Зағип жандар үшін кітапханаға жол ашқан

25 Қаңтар 2019, 16:03 10824

Ғалым Нұрланов көзі нашар көретін жандардың кітапхананың тұрақты оқырмандары болуына барын салуда

Стиви Уандер, Галилео Галилей, Джзоф Пулитцер... Бұл атақты жандарды ортақтастыратын бір нәрсе бар, ол – көз жанарының кемшілігі. Адам қандай сынақ келсе де, берілмей, жеңіп шығуымен басқа тірі жаратылыстан ерекшеленеді. Көз – адамның шамшырағы. Ал көзінің бірақ кемшілігі болса не істемек керек? Ғалым Нұрланов көп адамға үлгі болуға лайық. Ол – Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының жетекшісі.

Ғалым кітапханаға қонаққа келген бізді жылы шыраймен қарсы алып, бірден-ақ бұл мүмкіндігі шектеулі жандарды білім нәрімен сусындатып отырған орынның әрбір кабинетін таныстырып шықты.

 

– Мұндағы дыбыс жазу студиясын «Болашақ» корпоративтік қорының арқасында ашып отырмыз. Қазіргі уақыттағы біздің басты проблемамыз – қазақ тіліндегі аудио кітаптардың жетіспеуі. Онымен қоса, жас ақын-жазушылардың да туындыларын осы форматта іздеп таба алмайсыз. Біздің мақсат – осы олқылықтың орнын толтыру. Осы студия арқылы ескі кассетадағы кітаптарымызды, диск пен флешкаға көшіріп басу жұмыстарымен де айналысамыз. Ашылғаннан бері жүз кітапты жаздық. Осы қарқынмен жұмыс жасап, оқырмандарымыздың барлық сұранысын қанағаттандыратын дәрежеге жетеміз деген ниет бар.

Одан кейін Брайль жүйесі бойынша абонементке келіп, 2018 жылдың соңғы айларында алынған бес компьютер және Брайль жүйесі бойынша шығаратын принтермен таныстық.

– Оқырмандарымыз үшін барлық жағдайды жасап отырмыз. Олар соңғы модельдегі компьютерлермен өздеріне қажет кітаптарды Брайль қарпіне ауыстырып, қазіргі заманға сай принтер арқылы қолдарына ұстап, оқи алады. 

Іс-шара мен Брайль қарпін үйрету бойынша сабақ өткізетін арнайы оқу залына бас сұқтық.

– Өкінішке қарай, қазақ қоры аздау болып отыр. Ал оқырмандарымыз жас ақын-жазушылардың шығармашылығына сұраныс беруде. Көп ұзамай олардың арман-тілектерін орындайтын боламыз. Ал мұндағы орыс қоры ана тіліміздегі қорды екі орайды.

- Айта кетерлігі, авторлық құқық бойынша да біраз шаруалар күтіп тұр. Осы жөнінде Қалқаман Саринмен жолығып, оның кітабына деген оқырмандардың сұранысын айтып, аудио форматта шығаруға рұқсатын алдық. Үстіміздегі жылы Жазушылар одағының Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлымен кездесіп, авторлық құқық бойынша келісім-шартқа отыруды көздеп отырмыз, - дейді ол.

 

Кітапханадағы орыс қорында дестелеп тұрған ескі кассета түріндегі кітаптарды магнитофонда тыңдау – өткен күннің еншісінде қалғалы қашан. Ендігі, электронды журнал оқитын 3-4 түрлі түспен қамтылған лупа мен кітапты суретке түсіріп, робот арқылы оқып беретін диктфондармен жұмыс жасалады. Соңғысы MP3 форматта мәліметтерді тыңдаушыға әңгімелеуге қауқарлы.

– Қазір мемлекет көру қабілеті нашар жандарды осындай заманауи құралдармен тегін қамтамасыз етіп отыр.

«Мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандарды ешқашан ұмыт қалдырған емес», – дейді Ғалым. Өзі де, көмекке мұқтаж  жандарға Брайль жүйесімен оқу әдісін үйретіп, компьютерге орнатылған арнайы синтезатор арқылы компьютерлік сауаттылықтарын арттырып, «Саусақ ұшындағы әлем» атты үйірме аясында игі шаралар атқарып келеді.

Кітапхана ісіне деген ыстық махаббаты Ғалымның әрбір сөзінен білініп тұрды. Ол әр бөлімді ынта-ықыласымен түсіндіріп шыққанда, оқырмандар үшін барлық жағдайдың жасалып отырғанын түсіндік.

– Бұл менің бала күнгі арманымның бір парасы десем болады. Жанарымның жайы кете бастағанда тым жас едім. «Неге бұлай болды?» деген сұрақтар жиі мазалайтын. Не де болса, оқып-тоқып, қолымнан келгенше сол санаға тоқыған ілім-білімімді игі істерге жұмсап, менің мектебім, мені оқытқан ұстаздар тегімді естіп, мақтанып отырса деген бала-арман болды.

Бала арман биікке ұшырады. Ғалымның көзі он жасында-ақ сыр беріп, қалың көзәйнектің көмегіне мұқтаж етіп қойды. Тамырлары суықтаған көзіне жергілікті окулист аллергияға қарсы дәрі жазып беріп, тіпті істі насырға шаптырған. Қате қойылған диагноз көздің көру мүмкіндігін -10-ға бір-ақ түсіреді.

– 4-сыныпта көзімнің тақтаға жетпейтінін түсініп, Тараз қаласындағы дәрігерлердің алдына бардық. Сол кезде ғана, ата-анам жағдайымның тым нашарлап кеткенін білді. Берген көзілдірікті тағып алып, баяғы мектебіме қайта келіп, ел қатарлы білімімді жалғастыра бердім. Алайда, тақтаны көрудегі қиындықтар қайта алдымнан шығып, партамды алға жылжытсам да шешіле қоймады.

Оқуға, үйренуге деген талпыныс бала Ғалымның бойынан сезілді. Ол көрші отырған сыныптастарынан көшіріп жазам деп, ата-аналарынан баласына кедергі келтіргені үшін сөз естіп жүрді. Көзілдірік киген бала тек білімге құштар ғана емес, өз қатарластары арасында бұзықтығымен де көзге түсетін.

– Ешқашан өз есемді жібермейтінмін. Сотқар, тентек болмасам да, бір басымды қорғай алатын дәрежеде едім.

Ұлдар арасында батыр бала, қыздардың алдында тұтығып, сөйлерге сөз таппай қызара кететіні де бір қызық жайт.

– Сонымен, мектептегі қиындықтар шешімін таппай, менің бала жаныма қаяу сала бастады. Өзіммен өзім сөйлесіп, «Неге бұлай болды?», «Неге мені адамдар түсінбейді?», «Қайтсем мұны жеңем?» деген сияқты сауалдар еш санамнан шықпайтын, – деп, Ғалым терең дем алды. 

Көзден парлап шыққан жас, жүректің тілім-тілімін шығаратын. Бірақ, бұл іштегі арпалысты, әкесі мен анасының  жан жүрегін жараламас үшін білдіртпейтін еді. Қалайда ел қатарлы оқып, білім аламын деген қадау мақсат – Ғалымның бүгінгі жетістігінің іргетасын қалап бергендей.

Сол жылдары да арнайы медициналық жолдамамен жыл сайын емханада ем алуға мүмкіндік жасалатын. Тараз қаласына келіп, көзіне ем ала жүріп, Ғалым қалада зағип және көзі нашар көретін балаларға арнайы мектеп барын естіп, ата-анасына айта барады.

– 8-сыныпта зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған облыстық «Болашақ» мектеп-интернатына оқуға бардым. Бұл мектеп менің ашылуыма, болашақ жоспарларымның іргесі қалануына көмегін тигізді. Мен өзім қалағанша еш қиындықсыз білім нәрімен сусындауыма мүмкіндік ашылды.

Мектепті аяқтаған Ғалым арнайы аттестатын алып, ата-анасымен бірге Алматыға қоныс аударады. Бұл мектепті бітіргендер денсаулығына байланысты оқу орнына түсу үшін арнайы тест тапсыра алмайтын еді. Оңтүстік астанаға бой үйреткен Ғалым жұмыс іздеп, біреулердің айтуымен күзетші қызметіне тұрады.

– Жоғары білімсіз қайда жұмыс істеуге болады? Әрине, мүмкіндік болмаған соң, күзетші болып күнелттім. Сол уақытта Алматы қаласындағы республикалық зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған кітапханаға барып, оқырман болып жүрдім. Сонда өтетін тегін курстардың бірін де қалдырмайтынмын.

Кітапханаға құстай ұшатын Ғалым осында жұмыс істегісі келетінін түсінеді. Ол кітапханадағы кез келген жұмысты істеуге дайын екенін айтып, сол кездегі жетекші Гүлбаршын Рахымбердіқызына жолығады. Білікті басшы, қолында дипломы жоқ, бірақ бойынан талпынысты сезген Ғалымды жұмыспен қамту орталығы арқылы келуді ұсынады.

– Жастарды жұмыспен қамту орталығы арқылы, көп ұзамай кітапханаға орналастым. Ондағы жұмыстың ешқайсысын жат көрмей, бар ынтаммен істеп жүргенімде, кітапханадан шығатын «РБНСГ-Вести» газетінің редакторы декретке шығып бара жатып, бір-екі сағатта журналға қалай дизайн жасау керектігін көрсетті.

Асығыс редакторды аялдамаға дейін шығарып сала жүріп, қолындағы блакнотына керек нәрселерді түртіп алған Ғалым түнімен журналды қалай шығаруды интернеттен көріп, істе қолдану үшін жұмысқа асығады. Кез келген тапсырманы алып кету – Ғалымдағы тағы бір ерекше қасиет шығар.

– Осылайша, журналдың 2-3 саны толық менің қолымнан өтті.

Жұмыспен қамту орталығы арқылы келген жас маман келісім-шарты аяқталған соң, елордамыз Астанаға бет түзейді. Мұнда да сүйікті ісінен алыстағысы келмеген Ғалым бүгін өзі басшы боп отырған кітапханаға келеді. Гүлбаршын Рахымбердіқызының қызметкеріне жазып берген мінездемесінің де көмегі тиген еді. Іскер маманға кез келген жердің зәру екені белгілі. Кітапханаға жұмысқа тұрған Ғалым арнайы білім керектігін түсініп, Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде «Кітапхана ісі» мамандығына оқуға қабылданып, оны ойдағыдай аяқтап шығады. Одан кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Кітапхана ісі» бойынша төрт жылдық жоғары білімге қол жеткізеді. Осы кітапханада еңбек етіп келе жатқанына міне бес жылдың жүзі болған. Өз ісін, кітапхана ісін жанындай жақсы көретін адам деп Ғалымды айтса нақ келеді.

– Бір жылдары Астана қаласындағы №10 гимназияда арнайы зағип және көзі нашар көретін балаларды оқытатын сынып ашылып, маман керек болды. Өздігімнен Брайльмен оқу жүйесін үйреніп алғандықтан, өзімді ұсынып, сондағы 5-6 оқушыға дәріс бере бастадым. Осыдан кейін «Неге арнайы үйірме ұйымдастырып, осындай сабақтарды тегін өткізбеске» деген ой келді. Осы жобаның аясында әлі де үйренем деушілер болса, тегін оқытуға дайынмын.

Ғалым – кітапхана ісіне жаратылған адам. Ол қаңтар айының бірінші жұлдызынан бастап, осы кітапхананың жетекшілігіне тағайындалды.

– Біздің кітапхананың мың оқырманы бар. Қазір қыс болған соң, оқырмандарымыз сұраған кітаптарды үйіне апарып жүрміз. Жұмыспен қамту орталығы арқылы кітапты әр үйге тасымалдаушы маманды алып отырмыз. Сонымен қатар, қарттар үйімен де тығыз жұмыс жасаймыз.

Алдымызда нақты екі жоспар бар: youtube  каналымызды ашып, өз арамыздағы ақын-жазушыларымыздың және басқа да өнері бар жандардың туындыларын дыбыс жазу студиясы арқылы өңдеп, интернетке салу, одан кейін вокалға қабілеті бар жандарға тегін сабақ өткізу. Музыка саласында білімі бар маман алдырып, өз арамыздағы қабілеті барларды жинап, олардың өнермен айналысуына мүмкіндік берсек дейміз.

Болашаққа деген бағдары дұрыс басшы барда, бұл кітапхана ісі жандана беретініне көзіміз жетті.

(Фото авторы - Арман Мұхатов)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: