Костенко шахтасында қайтыс болғандар саны 42 адамға жетті

29 Қазан 2023, 15:38 936

Аварияны жою жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы шахтаға түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ТЖМ-ге сілтеме жасап. 

Апатты жою жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов шахтаға түсу жұмыстарын жүргізді. Өрт және кеншілердің қаза болған жерлерін тексеру әрекеттері жасалды. 

Қазір апатты жою жөніндегі жедел штаб тәулік бойы іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіріліп жатыр. Ең қауіпсіз және кеншілер болуы мүмкін ықтимал учаскелер бойынша тау-кен құтқарушыларының өту жолдары пысықталу үстінде. Іздестіру жұмыстары шамамен бір-бірінен 4 км қашықтықта орналасқан екі өндіру учаскесінің ауданында жүргізілуде.

Тау-кен құтқарушылары қажетті жабдықтармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Газ жағдайын бақылау жалғасуда.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының 55 тау-кен құтқарушысы және 15 техникасы жұмылдырылып отыр.

Шұғыл медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін 21 адам және 7 бірлік жедел медициналық жәрдем техникасы жұмылдырылды.
Бұдан басқа, ТЖМ және Қарағанды облысының ТЖД-да республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істейді.

Сағат 15:00-дегі жағдай бойынша 42 адамның денесі табылды, 4 кеншіні іздеу жалғасып жатыр. 

Асқар Таудай
Бөлісу: