Кореядағы жасөспірімдер олимпиадасында ел намысын 42 спортшы қорғайды

15 Қаңтар, 12:40 945

Елордада Корея Республикасында ұйымдастырылатын IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасына отандық спортшыларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Төрт жылдықтың басты жарысы 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Канвон провинциясының Каннын қаласында өтеді.

Салтанатты іс-шараға Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілдері, спорт ардагерлері, федерация басшылары мен мемлекеттік жаттықтырушылар қатысты.

Іс-шара барысында Жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу рәсімінде ту ұстайтын спортшыларға Қазақстан Республикасының Туы салтанатты түрде тапсырылды. IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанатында еліміздің байрағын шорт-тректен ел чемпионы, спорт шеберіне үміткер Ерасыл Шыңғысхан және конькимен жүгіру спортынан ҚР спорт шебері, сондай-ақ ел біріншілігінің жеңімпазы Кристина Шумакова алып шығады. Өз кезегінде Ерасыл Шыңғысхан ту ұстаушы ретінде көпшіліктің алдына шығып, салтанатты түрде ант берді.

Жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы спорттың 5 түрінен бақ сынап, 55 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қысқы Ойындарда ел намысын 42 спортшы биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шаңғы жарысы, трамплиннен секіру, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, фристайл могул және шайбалы хоккей спорт түрлерінен қорғайды.

Салтанатты жиында Ермек Маржықпаев сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Қазақстан спортшылары Тәуелсіздік жылдарында барлық Жасөспірімдер Олимпиадасында 29 медаль жеңіп алды, оның 5-і қысқы Ойындарға тиесілі. Елімізде қысқы спорт түрлерінде жеңіспен өрілген жақсы дәстүр бар. Бүгінде тек елімізге ғана емес, бүкіл әлемге танымал даңқты спортшыларымыз халықаралық қысқы жарыстарда өнер көрсетіп, үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрді. Олардың қатарында шаңғышы Владимир Смирнов, конькимен жүгіруші Людмила Прокашева, биатлоншы Елена Хрусталева, мәнерлеп сырғанаушылар Денис Тен және Елизавета Тұрсынбаева бар. Сіздер бұл Ойындарға қатыса отырып, зор тәжірибе жинайсыздар. Осы құнды тәжірибе болашақта пайдалы болатыны сөзсіз, өйткені сіздер Қазақстан ұлттық құрамасының резерві саналасыздар. Бүгін біз дәстүрлі шығарып салу рәсіміне қатысып отырмыз. Сіздерге алдағы жарыста тек сәттілік тілеймін. Осыған дейін жиған бар шеберліктеріңізді, қабілеттеріңізді паш етіп, жоғары нәтиже көрсетулеріңізге және жеке рекордтарыңызды жаңартуға тілектеспін! Біз сіздерге жанкүйер болып, жеңіс тұғырынан көрінулеріңізге шын ниетпен тілеулес боламыз, - деді министр.

Жарыстың ашылу салтанаты 19 қаңтарда Каннын қаласындағы «Gangneuung Oval» спорт кешенінде өтеді. Бұл нысанда конькимен жүгіру спортынан жарыстар ұйымдастырылады. Ал Олимпиаданың жабылу салтанаты 1 ақпан күні Каннындағы «Gangneung Olympic Park» спорт кешенінде өтеді деп жоспарланған.

Канвон-2024 Ойындарына 14 пен 17 жас аралығындағы әлемнің 70 елінен 1800 спортшы қатысады. Мұнда 7 спорт түрінің 15 бағдарламасы бойынша 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: