«Көзімнен сорам сорғалап жаздым»: Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлының орындалмаған арманын қолға алды

21 Сәуір 2023, 11:01 1634

Айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлының жете алмай кеткен арманын орындау үшін дарынды балаларды қолдау қорын мемлекеттік тіркеуден өткізгені туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы Facebook-тегі парақшасында жазды.

Қайтыс болған баласының арманы үшін арпалысқан әкені кім көрді екен? Ешкім көрген жоқ шығар, сірә! Лайым көрмей-ақ қойсын! Марқұм баламыздың жете алмай кеткен арманын жүзеге асырсақ деп жанұшырып жүгіріп жүрген жайымыз бар. Бүгін соның алғашқы асуын алдық.Төбем көкке жеткендей қуанып отырмын. Естеріңізге болса, Әлихан балам қайтыс болғаннан кейін, жазған алғашқы постымда қазағымның келешегі үшін қызмет етемін деп уәде беріп едім. Бірнеше ай қалың қағазбен алысып жүріп, "Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қорын" мемлекеттік тіркеуден өткіздім. Оның Уставының әр парақшасында менің әкелік көз жасым бар. Көзімнен сорам сорғалап отырып әр жолын өз қолыммен жазып шықтым. Өте қиын болды, ағайын! Мұндайды ешкімнің басына бермесін! - деп жазды Серікзат Дүйсенғазы.

Оның айтуынша, қоғамдық қор өз жұмысын бастады. Қордың алғашқы шарасы 13 мамыр күні Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында өтеді.

Равиль Ашығали
Бөлісу: