Көпбалалы елордалықтар қоғамдық көлікте тегін жүре алады

7 Қаңтар 2023, 16:10 1409

Астанада қоғамдық көлікте тегін жол жүруге құқығы бар адамдардың тізімі кеңейтілді

2023 жылдың қаңтар айынан бастап елордада қоғамдық көлікте жол ақысын төлеуден босатылатын азаматтардың жеңілдетілген санаттарының саны артты, деп  хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Жыл басынан бері Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын, қалалық жолаушылар көлігі маршруттарында жол ақысын төлеуден босату түрінде әлеуметтік көмек ала алатын азаматтар санаттарының тізімі кеңейді. 

Енді бұл артықшылықты алуға болады:

1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар; 

2) жасы және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер, сондай-ақ жасы бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша зейнеткерлік жасқа толған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар; 

3) көпбалалы аналар; 

4) көпбалалы отбасылар; 

5) мүгедектігі бар адамдар; 

6) он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар, оның ішінде ата-аналарының бірі (заңды өкілдері); 

7) «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысушылар қатарынан саяси қуғын-сүргін құрбандары.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың наурыз айынан бастап елорданың барлық кәмелетке толмаған тұрғындары қоғамдық көлікте жол ақысын төлеуден босатылды.

EL.KZ
Бөлісу: