Көше келбетін қашырған жарнамалармен күрес

30 Қыркүйек 2019, 10:48 8411

Кәсіпкерлер не себепті жарнаманы қазақша жазбайды?

Жарнама кез-келген шаһардың тыныс-тіршілігінен хабар беріп, қоғамның бет-бейнесін қалыптастырады. Тіпті сол көпшілік назарына іліккен сауатты жазылған жарнама тіл мәртебесінің деңгейін көтереді. Өкінішке қарай, еліміздегі сыртқы жарнамалардың жайы көңіл көншітпейді. Алысқа бармай-ақ бас қаламыздың көшелеріндегі сыртқы жарнамалар қателерге тұнып тұр. Олардың арасында  тек орыс тілінде  іле салатындар да жетіп артылады. Сонымен қоса, ана тілімізді мазақ қылғандай жөн-жосықсыз аударылған жарнамалар мен ақпараттардан көз сүрінеді. Осындай кемшіліктің орнын толтыру мақсатында  Тілдерді дамыту басқармасы «Тіл тазалығы –  баршаға ортақ іс» акциясын бас қаладан  бастап кетті. 

Жыл басынан бері өткізіліп жатқан «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» акциясының жақында екінші кезеңі басталды. Шаһар басшысы бекіткен жоспар бойынша Тілдерді дамыту басқармасының өкілдері мен сарапшы мамандардан құралған топ елорданың төрт ауданында тексеріс жүргізуге кірісіп кетті. Олар заң шеңберінде қала көшелерінде ілінген сыртқы жарнамаларды түрлі  қателіктерден арылтып, тіл тазалығын ретке келтіруді мақсат еткен. Кезекті тексеруін қаланың Байқоңыр ауданынан бастаған олар мемлекеттік тілге немқұрайлы қарайтындар көп екенін айтады.

­­­­­­­­­­– Тіл туралы заңның 21 бабында «... маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде...» жазылуы тиіс деп көрсетілген. Жұмыс тобының мүшесіне біздің басқарма мен әр аудан әкімдігінен құралған тобымыз тексеріс барысында көшелерде осы заң талабының орындалуын бақылаймыз. Ал оны бұзған кәсіпкерлерге оның заң талаптарына сай еместігін түсіндіріп, ескерту жасаймыз және оларға қатесін жөндеуге уақыт береміз,  - дейді қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Айгүл Ғизатқызы.

Тексеріс барысында Таха Хусейн көшесіндегі дәмханалардың бірінің иесіне ескерту жасалды. Өйткені ол сыртқы жарнамасын тек орыс тілінде іліп қойған. Қазақ тіліндегі нұсқасының жоқтығын айтып түсіндірген жұмыс тобынан кәсіпкер сыртқы көрнекі жарнаманы алып тастауға бес күн рұқсат сұрады. Ал оған шаһардың Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қызметкерлері Айгүл Иманғали, маман Айтжан Шолпан және Байқоңыр ауданы әкімдігі кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің маманы Бектемір Жолдасқажиев бастаған жұмыс тобы келісімін беріп, бес күннен кейін қайта келіп, жіті тексеретінін ескертіп кетті.

Айгүл Ғизатқызының айтуынша, мемлекеттік тілімізді қорлайтын жарнамалар көпшілік жиі баратын дәмханаларда, бала-бақшаларда, көліктерге техникалық қызмет көрсету орталықтарында көптеп кездеседі. Оған қарапайым мысал, мына  көліктерді жөндейтін шағын орталықтың қызметкерлеріне ескерту жасағанымен, оған құлақ аспай, жарнамасын қайтадан жол айырығына қойып, баннерін іліп қойған. Ал  ескертуге құлақ аспағандарын байқаған арнайы маман өкілдері заңсыз жарнама мен көрнекі ақпараттарды арнайы техникамен алдырып тастады.

Жалпы көшелерде сәулет және қала құрылысы басқармасының рұқсатынсыз заңсыз ілінген сыртқы жарнамалар жиі кездеседі. Олардың ішінде тілдік грамматикалық қателіктер де  көп болады екен. Тіпті кей кәсіпкерлер тек орыс тілінде жазып қояды. Бұған себеп – көптеген кәсіп иелері жарнамалардың екі тілде болу керектігінен мүлдем бейхабарлығы. Ал заң бойынша, көрнекі жарнамаларда сол  не жоғары жағына  мемлекеттік тілде, оң не төменгі жағына орыс тілінде орналастыру қажет. Оған қоса әріптер бірдей өлшеммен жазылып тұруы тиіс. Соңғы кездері осындай олқылықтар көшенің сыртқы көрнекі орындарында бей-берекет толып кеткен.

– Біз акция барысында кәсіпкерлік нысандармен қоса, көп қабатты тұрғын үй кешендерінің кіреберісінен бастап, лифттердегі жазбаларды да тексереміз. Өйткені бұлардың ішіндегі ақпараттарда  кемшіліктер көп болатындықтан, олардың бәрін де қадағалап отыру қажет. Осы мәселені біз пәтер иелері кооперативтерімен бірлесе қолға алып, шешіп жатырмыз. Жылдың соңына дейін оларға да түзетулер енгізіледі деп ойлаймыз, - дейді Айгүл Ғизатқызы.

Бас маманның айтуынша, акция барысында заманның ағымынан қалмайтын кей кәсіпкерлер жарнамасын латын графикасымен жазып қойған. Бір өкініштісі, тауарын мақтап ілген жарнаманың мәтіні қаптаған қателіктерге толып тұрады екен. Ал кейде маңдайшалардағы кей әріптер ұзақ тұрғаннан не ауа райының қолайсыздығынан түсіп те қалатын жағдайлар кездеседі  дейді маман.

Фотода: Айгүл Ғизатқызы

Бір атап өтерлігі, қала әкімдігі тіл нормасын сақтамаған кәсіп иелеріне ерекше жағдай жасап отыр. Заңсыздыққа жол бере отырып, кәсібін дөңгелетіп отырғандарға жұмыс тобы әкімшілік айыппұл салуды міндеттемейді, заң шеңберінде ескерту жасап, тек оны алып тастауды айтады. Тіпті өздері дайындап әкелген жұмысшы күші мен арнайы техниканың көмегін де тегін ұсынады. Сөйтіп, келесі ретте кәсіпкерлер жарнамаларды заң талабына сай орналастырса болғаны.

­– Кәсіпкерлердің көбісі  мұндай олқылықтарды заң талабын  білмегендіктен бардық деген уәждерін айтады. Тіпті жарнаманың мәтінін міндетті түрде Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасымен келісіп, сәулет және қала құрылыс басқармасынан рұқсат алу керек екенінен бейхабар болып шығады. Әрбір кәсіпкер өзінің шағын бизнесін ашқан кезде міндетті түрде заңның барлық талаптарын ескеруі керек. Ал мұндай қателіктер нысан иелерінің жарнамадағы мәтінін тиісті басқармаға әкелмегендіктен болып отыр. Егер біздің басқармаға жүгінсе, біз міндетті түрде мәтінін заңның яғни тілдік норма  талаптарына сәйкестендіріп, барлық қателіктерін түзетіп береміз, - дейді Айгүл Иманғали.

Осы «Тіл тазалығы баршаға ортақ іс» акциясы жайында жыл басында  нұр-сұлтандықтар мен қала қонақтарына үндеу жарияланды. Бұдан хабардар болып, белсенділік танытқан елордалықтардан Facebook желісі арқылы 80-нен аса, ал WhatsApp желісі арқылы 50-ден аса өтініштер түскен. Нәтижесінде тіл мамандары көрсетілген орындарға барып, жарнамаларды түзетіп отырыпты. Сонымен қоса, жұмыс тобы көше келбетін қашырған жарнамалармен бірге күресуге қала тұрғындары мен қонақтарын шақырады.

– Бұл акция қазанның соңына дейін жалғасады. Бірақ бұл бір жылдың көлеміндегі шаруа емес, келесі жылы да жалғасын табады. Негізінен біз сүйікті қаламыз жарнамалардағы қателіктерден толық тазарғанша жұмысымызды тоқтатпаймыз деп ойлаймыз. «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» деп атауының өзі айтып тұрғандай, бұл тек бізге яғни құзырлы органдарға емес, қала тұрғындарына баршамызға ортақ. Сол себепті бұған барлық тұрғындар атсалысса деген ниетіміз бар. Олар көшеде қате жазылған жарнаманы байқап қалса, бірден фотоға түсіріп, оны +7 778 523 79 17 нөмірінің WhatsApp желісіне,   Тілдерді дамыту және архив ісінің басқармасына не болмаса сәулет және қала құрылыс басқармасына жіберуге болады. Егер кез келген адам бұл іске үлкен жауапкершілік танытса, онда барлығы қалыпқа келеді. Келекшекте біз соған сенімдіміз. Қазір осыған қала әкімі мен оның орынбасары өте үлкен мән беріп отыр, - дейді жұмыс тобының мүшесі.

Тіл мәртебесі – ел мәртебесі екені рас... Сондықтан сауатсыз жазылған сақау жарнамалар тіліміздің қадіріне нұқсан келтірері сөзсіз әрі абырой әпермесі де белгілі. Ал жұрттың назарын аударатын жарнамалардағы қателіктерден тұтастай құтылу бұл әрине, уақыт  еншісіндегі мәселе болып тұр.

(Суреттер автордыкы)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: