Көркем жүзуден қазақстандық жұп 2 медаль жеңіп алды

5 Сәуір, 18:02 730

Қытай астанасы Бейжіңде көркем жүзуден Әлем Кубогының алғашқы кезеңі басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алғашқы жарыс күні қазақстандық спортшылар 2 медаль жеңіп алды. Елімізге су спорты түрлерінен әлем чемпионатының алғашқы алтынын сыйлаған Эдуард Ким мен Наргиза Болатова жұбы (микст дуэт) бүгін техникалық бағдарламада күміс жүлдегер атанды.

Осыдан кейін топтық сайыста Қазақстан құрамасы техникалық бағдарламаның қола жүлдесіне ие болды. Карина Магрупова жекелей сында (техникалық бағдарлама) 8-сатыға жайғасты.

Ертең еркін бағдарламадағы жарыстар болады. Айта кетейік, бұл кезеңде 14 елден келген 85 спортшы сынға түсіп жатыр. Олар жарыс аяқталғанға дейін 11 медаль жиынтығын сарапқа салады. Осыған дейін Қытай астанасы су спорты түрлерінен 35 әлемдік жарысты қабылдапты.

Жалпы биыл Әлем Кубогының 4 кезеңі өтеді. Атлеттер Бейжіңнен кейін Парижге (3-5 мамыр), Маркхэмге (31 мамыр – 2 маусым) ат басын тіреп, шілдеде Будапеште (5-7 шілдеде) суперфиналда кім мықтыны анықтайды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: