Көшпенділер ойындары: Қазақстан асық ату мен арқан тартыстан жүлдегер атанды

12 Қыркүйек, 09:40 642

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының «Алау» мұз айдыны кешенінде өтіп жатқан сайыстары аяқталып келеді. Бүгін, арқан тартыс және асық атудан мықтылар анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Асық ату мен бес асық сайысында Қазақстан құрамасы қарсылас шақ келтірмей жеңімпаз атанды. Асық атудан ерлер командасы финалдық кезеңде Қырғызстан құрамасымен кездесіп, қарсыластарынан 2:1 есебімен басым түсті.

Ал, бес асықтан қыздар құрамасы алтын жүлдені Ресейлік асықшылармен сарапқа салды. Отандық спортшылар қарсыластарын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Бір қызығы, асық ату мен бес асық сайысынан ұлттық құрамамыз жарысты жеңіліссіз аяқтады.

Бес асықтан Қазақстан қыздар құрамасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанды. Қазақстан қыздар құрамасы топтық кезеңде Қырғызстан, Мажарстан, Швеция және Румыния құрамаларын 3:0 есебімен жеңіп, финалға жолдама алған болатын. А тобында қарсылас шақ келтірмей алғашқы орынмен ақтық сынға жолдама алған Қазақстан қыздар құрамасы Ресеймен бақ сынасты. Алау мұз айдыны кешенінде өткен финалдық ойында отандық спортшылар қарсыластарын 3:0 есебімен тізе бүктірді.

Арқан тартыстан өкінішке қарай, ерлер мен әйелдер құрамасы ақтық кезеңде көршілес Ресей мемлекетіне есе жіберді. Жалпы, арқан тартыстан сайыс екі санатқа бөлініп, ұйымдастырылды. Спортшылар ерлер арасында 720 келі және қыздар арасында 560 келі салмақ дәрежелерінде сынға түсті.

Суреттер: ©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ

Равиль Ашығали
Бөлісу: