Көшеде полиция тоқтатса нені білуіңіз керек?

8 Маусым 2023, 17:15 1043

Кейде көшеде полицей тоқтатып, жеке куәлігіңізді сұрайтын сәттер болады. Мұндай жағдайда не істеуіңіз керек және сіздің құқықтарыңыз қандай? El.kz тілшісі осы сұрақтар төңірегінде жауап іздеп көрді.

Көшеде тәртіп сақшылары тоқтатып, құжатыңызды сұраса, сіздің одан сыпайы бас тартуға құқығыңыз бар. Бұл туралы «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Заңның 9-бабында жазылған. Осы бапқа сәйкес полиция қызметкері тек заң бұзған жағдайда ғана құжат талап ете алады. Ал жеке адамды тінту әкімшілік құқық бұзушылық фактілері болған кезде ғана жүргізіледі. Бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы нормативтік қаулысында көрсетілген.

Сондай-ақ әрбір азаматтың полицейдің әрекетін видеоға жазып алуға құқығы бар. Өйткені видеоға түсіруге заңмен тыйым салынбаған. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 21-бабында видеоға түсіруге болмайтын жағдайлар көрсетілген. Оған мемлекеттік құпияға және бала асырап алуға байланысты істер жатады. Азаматты заңсыз тұтқындау бұл категорияға жатпайды. 

Қандай жағдайда полиция азаматты қамауға ала алады?

Конституцияның 16-бабында әрбір Қазақстан азаматының бас бостандығына құқығы бар екені көрсетілген. Тұтқындау сот санкциясымен жүзеге асады. Сот санкциясынсыз 72 сағат қана қамауға ала алады. Әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық болған жағдайда тұтқынға алады.

Қандай жағдайда саусақ таңбасын ала алады?

Белгілі бір қылмысқа күдікті болса, полиция саусақ таңбасын ала алады. Сондай-ақ қылмыстық-атқару мекемелерінде есепте тұрған адамдардың, бұрын сотталған адамадардың, жазасын өтеп жатқан азаматтардың саусақ іздері базада болады.

Егер полиция қызметкерінің заңсыз әрекет етіп жатқанына көзіңіз жетсе, қайда шағымдану керек?

Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы Кодекстің 23-бабының 1-тармағына сәйкес, полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері болған жағдайда шағымдана аласыз. Шағымды ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасына жасауға болады. Арызда азаматқа қатысты қандай заңсыз әрекет болғанын, заңсыз әрекетке барған қызметкердің аты-жөні, қызметі мен жұмыс-орны көрсетілуі керек. Сондай-ақ оқиға куәгері туралы ақпарат та толық жазылуы керек. Тексеруден кейін арыз берушінің сөзі дәлелденсе, онда арызданушы полиция қызметкерін сотқа беріп, материалдық және моральдық шығынды өтеп алуына болады.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: