Көзге лазерлі коррекция жасатудан қорқатындар үшін...

17 Мамыр 2018, 14:46 14501

Көзілдірік пен линза тұрғанда лазерлі коррекцияның қажеті не?

Көзәйнек пен линза шын мәнінде протез бен балдақ секілді. Иә, қазір не түрлі сәнді көзілдіріктер бар, бірақ оны әрдайым тағып жүру тиімді ме? Линзамен жүру де өте ыңғайлы сияқты көрінгенмен, оны күтіп-баптаудың өзі жұмыс. Тағу, салу, жуу және сол сияқты... Ілгеріде айтылған жанарыңыздың «көмекшілері» өз көзіңіздей болмайтыны ақиқат.

«Лазерлі коррекциядан қорқамын...»

Коррекция алдындағы қорқыныш  – қалыпты жайт. Дегенмен, лазерлі коррекция «операцияға» қарағанда жылдам өтеді, әрі аса қатты қолайсыздық тудырмайды.+

«Жаңа технологияларға сенімім аз...»

Көздің лазерлі коррекциясы – жаңа әдіс емес. Ол офтальмологияда 30 жылдан бері қолданылып келеді. Тәжірибе жүзінде әбден пісіп, жетілген.

Бұл әдіс шыққалы әлемде 28 миллион адам көз-жанарларын «түзетіп» үлгерген. Олардың басым бөлігі лазерлі коррекциядан соң, ризашылықтарын білдіріпті. Тіпті, NASA-ның өзі ғарышкерлеріне осы әдіске жүгінуге рұқсат береді екен.

Технологияның дамығаны соншалық қазір лазерлі коррекцияның жағымсыз әсері жоқтың қасы.

«Бала туғанға дейін мұндай операция жасатуға болмайды дейді...»

Бұл – жәй ғана аңыз. Аяғыңыз ауыр болғанша істеткен лазерлі коррекцияңыз, босанғаннан соң көзіңіздің көру қабілетіне еш әсер етпейді. Себебі, коррекция бала тууға қатысы жоқ көздің мүйізгек қабығына жасалады.

Жалғыз қарама-қайшылық – жүктілік пен лактация. Бұл онсызда әйел адамдардың артық сыртқы әсерлерден барынша сақтануды қажет ететін кезеңі емес пе?!

«Ауруханада жатуға уақытым жоқ...»

Лазерлі коррекция ауруханада жатуды талап етпейді. Бұл процесс тез әрі аурсынуы төменгі деңгейде өтеді. Тек коррекциядан соң, аз уақыт тынығып жату керек. Сосын өз үйіңізге жол тартсаңыз болады. Дәрігеріңіз бірнеше күнге компьютермен жұмыс істеуге, спорт шұғылдануға шектеу қоюы мүмкін. Бар болғаны сол!

«Лазерлі коррекцияны тек жастарға істейді екен... »

Лазерлі коррекцияны көп қолданатын көз ауруларының бірі – алыстан нашар көрушілік. Ал оған себеп – көз қарашығының нормадан аздап ұлғаю. Сол үшін организмнің өсу процесі кезінде лазерлі коррекция жасамайды. Ең төменгі жас ретінде 18 жас есептеледі. Ең жиі жүгінушілер: 18-45 жас аралығындағы жандар. Сол сияқты әскери оқу орны мен әскерге қабылданғысы келген жігіттер де қатаң медициналық тексерістен өту үшін өз жанарларын «түзетіп» алады.

«Лазерлі коррекция тек уақытша ғана эффект беріп, уақыт өте келе көз қайта нашарлайды дейді...»

Зерттеуге сүйенсек, кей лазерлі коррекциядан өткен жандар тағы да осы әдіске жүгініп жатады екен. Бірақ, оларда астигматизм мен алыстан және жақыннан көру қабілеті тым нашар болған. Мұндай ауыр жағдайдағы емделушеілерге дәрігерлер екінші кезең барын ескертеді.

Сол сияқты адамның жасы келе көзде катаракта (көз жанарының бұлыңғырлануы), глаукома мен пресбопия (жасқа байланысты жақыннан нашар көрушілік) секілді дерттер пайда болуы мүмкін. Бұлар лазерлі коррекциямен емделмейді және қатысы жоқ.  Бұл – тікелей біздің ағзамызға  байланысты.

«Бұл – қымбат шығар...»

Лазерлі коррекция нақты қанша тұратыны сіздің көзіңізге тікелей байланысты. Оған кететін қаржыдан бұрын линзаңыз бен көзілдірігіңізге жұмсайтын ақшаның көлемін есептеп қараңыз. Лазерлі коррекцияның өмірлік екенін ұмытпаңыз! Ал линза мен көзәйнекті қанша рет ауыстыруыңыз мүмкін?

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: