонымен қатар, қазіргі таңда полиграф  аппараттар қолданылады.  Бұл құрал адамның өтірікті не шындықты айтып тұрғанын анықтауға көмектеседі. Сондықтан күдіктінің өтірік айтқанын анықтау үшін түрлі әдістер мен технологиялар пайдаланылады. Әдетте егер күдікті оқиға орнында айғақ зат қалдырса, ол көп жағдайда қылмысын мойындайды, себебі дәлелдер айқын болып көрінеді.  

El.kz: Криминалисттің интуициясы мен логикасы қай сәтте көбірек жұмыс істейді?

Іңкәр Қошқарова: Криминалисттің интуициясы мен логикасы жұмыс барысында бір-бірімен тығыз байланысты болып келеді. Мысалы, оқиға орнына келгенде, кейде ұрлық болған жерде бірден саусақ іздерін жинаймыз. Бұл өте оңай және жылдам анықталады. Егер сол жерде қол іздері немесе қолғап ізі болса, оны анықтау қиын емес. Сондықтан интуиция мен логика бірден жұмыс істей бастайды. Қолғаптың іздері көрінгенде, оны анықтау одан да оңайырақ болады.  Әрбір жағдайды зерделеу, олардың маңыздылығын бағалау — криминалисттің тәжірибесіне және интуициясына негізделген. Осылайша жұмыс барысында интуиция мен логика бір-бірімен қатар жүреді.

El.kz: Күн сайын түрлі дәрежедегі қылмыс болатыны анық. Соның ішінде аса қатыгездікпен жасалынған қанды оқиғалар немесе ауыр жол апаттары да бар. Сізге ерекше әсер қалдырған немесе түнімен ойландырған оқиға есіңізде ме?

Іңкәр Қошқарова: Шынымды айтсам, мен қандай қылмыс болмасын, оқиға орнына барған кезде оны тек жұмысым деп қабылдаймын. Небір қанды оқиғалар болса да, оны жүрегіме жақын қабылдамаймын. Бәрін салқынқанды қабылдаймын, себебі жұмыс барысында мұндай жағдайлармен жиі кездесесің. Біз оқып жүрген кезде ұстаздарым бізге осыны үйреткен. Барасың, көресің, керек айғақ заттарды іздейсің, барлық мәліметті тіркеп, өз жұмысыңды атқарып кетесің. Жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін мен жұмыс туралы мүлде ойламауға тырысамын. Өзіме жүктелген міндетті тиянақты орындап, барлық қағаздармен жұмысымды аяқтап, үйге қайтамын. Жұмыстан кейінгі уақытты отбасыма, балаларыма арнаймын.

El.kz: Соңғы кездері отбасылық зорлық-зомбылық қылмыстары туралы көп естіп жүрміз. Күйеуі әйелін ұрып өлтіріпті немесе мүгедек етіп қойыпты деген сияқты адам шошытарлық оқиғалар орын алып жатады.  Не дегенмен әйел азаматысыз, анасыз, сондай жағдайларда жүрекке әсер ететін сәттер болатын шығар?

Іңкәр Қошқарова:  Иә, өкінішке қарай, түрлі жаға ұстатарлық оқиғаларды естіп жүрміз. Бірақ криминалист маманы ондай оқиғаларды жүрекке жақын қабылдамауы керек деп есептеймін. Өзім бұл жағдайларға салқынқандылықпен қараймын, эмоцияға берілмеуге тырысамын. Себебі әр істі жүрекке жақын қабылдап, эмоцияға берілу  кәсібилікке жатпайды.  

El.kz: Қалай ойлайсыз, криминалистикада әйелдердің артықшылығы бар деп ойлайсыз ба? Мысалы, байқағыштық, ұсақ-түйекке мән беру...

Іңкәр Қошқарова: Әйелдер негізі оқиға орнына барған кезде өте тиянақты жұмыс істейді. Оларды көбінесе ұсақ-түйекке мән беретін, сондай-ақ өз ісін соңына дейін жеткізетін адамдар деп сипаттай аламын. Сондықтан менің ойымша, әйелдер осы салада өздерінің ерекше байқағыштығы мен тиянақтылығымен ерекшеленеді. Ер адамдар да жұмысында кәсіби. Өзім аға криминалист болғандықтан, қол астымдағы жігіттерге көбінесе осыны үйретемін. Оқиға орнына барған кезде асықпай, барлығын тиянақты қарап, барлық іздерді мұқият алу керек екенін үнемі айтамын.

El.kz: Қарапайым жұртшылық криминалистердің жұмысын кинолардан көріп үйреніп қалған ғой. Сол шынайы өмірмен сәйкес келеді ме, әлде кинода асыра сілтейді ме?

Іңкәр Қошқарова: Жоқ, шын мәнінде кинодағы сияқты. Арнайы чемоданымыз бар, ол жерде барлық құрал-жабдықтар сақталады. Мысалы, оқиға орнынан пышақ немесе басқа да айғақ заттар табылса, ең бірінші адам терісінің іздерін аламыз. Себебі адам пышақты ұстайды және ол белгілі бір ізі қалдырады. Сонымен қатар, одорология деп аталатын әдіс бар, ол арқылы иістерді зерттейміз. Егер күдікті қолға түскен болса, одорологиялық іріктеу жүргізіледі.  Бұл әдіс өте маңызды, себебі кейде қылмыс орнында айғақ заттар болмаса да, түрлі химиялық немесе биологиялық іздер қалуы мүмкін. Сондықтан біздің жұмысымыз негізінен дәлелдерді жинауға, оларды зерттеуге бағытталған. Барлық осы құралдар мен әдістер бізге қылмысты ашуда  көмектеседі.

El.kz: Одорология демекші, бұл кезде иісшіл иттердің көмегі орасан иә? Мысалға, мен  бір кинолог маманмен сұхбат алғанымда 5-6 жыл бұрын болған қылмыстың ашылуына иттердің көмегі барын, өйткені иіс сақталып қалатынын айтқаны бар...

Іңкәр Қошқарова: Иә, ол рас. Біз оқиға орнынан мысалы, пышақ сияқты айғақ зат тапсақ, бірден одорологиялық үлгі аламыз. Ол үшін арнайы материалдар арқылы 45 минут ішінде иісті арнайы контейнерге сақтап аламыз. Сосын ол иіс криминалистика басқармасына өткізіліп, сол жерде сақтаулы тұрады. Егер ертең сол қылмыс бойынша күдікті ұсталып жатса, бірден одорологиялық іріктеу тағайындалады. Сол кезде арнайы иісшіл иттер жұмылдырылады. Олар сол сақталған иісті салыстырып, күдіктінің қатысы бар не жоқ екенін анықтауға көмектеседі. Иә, кейде бірнеше жыл бұрын алынған иіс те сақталып, нақты қылмыстың ашылуына себеп болып жатады. Иіс – өте тұрақты айғақтардың бірі.

(Фото: Іңкәр Қошқарованың жеке мұрағаты)

El.kz: Сіз үшін "қылмыс орны" деген не? Ол жерден қандай ұсақ детальдар маңызды болады?

Іңкәр Қошқарова:  Қылмыс орны — бұл оқиға орны. Яғни, қылмыс нақты қай жерде орын алды, сол жер - біз үшін ең басты нысан. Себебі дәл сол жерде қылмыстың ізі, айғақтары, заттық дәлелдері қалуы мүмкін. Біз үшін ең маңыздысы — оқиға орнына кірген сәттен бастап, оны толық, мұқият қарап шығу. Ұсақ-түйек деп айтуға келмейтін детальдар өте маңызды: мысалы, бір түйір шаш, аяқ киімнің ізі, саусақ ізі, майлы таңба, қан дағы, тіпті ашылған терезе немесе жабық тұрған есік — бәрі маңызды. Сондықтан қылмыс болған орынға бөтен ешкім кіруге болмайды. Біз келгенше учаскелік полиция қызметкерлері ол жерді бақылауда ұстап тұрады. Айғақ заттарды алғанда міндетті түрде арнайы қаптарға салып, мөрлеп, бәрін хаттамамен тіркейміз. Өйткені кез келген ұсақ нәрсе қылмыстың ашылуына себеп болуы мүмкін.

El.kz: Криминалистикалық сараптама жүргізу негізі неше уақытты алады?

Іңкәр Қошқарова: Ол жағдайға байланысты, бірақ негізі барлығы өз уақытында жасалады. Мысалы, оқиға орнында саусақ ізі алынды делік, біз оны бірден базаға салып, кімге тиесілі екенін тексереміз. Егер күдікті ұсталып жатса, сол сәтте жедел түрде сараптама тағайындалады. Созып жүру деген жоқ. Біз дәл сол күні-ақ ізімен жұмыс істейміз — алып кетеміз, құжаттап, криминалистика басқармасына өткіземіз. Егер базада бұрын тіркелген адам болса, бірден шығарып береді. Кейде нәтижесі бірнеше сағаттың ішінде дайын болады. Бәрі оқиғаның сипатына, сараптама түріне байланысты. Бірақ кешіктіру болмайды.

El.kz: Табиғи ортада, мысалы, орман, далада із кесу қаладағыдан қаншалықты күрделі?

Іңкәр Қошқарова: Иә, далада немесе орманда жұмыс істеу қиындау. Себебі сыртта болған оқиғада айғақ заттар ауа райына, желге, жауын-шашынға байланысты тез бұзылып кетуі мүмкін. Бірақ, мысалы, қылмыс орны сыртта болса да, егер адамдар отырса, ішкен-жеген болса — бөтелкелер, пластик бкалажкалар   қалып қояды. Солар арқылы тердің ізі, саусақ ізі алынады. Егер ондай заттар болмаса, онда аяқ киім мен автокөлік доңғалағының ізі қалуы мүмкін. Бізде арнайы зерттеулер бар, сол іздер бойынша да талдау жасаймыз. Аяқ киімнің ізін немесе көліктің ізін сараптамаға жіберіп, қандай марка, қандай үлгі екенін анықтауға болады.  

El.kz: Бір ғана дәлел кейде күдіктіні толық айыптауға жеткілікті бола ма?

Іңкәр Қошқарова: Жоқ, бір ғана дәлел жеткіліксіз. Сол себепті бізде тергеу, криминалистика, жедел уәкілдер барлығы бірлесіп жұмыс істейді. Мысалы, жедел  топ шұғыл әрекет кезінде өз дәлелдерін ұсынады, тергеуші жауап алу кезінде адамның сөзі, куәлардың көрсетулері арқылы дәлел келтіреді. Біз, криминалистер, айғақ заттарды жинаймыз. Осылардың бәрі бірігіп, жинақталып барып қана іс сотқа жолданады. Бір ғана дәлелмен адамды айыптау дұрыс емес, себебі ол жеткіліксіз және қате шешімге алып келуі мүмкін. Сондықтан әрдайым бірнеше бағыттан алынған нақты дәлелдерге сүйену қажет.

El.kz: Енді өзіңіз қатысқан ең күрделі, көп ізденіс пен сараптама қажет болған іс туралы айтып бере аласыз ба? Қандай қылмыс болған еді? Қанша уақыт ішінде тергеліп, сотқа өтті?

Іңкәр Қошқарова: Мұндай сұрақтарға: нақты уақыт пен сот процесі жайлы тергеушілер ғана толық жауап бере алады. Криминалистер тек оқиға орнына барып, қажетті айғақ заттарды жинап, барлығын тиянақты түрде хаттамаға жазып, криминалистика басқармасына өткіземіз. Біз үшін бастысы — дәлелді дұрыс алу. Ал одан кейінгі тергеу жұмыстары тергеушінің құзырында болады. Заң бойынша тергеу мерзімі — екі ай. Бірақ кейбір істер дәлелі толық, нақты болса, екі айға жетпей-ақ сотқа жолданып жатады.  

El.kz: Жұмыс тәжірибеңізде осы уақытқа дейін қанша қылмыс оқиғасымен бетпе-бет келдіңіз?  

Іңкәр Қошқарова:  Шыны керек, осы уақытқа дейін нақты санын айта алмаймын. Себебі өте көп. 13 жылдан бері түрлі деңгейдегі қылмыс орнында болдық – қарапайым ұсақ-түйек ұрлықтан бастап, аса ауыр қылмыстарға дейін. Оның ішінде адам өлімі де бар, ірі көлемдегі ұрлық та, отбасылық жанжалмен аяқталған ауыр жағдайлар да кездесті. Жалпы біз қылмысты бөліп-жармаймыз. Бәрі де бірдей маңызды. Бірақ, әрине, ауыр қылмыстарда дәлел жинау, оқиға орнын зерттеу – анағұрлым күрделірек. Кейде әрбір ұсақ деталь шешуші рөл атқарады. Сол себепті бізге дәлдік, байқампаздық өте қажет. Криминалист үшін әрбір істің артында адамның тағдыры тұрғанын түсіну маңызды.

El.kz: Адам ойына кіріп шықпайтын ерекше бір оқиғалар болған ба?

Іңкәр Қошқарова:   Ондай оқиғалар, әрине, кездеседі. Бірақ оның бәрін егжей-тегжейлі, ашып айтуға болмайды – заңға сәйкес тергеуге қатысты ақпарат таратылмайды. Дегенмен жалпы айтар болсам, кейде оқиға орнына барғанда адам миына сыймайтын әрекеттер де болады. Олардың көбі ішімдіктің кесірінен дер едім. Мас адам сол сәтте не істеп, не қойғанын білмей қалады. Қанша дегенмен эмоция мен ішімдік қосылса, адам өз-өзін басқара алмай қалып жатады. Кейде оқиға орнына барған кезде күдіктінің өзі де не болғанын толық түсінбей, «Мен осылай жасап қойдым ба?» деп шошып отырады.  

El.kz: Өз сөзіңізде тұрмыс құрғанға дейін де қызметте жүргеніңізді айтып қалдыңыз. Ал келін атанған соң отбасы, ошақ қасы, бала тәрбиесі сияқты жауапкершілік күшейе түседі. Осындайда жаңа жұртыңыз әсіресе, ата-енеңіз «погон таққан келін» болуға қалай қарады? «Қиын сала, қойсаң қайтеді?» деп айтқан кездері болды ма?

Іңкәр Қошқарова: Жоқ, шүкір, ондай сөз естіген емеспін. Негізі бұл мәселені мен тұрмысқа шықпай тұрып, яғни жолдасыммен қыз-жігіт болып жүрген шағымызда-ақ ашық түрде сөйлесіп, нақтылап алдық. Ол кезде болашақ жарым өзінің ата-анасымен таныстырып, менің мамандығым туралы толық айтып өтті. Ата-анасы ешқандай қарсылық білдірмеді. Керісінше, сол сәттен бастап бүгінгі күнге дейін мені барынша қолдап келеді. Ол кісілердің парасаттылығы мен кеңпейілдігіне күн сайын риза боламын. Қандай жағдай болмасын, менің жұмысымды түсіністікпен қабылдап, демеп отырады. Мысалы, түнгі шақыртулар болады, кейде қызмет барысымен күтпеген жерден жұмысқа баруға тура келеді. Жолдасымның да шаруалары шығып қалады. Мұндай кезде енем еш ойланбастан үйге келіп, балаларға қарап, үй шаруасына көмектесіп, менің де, жолдасымның да алаңсыз қызмет етуімізге мүмкіндік жасап береді.

Шыны керек, бүгінгі күні менің отбасым мен жұмысымның арасында тепе-теңдікті сақтап, бәріне үлгеріп жүргенім — сол кісілердің зор қолдауының арқасы. Күйеуім де менің мамандығыма құрметпен қарап, үнемі демеп, түсіністікпен қарайды. Қазіргідей қарбалас өмірде мұндай жанашыр отбасыңның болуы – үлкен бақ. Сол үшін ата-енеме және жолдасыма алғысым шексіз.

El.kz: Ал жолдасыңыз қай сала маманы?

Іңкәр Қошқарова: Жолдасымның ішкі істер саласына қатысы жоқ, жеке кәсіпкер.  Ол өз ісін жүргізіп, түрлі кәсіппен айналысады.  

El.kz: Балаларыңыз туралы айтып беріңізші. Неше жаста, қай сыныпқа барады? Перзенттеріңіздің ішінде сіздің жолыңызды қуғысы келетіндері бар ма?

Іңкәр Қошқарова: Үлкенім қыз бала, ол қазір 12 жаста. Одан кейінгі қызым 10-да. Үшінші перзентім – ұл, 8 жасқа толды. Төртінші босанғаным егіздер болды, олар қазір 6 жаста. Биыл бірінші сыныпқа барады. Соңғы босанғанымда да егіздер дүниеге келді. Олар қазір 1 жас 8 ай.  Жалпы жолдасым екеуміз алты қыз, бір ұлды тәрбиелеп отырмыз.  

Үлкен қыздарым да, ұлым да есейіп қалды. Ұлым менің жолымды қуамын деп қызығушылық танытып отыр, бұл өте қуантады. Мен де, күйеуім де оның бұл шешіміне қарсы емеспіз. Қыздарым да егер осы салаға қызығушылық танытса,   біз оларды толық қолдаймыз. Күйеуім екеуміз балалардың таңдауына ерік береміз деп отырмыз. Әрқайсысының жолы өздеріне байланысты, біз оларды тек қолдап, бағыттаймыз.

El.kz: Шеттей балан тәрбиесімен және қызметті қатар алып жүру қиын емес пе?

Іңкәр Қошқарова:  Әрине, баланы тәрбиелеу мен қызметті қатар алып жүру қиын екені рас, бірақ мен үшін бұл ешқашан мүмкін емес деп ойлаған емес едім. Мен тұрмысқа шыққаннан кейін алғашында енеммен тұрдым. Ол кісі мені барлық жағынан қолдап, көмек көрсетіп отырды. Алғашқы кезеңде енемнің қамқорлығы маған үлкен көмек болды.  Кейін өзіміз бөлек шықтық. Осы кезеңде күйеуімнің қолдауы өте маңызды рөл атқарды. Тұрмысқа шықпай тұрып күйеуіммен қыз бен жігіт болып кездесіп жүргенімде ол кісі: «Мен сені әрқашан қолдаймын, отбасымызды құрып, баламыз болғанда да, бірге өмір сүргенде де сені ешқашан шектемеймін» деп уәде берген болатын. Сол сөздері оның мені қолдап жүргенін және менің таңдауыма деген құрметін көрсетті. Осы келісім менің қызметті жалғастыруыма мүмкіндік берді. Қысқасы, балаларым мен қызметім арасында тепе-теңдікті ұстап тұруға мүмкіндік беретін бірден-бір фактор - күйеуімнің тұрақты қолдауы.

(Фото: Іңкәр Қошқарованың жеке мұрағаты)

El.kz: Кейде жұмыстан шаршаған сәтте «Түбегейлі балаларға көңіл бөлсем, жұмысты қоя салсам» деген ойлар болған ба?

Іңкәр Қошқарова: Жоқ, ондай ойлар болмаған. Әрине, бала тәрбиелеу өте жауапты әрі ауыр жұмыс, бірақ мен  жұмысым мен отбасымның арасында тепе-теңдік сақтауға тырысамын. Қызмет пен отбасы арасында өзім үшін дұрыс баланс тауып, жақсы үйлестіруге тырысамын. Балаларым мен күйеуім мені түсініп, әрқашан қолдап отырады. Болашақта абыроймен зейнетке шығу ойымда бар. Бұл қызметті адал әрі жақсы атқарып,  отбасыма үлгі болу - мен үшін үлкен мақтаныш.

El.kz: Криминалистикаға қызығушылық танытып отырған жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Іңкәр Қошқарова: Менің ойымша, бұл салаға қызығушылық танытып отырған жастарға ең алдымен өз жүрек қалауымен шешім қабылдау қажет. Егер жастар осы салада жұмыс істегісі келсе, онда олар тек кәсіби қажеттіліктер мен тұрмыстық жағдайларға ғана емес, осы жұмыстың мән-мағынасына, қызығушылығына назар аударуы керек.  Қазіргі таңда жастардың көпшілігі мамандық таңдағанда көбіне сырттан келген қысым мен ұсыныстарға  немесе әлеуметтік жағдайларға, танымалдылыққа қарай таңдау жасайды. Ал егер адам бұл салаға біреулердің ықпалымен немесе кеңесімен келсе, оның болашағы күмәнді болады. Жастарға айтарым: егер сіз шынымен осы салаға қызығып, бұл жұмыс сізге ұнайтын болса, онда оған батыл қадам жасап, осы жолды таңдаңыз. Егер өз жүрегіңізден шыққан құштарлық болмаса, жұмыстың соңына дейін бару қиын болады.  

El.kz: Бұл салада ұзақ қызмет ету үшін қызығушылықтан бөлек қандай қасиеттер қажет?

Іңкәр Қошқарова:  Әрине, қызығушылық маңызды болғанымен, оған қоса адамның мінезі мен адамгершілігі ерекше орын алады. Қиын жағдайларға төзімділік, шыдамдылық және қаталдық қажет. Мінезі берік, сабырлы және қайсар болуы тиіс. Мұндай жағдайда адам өз мақсатынан таймай, қиындықтарды жеңе алады. Сонымен қатар адамгершілік қасиет те өте маңызды.

Криминалистика мен тергеу жұмысы көбіне адами тұрғыдан күрделі болып келеді, сондықтан адам өз ісіне адал, әділ болуы керек. Бұдан бөлек өзіңе сенімді болу, тәуекелге бару, жауапкершілікті сезіну — өте қажет қасиеттер. Оған қоса, бұл жұмыстың күрделілігі мен ерекшеліктеріне байланысты адам әрқашан шешім қабылдау кезінде жан-жақты ойлануға, терең зерттеуге және бірқатар шешімдер қабылдауға дағдылануы керек. Сондықтан тек қызығушылық емес, адамның өмірлік құндылықтары мен мінезі де үлкен рөл атқарады.

Сұрақ: Сұхбатыңызға көп рахмет!

Жансая Ақбала
Бөлісу: