Көзіне пышақ кірген 3 жасар баланың оқиғасына қатысты тың дерек шықты

Кеше, 12:45 548

Петропавлда баланың абайсызда құлап, көзіне пышақ кіру оқиғасы бойынша полиция тергеуді бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

19 желтоқсанда облыстық көпсалалы балалар ауруханасына ауыр жағдайда сол көзінен жарақат алған бала жеткізілді. Анасы дәрігерлерге баланың ас үйдегі орындықтан құлап, көзіне пышақ кіріп кеткенін айтты. Әйел пышақты көзінен тартып алғанда, қан кетіп, бала есінен танып қалған.

Полицейлер барлық жағдайларды анықтау үшін тексеру жүргізіп, сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Осы факт бойынша кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта істің мән-жайын жан-жақты зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады, - деді полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілдері.

Өңірдің денсаулық сақтау басқармасы баланың жағдайы әлі ауыр екенін жеткізді.

Аурухананың бас дәрігері Нұрлан Аймановтың айтуынша, диагностикалық зерттеулер жүргізілңп, диагноз қойылған.

Жабық бас миының жарақаты, сол көзінің жарақаты, миға қан кеткен. Қазіргі уақытта баланың көзіне қауіп төніп тұрған жоқ, мидың ауыр жарақаты бар. Бала жасанды демалу аппаратына қосылған. Жағдайы өте ауыр, барлық қажетті іс-шаралар толық жүргізілуде, - деді дәрігер.

Оның сөзінше, баланың нақты пышаққа құлағаны белгісіз.

Біз кесетін, үшкір затты көрмедік. Біз тек көз ұясындағы ауыр жарақат туралы айта аламыз, - деп қорытындылады дәрігер.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: