Космогониялық өрнек түрлері

10 Қараша 2015, 12:26

Космогониялық өрнек түрлері

Космогониялық өрнек түрлері – аспан әлемін, жер–дүние сырын суреттейтін ою–өрнектер. Біздің мәдениетімізге өте ерте замандардан сіңіп қалыптасты. Текеметке, әсіресе, жан–жаққа күн сәулесі секілді тармағын жайған шеңберлі ою жиі салынған.

Көк әлемді айналып жүрген планеталар мен аспан денелерінің бәрі Күн жүйесіне жатады. Күннің тұтылуы кезінде Күн шеңберінде аппақ күмістей жарық пайда болады, бұл ғажапты Күн тажы деп атайды. Әлемдегі осындай табиғи құбылыстар адамзатты әртүрлі сенімдерге әкеледі. Сондықтан ата-бабаларымыздың аспандағы бір Тәңірге сеніп, жалбарынуы, жақсылық бата тілеуі осы сенімдерге негізделген. Осы сенім негізінде ән мен күйде, әдебиет пен өнерде көптеген фантастикалық бейнелер туды.

Қалай болсын Күннің шапағы мен Айдың шығып тууы, теңелуі, тұтылулары, жұлдыздардың ағуы бәрі ерекше әсер қалдыратын құбылыстар. Аталарымыздың жаңа ай туғанда, шалқақ жатса, өзіне қолайлы, елге қолайсыз, тік жатса елге жайлы өзіне жайсыз деген ұғымдарды ескере келіп:

«Ай көрдім аман көрдім,

Ескі ай есіркесін,

Жаңа ай жарылқасын»,

- деген тілек баталардан сенім күшінің артып, бар әлемге тағзым етіп, тілдескендігін байқаймыз.

Космогониялық ою-өрнектің туу себептері де осы үлкен сенім күшінен туған бейнелер белгісі. Егер осы күн, ай оюлары ертеден келеді десек, оларға қосымша шұғыла, кемпірқосақ, жарты ай, толған ай секілді ою ұлгілері қосылып космогониялық оюлар қатарын байыта түседі. Аталған оюлар сонымен қатар түр-түстерімен де бөлінеді.

Космогониялық оюлар қатарында «Күн нұры», «Күн көзі», «Күн сәулесі», «шыққан, батқан күн», «Айтаң», «Айгүл», «Айтаңба», «Түнгі ай», «Жұлдыз», «Аққан жұлдыз», «Үркер» секілді өрнектер топтары пайда болды.  

«Шұғыла» - шолпан жұлдыздың бейнесі, «жұлдызы жарқырап маңдайы ашық болып, шұғыла шашсын» деген мағынаны білдіретін ою.

«Жұлдыз» - бұл «өмір сапарында жұлдызың оңынан туып, аспан тәңірінің қолдауында бол» деген мағынада.

«Шеңбер» немесе «табақ ою» - бұл екеуі де аспандағы күннен туындаған өрнек болып көбінесе түскиіз, шапанның артқы өңір, төр көрпе, сырмақтарға түсіріледі мұның мәні «күннің мерейіне бөленген барлық тіршілік анасы болған күн ана саған қуат медет берсін» мағынасында.

Өсімдік тәріздес ою-өрнектер ұлттық өнерімізге ертеден сіңіп, кеңінен тараған өрнектің бір түрі. Өсімдік тектес ою-өрнегінің негізін гүл, жапырақ, сабақ құрайды. Гүл-жапырақ оюлары әртүрлі заттарға сәнімен қалыптасып, ұйқасын табады. Олар өзінің даму барысында әртүрлі жолдардан өтіп, қолданылатын затқа сәндік, көркемдік қасиет беріп, мазмұнын ашады. Әрбір шебер туып–өскен жерінде кездесетін өсімдіктерді қолөнер бұйымдарын безендіруге қолданған. Алайда текемет ою–өрнектерінде өсімдік тәрізді өрнектер кездеспейді. Олар тек ою арасында қосымша роль атқарады. Бұндай өрнектерді сырмақ әсемдеуге кеңінен қолданылады. Түрлері:

«Гүл» ою-өрнегі барлық гүл түрін тұспалдайды. Бұл өрнек қолөнер бұйымдарында үш жапырақтан басталып, он екі жапырақты ою-өрнекке дейін кездеседі. Киім – кешектің жағасына, қалтасына, жиектеріне салынады.

«Ағаш» өрнегі ағаштың тамыр тартып бүрлеуі сынды қасиеті негізінде үрімбұтақты болып, тамыр тартып, іргелі елге айналуды тілек етіп, баскиім, қару-жарақтар сынды бұйымдарға салынатын өрнек.

«Жапырақ» - әйелдер тұтынатын киімдерге түсіретін бұл өрнек жапырақша жайылып, жасарып, ашық жарқын, мейірімді болсын деген тілекпен салынады.

«Үш жапырақ» - шапан, күрте сияқты киімдерге түсірілетін бұл өрнек үш жапырақты гүл өрнегі, қырмызы атқан көркем гүлдің үш құлақ болып ашылған жапырағы оның қасиетін арттырып тұратынын ескеріп, гүлдей құлпырып, өз қасиетіңді сақта, өзіңді аяла, абайла деген мағынаны білдіреді.

«Өткізбе» көбінде өрнектерді бір-біріне тұтастыратын өрнек. Шырмауық сынды шөп тәрізді аралас-құраластылықпен өтейік деген мағынаны нышандаған.

«Шиыршық» өрнегі көбінде азамат болып ат жалын жартып мінген ұлға, бойжеткен қызға арналған киімдерге салып, олардың азамат болғаны, енді бұл өмірдің ащы-тұщысы мен ыстық-суығына араласып жетілуін тілейді.

«Жауқазын» - көктем белгісін білдіргендіктен халқымыз жауқазындай құлпырып, бүршік жарсын деп мұндай өрнекті шыт, тақия, орамалға салған. Жастар бұл киімдерді бір-біріне сыйға ұсынған. Мұнысы «жаңа жылың құтты болсын» деген мағынаны білдірген.

Белгінің рөлін асыра бағалау мүмкін болмайтын жаңа ғаламдық символдық мәдениет тілі қалыптасады. Қазіргі заман бейнесін өзгертетін процесстер өркениет үшін жаңа, толықтай зерттеліп болған жоқ. 


Айжан ЕСЕНАЛИНА

Бөлісу: