Көш керуені Марқакөлді бетке алды

15 Шілде, 12:04 785

Қайтадан ірге тіктеп, жеке шаңырақ көтерген Марқакөл ауданында қазір 7,5 мың ғана халық тұрып жатыр. Кезінде, тоқсаныншы жылдардың топалаңында жергілікті тұрғындар жұмыс іздеп, күн көріс қамымен қалаға қарай үдере көшкенде шекараның шебі жалаңаштанып қалған. Содан бері бұл өлкеге көш керуенін шөгерген тірі жанды көрмедік. Керісінше жыл өткен сайын халықтың қарасы сирегеннің үстіне сирей түсті. Ондағы елдің ендігі үміті – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында.

Аудан халқының саны сегіз мыңға жетпейді

Естеріңізде болса, 1997 жылы Марқакөл ауданы Президент Жарлығымен таратылып, Күршім ауданына қосылған-ды. Ол кезде Марқа өңірінде бес ауылдық округ, 30 ауыл түтін түтетіп отырған. Ал ауданның сол кездегі аумағы 1102,9 гектарға жететін. Бүгінгі таңда мұнда бес ауылдық округ және 23 ауыл бар. Халық саны – 7585.

Былтыр жыл соңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойған. Осы Жарлыққа сәйкес биылғы 1 қаңтардан бастап Күршім ауданының құрамынан Марқакөл бөлініп шығып, жеке аудан болып құрылған. Осы сәтте аудан жұрты малақайын аспанға атып қуанды. Шын қуанды. Марқа тарихында тағы бір жаңа парақтың басталғанын бек түсінді өйткені...

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Шекаралық аймақты адамға толтыру дәл қазір маңызды, тіпті стратегиялық басымдыққа ие міндеттің біріне айналды десек артық айтқандық емес. Күн тәртібіне тұрған бұл мәселені шешудің тиімді бір жолы – жұмыс күші мол еліміздің оңтүстік өңірінен отбасыларды көшіріп әкеліп, қоныстандыру. Бұл ретте ішкі миграцияға серпін беретін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының берері көп. Ұлттық жоба ая­сында қоныс аударушыларға мемлекеттен үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Айталық, отағасына және отба­сы­ның әр мүшесіне 70 АЕК, яғни 258 440 теңге көлемінде көшуге арналған бір реттік субсидия беріледі. Бұған қоса Қазақстан Республикасының 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында былтырдан бастап ішкі қоныс аударушыларға тұрғын үй сатып алуға және материалдық көмек алуға мүмкіндік беретін экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілген.

Экономикалық ұтқырлық сертификаты бір рет өтеусіз және қайтарымсыз негізде тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеден аспайтын мөлшерде беріледі. Сол сияқты баспананы жалға алуға және коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге ай сайын субсидия беру көзделген. Оның мөлшері отбасы мүшелерінің санына және көшіп баратын елді мекенге байланысты 15 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейінгі аралықта белгіленген және ол бір жыл бойы төленеді. Қысқа мерзімді кәсіптік курстарға оқуға жіберу, жұмысқа орналасу, кәсіп бастауға немесе оны дамытуға қолдау көрсету шаралары да қарастырылған. – деп түсіндірді Шығыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Динара Қожанова.

Оның айтуынша, былтыр Шығысқа көшіп келген 67 отбасына ұтқырлық сертификаты берілген. Ал жалпы облысқа өткен жылы жиыны 305 адам қоныс аударған. Олардың дені Алматы және Түркістан облыстарынан келген.

Квотаның көбі қай өңірге бөлінген?

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының хабарлауынша, аймаққа көшіп келетін қандастар мен қоныс аударушыларды біркелкі қоныстандыру мақсатында 2024 жылға арналған елді мекендер тізбесі бекітілген. Соған сәйкес қоныс аударушыларды шекара шебіндегі жаңадан құрылған Марқакөл және Катонқарағай аудандарына орналастыруға басымдық берілген. Квотаның да көбі осы өңірлерге бөлініп отыр. Биыл көктемде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының өкілдері және қоғам белсенділерінен құралған топ күнгейдегі Түркістан облысына, Шымкент шаһарына барып қайтқан. Сапар аясында топ мүшелері тұрғындармен кездесулер өткізіп, оңтүстіктегі ағайындарға Шығыс Қазақстан туралы мол ақпарат берген. Іле-шала ол жақтағы ықыласты отбасылар құлақпен естігенді көзбен көріп, көңілге түйіп қайту үшін Алтайға ат басын бұрған. Жер шала келген отызға жуық адамды Күршім мен Марқакөлдің халқы құшақ жая қарсы алған. Өйтпегенде ше, отыздың біреуі көшіп келсе оның өзі олжа емес пе?!   

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Мамыр айының соңында біздің өңірге оңтүстіктен 30-ға жуық адам жер шалып келіп қайтқан. Олар халық саны аз Марқакөл, Күршім аудандарын аралап, жергілікті тұрғындармен сөйлесіп, ауылдардың жағдайын, жұмыс жайын біліп, мол мағұлмат алды. Сол кезде аудан орталықтарында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырдық. Көшіп келушілерге мемлекет тарапынан қандай қолдау, көмек көрсетілетіні туралы түсіндірдік. Нәтижесі көп күттірген жоқ, арада айға жуық уақыт өткенде жер шалып қайтқан отбасылар артынып-тартынып Марқакөлдің төрінен бірақ шықты. Бірнеше отбасы Ақбұлақ ауылына көшіп келді, – деген облыстық еңбек мобильдігі орталығының директоры Әсел Қайырбекова оңтүстік өңірден тағы бірнеше отбасы көшіп келуге ниет білдіріп отырғанын жеткізді.

Ақбұлаққа ат басын тіреген қоныс аударушыларға Шығыс Қазақстан облысы мен Марқакөл ауданының әкімдігі, сондай-ақ осы өңірдің кәсіпкер азаматтары қолдау көрсетіп жатыр.

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Көктемде Марқакөлдің елді мекендерін тегіс аралап, осындағы жұрттың тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып қайтқан едік. Ақбұлақ ауылы маған сол кезде бірден ұнады, оның үстіне ауылдан мамандығыма сай жұмыс та табыла кетті. Отбасыммен, туған-туыспен ақылдаса келе түбегейлі көшіп келуге шешім қабылдадым. Бес балам бар, үшеуі мектепте оқиды, кенжем балабақшаға барады. Енді біреуі колледжіге оқуға тапсырмақ. Мен өзім ұстазбын, химия және биология пәндерінен сабақ беремін. Сөйтіп, міне Шығыстың тұрғыны атанып жатқан жайымыз бар, – дейді оңтүстік өңірден көшіп келген Мереке Керімбекқызы.

Айта кетейік, көш керуенін Шығысқа бұрған бес отбасымен бірге жер шалып, ауылдарды аралап қайту мақсатында күнгейден тағы бірнеше отбасы ілесе келген. Олар да Марқаның маңғаз даласына көз жүгіртіп, көңіл қойып кетті. Ақжарқын ауыл тұрғындарымен емен-жарқын сөйлесіп, біраз жайтқа қанықты. Және қайтып бара жатып қайтара оралатындарын айтты. Ол жолы осында түбегейлі қалу үшін келмек.

Оңтүстікте мал бағуға, бау-бақшамен, егіншілікпен айналысуға жер жетпей жатады. Өйткені халық саны көп. Сондықтан да еңбек қолы жетіспей жатқан Шығыс өңіріне келіп, танысып жатырмыз. Табиғаты керемет, жер-суы мол екен. Осында мал бақсақ, кәсіп қылсақ деген ойымыз бар. Жалаңаштанып қалған шекарамызды адаммен толтыруға үлесімізді қоссақ, еліміздің бір шетіне қалқан болсақ деген ниетіміз бар. Өзім көпбалалы анамын. Мамандығым – медбике. Мамандығыма сай келетін жұмыс көп екен бұл өңірде. Осында келген әр адамның артында 5-6 отбасыдан күтіп отыр. Барған соң Шығыстан көрген, түйгенімді ортаға салып, ағайын-туыспен ақылдасып, көшіп келетін шығармын, – дейді жер шала келген Нұрсалима Нұрайла.

Бауыржан нағыз батыр

Туған ауылын жанға, төскейін малға толтыруды мұрат етіп, жанталасып жүрген азамат бар Марқа өңірінде. Оның есімі – Бауыржан Жауғашаров. Кәсіпкер азамат осыған дейін өз қаражаты есебінен бес отбасын Ақбұлаққа көшіріп әкеліп, қоныстандырған. Қалтасынан ақшасын шығарып, ауылдағы бос үйлерді жөндеп, көшіп келушілерге тегін үлестіруде. Ол аз болса Ақбұлақтың тұрғыны атанам деген жанның алдына мал салып береді. Ықыласты жандар табылса қазір көшіріп әкелуге дайын екенін айтқан Бауыржан қоныстанушыларға арнап ауылдан тағы 20 үйді әзірлеп қойғанын әңгіме арасында айтып қалды. Бауыржанның еңбегін батырлық демей көріңіз...

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Біз ауыл бос қалды деп қарап отырмауымыз керек. Бизнес, билік, қоғам үш тарап бірігіп жұмыс істесе бір нәтижесі болады. Сонда ғана ауылды сақтап қаламыз. Өзімнің туған ауылым Ақбұлақты сақтап қалу үшін барымды салып жанталасып жүрмін. Біздің ауыл малға да, егіншілікке қолайлы. Ауылымызда медициналық пункт, мектеп және балабақша бар. Бос жерлер, тұрғын үйлер бар. Қазірдің өзінде ауылда 20-ға жуық үй дайын тұр. Жұмыс та бар. Ауданымыздағы «ГРК МЛД» компаниясы 25 адамды жұмыспен қамтуға келісім беріп отыр. Көшіп келемін деген адамға мүмкіндік көп, ауылдың әлеуеті жоғары. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, отбасыларды көшіріп әкелуді ары қарай жалғастыратын боламыз, – дейді Ақбұлақтың тумасы, кәсіпкер Бауыржан Жауғашаров.

Марқакөл ауданы әкімдігінің хабарлауынша, аудан жаңадан құрылып жатқан соң мұнда бос жұмыс орындары көп, ал мамандар тапшы. Қазірдің өзінде әртүрлі салада 70 шақты бос жұмыс орны бар.

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Еңбек жәрмеңкесін жиі өткізіп тұрамыз. Өйткені ауданда жұмыс берушілер өте көп. Оңтүстік өңірден ағайындар келгенде де бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырдық. Ол кісілер бәрін көрді, ақпарат алды, елді мекендерді аралап шықты. Егер көшіп келуге ынта білдірсе біздің тараптан тиісті қолдау көрсетіледі. Жалпы, Марқакөлде кез келген кәсіпті дөңгелетіп әкетуге болады. Әсіресе, туризм, ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға мүмкіндік мол. Жеріміз кең, көз тартар нулы, сулы табиғатымыз бар. Біз өз тарапымыздан бар жағдайды көрсеттік, көшіп келетін болса құшақ жая қарсы алуға дайынбыз, – дейді Марқакөл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рүстем Кемешев.

Жағдай жасалмаса бәрі бекер

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысындағы жаңадан құрылған аудандарға жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде Марқакөл және Үлкен Нарын аудандарын дамытуға облыстық қазынадан қосымша қаржы бөлінеді.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметіне сүйенсек, Катонқарағай мен Күршім аудандарының бюджетінен Үлкен Нарын және Марқакөл аудандарын дамытуға 2,9 миллиард теңге бөлінеді. Ал Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев жаңа аудандардың экономикасын көтеруге, халықты жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікті қолдауға, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға және кадр тапшылығын жоюға бағытталған кешенді жоспарлар әзірлеу қажеттігін айтқан.

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Марқакөл, Үлкен Нарын аудандарына баратын мамандарға барынша жағдай жасау қажет. Баспанамен қамту, төленетін көтермеақыны өсіру сияқты мәселелерді шешу керек. Бұл іске жергілікті жердегі кәсіпкерлерді де тарту қажет, – деп атап өтке болатын кезекті облыс әкімдігінің мәжілісінде өңір басшысы.

Марқакөл ауданы әкімдігінің хабарлауынша, қазір ауданда медицина мамандары, атап айтқанда гинеколог, хирург, анестезиолог тапшы. Сол сияқты мемлекеттік қызметкерлер, мұғалім, ветеринар сияқты түрлі саланың мамандары жетіспейді.

Облыс басшылығы тарапынан Марқакөл ауданының тұрғындарын әлеуметтік қолдауға баса назар аударылған. Жол жылы аясында елді мекен ішіндегі жолдарға жөндеу жүргізу, медициналық қызметтің деңгейін көтеру, білім беру сапасын арттыру, таза ауызсумен және жылумен қамту міндеттері күн тәртібіне қойылған. Бұл мәселелердің түйінін тарқатуға қаржылық қолдау көрсетілетін болады. Яғни, мұның бәрі жаңа аудандарды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында міндетті түрде қарастырылады.

Қаншама жылдан кейін қайтадан аудан мәртебесін алған Марқакөлді аяққа тұрғызу, оның экономикасын көтеру оңай шаруа емес. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда шекарадағы жұрт дүрк көтеріліп, қалаға қарай қопарыла көшіп кетті. Енді оларды кері қайтару әсте қиын. Алдымен ауданды адамға толтырмай іс ілгері баспайды. Ол үшін мемлекет түрлі бағдарламаларды әзірлеп, жолға қоюы керек. Мәселен, Марқакөл сынды қиыр жайлап, шет қонған аумақтарға көшіп барып, жұмыс істейтіндерге әлеуметтік пакет қарастырылса, кәсіп ашуға немесе үй алуға жеңілдетілген несие берілсе, жоғары жалақы төленсе, еңбек өтілінің бір жылы бір жарым жыл болып есептелсе және басқа да жағдайлар жасалса, қолдау-көмек көрсетілсе шекара шебіндегі ауылдарға көшіп баратындар табылар еді. Әйтпесе қандай патриот болса да жағдай жасалмаған жерге ешкім де бармайды, – дейді Марқакөлдің тумасы, бүгінде Өскеменде тұрып жатқан ауыл шаруашылығы саласының ардагері Момынғали Кіндікпаев.      

Иә, бұл сөздің де жаны бар. Иен жатқан даланы малға, бсо қалған ауылдарды жанға толтырмай мәселе шешілмесі анық. Ең алдымен ат төбеліндей ғана халқы бар ауданға адамдарды көптеп қоныстандыру қажет. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын жүзеге асырудағы мақсат да осы. Ендеше оңтүстіктен керуен тартқан көш көлікті болсын дейік.

Қуан Сейіт
Бөлісу: