20 Наурыз 2014, 05:59
– Оңүстік Кореяда қазақ тілін оқып жатқан корейліктер бар. Басқа мемлекеттерде Орта Азияны тану кафедралары болғанымен қазақ тіліне дәл кәрістердей маңыз берген мемлекет жоқ көрінеді. Бұл бастаманы кәріс ағайындар өз қалауымен қолға алды ма, не түрткі болды екен?
– Қазір Корея халқының Орта Азияға, оның ішінде Қазақстанға деген қызығушылығы өте зор. Шет елді тану үшін біріншіден ол елдің тілін меңгеру өте маңызды. Меніңше кәріс ағайындар қазақ елін тану үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіп жатыр.
Орта Азияны тану кафедрасы Ханкук шетелдік білім университетінде 2004 жылы ашылды. Жыл сайын 15-20 студент қазақ тілін оқып, Қазақстан туралы білім алып жатыр. Бұл деген қуанатын жәйт қой!
Аталған университет Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетімен тығыз байланыста және екі университет арасында тіл үйрену бойынша студенттермен тәжірибе алмасу бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
– Оңтүстік Кореяда білім алып жатқан қазақ жастарына нақты қандай көмек беріліп жатыр? Кореяда алғаш рет қазақ жастарының құрылтайы өткен, осы шара жалғасын табады ма?
Иә, іс-шараға осы елдің түкпір-түкпірінде білім алып жатқан 100-ден астам жастар қатысқан. Бұл шараға ұйытқы болып жүрген жастар басқосуды “Кореядағы Қазақтар құрылтайы - 2012” деп атауды ұйғарыпты. Бұл жиын шетте жүрген қазақтардың бір-бірімен жақын танысуына, әсіресе оқуға жаңадан келіп, туған елді сағынып жүрген студенттердің жаңа достар тауып, өзге мемлекетте өзін жалғыз сезінбеуіне үлкен көмегін тигізді.
Әрине мұндай шаралар өз жалғасын табады. Елшілік Корея Республикасында тұрып жатқан қазақстандықтармен тығыз қарым-қатынаста. Олардың негізгі бөлігін қазақстандық студенттер (жалпы саны 500 астам) құрайды және олардың басым көпшілігі Корея Республикасының Жоғарғы оқу орындарында тұрақты түрде білім алуда болса, қалғандары екі елдің жоғарғы оқу орындарының алмасу бағдарламалары бойынша уақытша оқып жатыр. Студенттер негізінен Сеул қаласында және оған жақын жерлерде орналасқан университеттерде білім алуда. Елшілік оларды жыл бойы өтетін әр-түрлі іс-шараларға белсене араластыруда.
Елшілік Корея Республикасында оқып жатқан қазақстандықтармен жиі кездесіп тұрады, атап айтқанда олармен ай сайын кездесулер өткізу әдетке айналды. Әр кездескен сайын Корея Республикасында қазақстандықтарға қатысты туындап жатқан мәселелерді, бірігіп ұйымдастырылатын шараларды талқылап, хабар алмасамыз.
Жалпы Елшілікке көмек сұрап өтініш білдіретіндердің көп бөлігін жеке құжаттарын рәсімдеу, сенімхаттар, әр-түрлі анықтамалар алу сияқты консулдық мәселелермен жүгінетін азаматтар құрайды. Оларға тиісті көмек беріліп, өтініштері толығымен қанағаттандырылуда.
– Қазақ жастары арқылы Кореяда Қазақстанның келбетін жасау қаншалықты жүзеге асып жатыр? Бұл сұрақ қаншалықты сіздердің құзырларыңызға кіреді?
– Корея Республикасында еліміздің келбетін жасау Елшілік жұмыстарының негізгі бағыттарының бірі болып табылады және осы елдегі қазақ жастары араласатын шаралар да жүзеге асырылып жатыр.
Сеул қаласында өткен жылы «Korea World Travel Fair –2013» (KOTFA-2013) атты шараға қазақстандық жастар белсене араласып, қатысты. KOTFA-2013 көрмесінде қонақтар Қазақстанның туристік кеңістігімен танысып, оларға Астанада өткізілетін «Экспо-2017» туралы және жалпы Қазақстан туралы кеңінен мәліметтер таратылды.
Елшілік Сеул қаласындағы Әлемдік мәдени алмасу форумымен (The Global Cultural Interchange Forum) бірлесе отырып, “Чхусок мерекесіне арналған Әлемдік мәдени фестиваль” атты іс-шара өткізді. 100-ден астам адам жиналып, ұлтымыздың мәдениетімен танысты. Қазақ жастары мен корейліктер араласып ежелдегі ойындарды ойнады және сахнада өз өнерлерін көрсетті. Жиналған қауым қазақстандықтар көрсеткен өнерді, оның ішінде домбырада ойнау, күй айтысы, қазақ әндері мен ұлттық билерін тамашалады. Бір жырғап қалды қысқасы!
– Кореяға барған қазақ жастары заң жүзінде елшілікте тіркелуі керек. Бұл қалай жүзеге асып жатыр? Кореядағы қазақтардың саны қанша? Олар қиын жағдайда қалғанда көмек бересіздер ме?
– ҚР заңнамаларына сәйкес шетелдердегі қазақстандықтар Елшілікте тіркелуге міндетті емес. Елшіліктің консулдық бөлімі консулдық тіркеуге алуға өтініш білдіргендірді тіркеуге алады.
Корея Сыртқы істер министрлігінің статистикалық мәліметтеріне сәйкес бүгінгі күні Оңтүстік Кореяда тұратын қазақстандықтардың саны 3 мыңға жуық. Алайда, олардың ішінде қаншасының ұлты қазақ екендігі туралы ақпарат жоқ. Қиын жағдайға түскен қазақстандықтарға көмек көрсету толығымен Елшіліктің құзырында. Шұғыл көмекті аямаймыз.
– Кореяда ұлттық дәстүрді жаңғыртуға, қазақтың қазынасын көрсетуге талпынған жастарға қол ұшын созасыздар ма? Елшіліктің мұрындық болуымен нақты қандай шаралар өткіздіңіздер.
– Қазақстанның оң келбетін жасауға талпынған жастардың кез-келген бастамасын Елшілік толығымен қолдайды және оны жүзеге асыруға бар күшін салуда.
Елшілік Сеул қаласының ең ірі саябақтарының бірі Ханкангда Наурыз мейрамын өткізді. 250-ден астам қонақтар жиналған шараның негізгі мақсаты жиналған қауымға қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, мәдениетін таныстыру болып табылды.
Қазақстандық жастар сахнада өз өнерлерін көрсетіп, ежелдегі ұлттық ойындар ойналды. Жиналған қауым қазақстандықтар көрсеткен өнерді, оның ішінде тұсау кесерді, домбырада ойнауды, қазақ әндері мен ұлттық билерін тамашалады. Шара соңында ұйымдастырушылар тарапынан көзге түскен өнерпаздарға сыйлықтар табыс етілді. Аталған шарада өнер көрсетуде қазақстандық жастар аса белсенділік танытты.
Өткен жылы Корея Мәдениет және туризм институтының мәдени алмасу бағдарламасы бойынша Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері Кореяның ұлттық театрында өнер көрсетті.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбатты жүргізген – Галина АЛИМОВА, Сеул қаласынан.