Көпбалалы кәсіпкер ана: Көмек сұрап, ешкімге қол жаймаймыз

4 Қараша 2019, 15:24 49013

 Тәттілер әзірлейтін ақмолалық кондитердің кәсібі

Елімізде жыл сайын  өз кәсібін өрістеткендер саны  көбейіп келеді. Әсіресе кәсіпкерлік әліппесін меңгеруден көпбалалы аналар да қалыс қалып жатқан жоқ. Олар бизнес бағдарламасы бойынша  қысқа мерзімді курстан өтіп, кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, бүгінде республикамызда өз бизнесін дөңгелетіп жатыр. Солардың бірі - ақмолалық көпбалалы ана Жаныл Секенова.  

Көпбалалы 44 жастағы Жаныл Секенова 2009 жылдан бері тамақтану саласында қызмет етіп келген. Күнделікті таңнан кешке дейін мейрамханаларда аспаз болып жұмыс істесе,  қолы босағанда жұрттан тапсырыстар қабылдап, түрлі тәтті өнімдер әзірлеп, қосымша табыс тауыпты. Алайда көпбалалы отбасы болғандықтан өзгенің қарамағында жұмыс істегеннен гөрі өзіне-өзі жұмыс істеуді қалап, өңірлерде кәсіпкерлікті дамытатын «Бастау» бизнес жобасына қатысуды ұйғарады. Мұндай жобаға алғаш рет қатысқан  Секеновтер  күтпеген жерден қаржылай сый ұтып алады. Ал жобада екеуі де бесінші разрядты кондитер-аспаз болғандықтан, көп ойланбастан  осы саланы таңдайды. Шамамен бір айға созылатын оқу кезінде оларға бизнес психологиясы, кәсіпті жоспарлау, маркетинг, салық режімдері, құқықтық сауаттылыққа қатысты бизнеске қажетті маңызды ақпараттардан теориялық және тәжірибелік нұсқаулықтарды үйреткен.  

- Оқу  барысында бізге бизнесімізді қалай ашу керектігі туралы жан-жақты мағлұмат пен бағыт-бағдар берілді. Оқу аяқталған соң, біз өз бизнес жобамызды қорғадық. Мен 500 мың теңге, ал жолдасым шамамен 250 мың  теңгелік грант ұтып алып, өз кәсібімізді ашуға бел будық. Аллаға шүкір, бүгінде үкіметке қол жаймай, жолдасым екеуіміз өз  еңбегімізбен табыс тауып, бала-шағамызды асырап отырмыз.

Ол қаржының көбісін Секеновтер отбасы бұрынғысына қарағанда молырақ қондитерлік өнімдер әзірлейтін құрылғылар мен түрлі қажетті заттар сатып алуға жұмсаған. Өйткені бұған дейінгі құрылғысының көлемі қазіргіге қарағанда  кішірек болған екен.

- Соның арқасында біз бұрынғыға қарағанда торттар мен өзге де тәттілерді көп көлемде әзірлейтін болдық. Қазір аудан тұрғындарымен қоса, дүкендерден де тапсырыстар қабылдап тұрамыз.

Бизнесінің арқасында  кәсіпкер ана екі қызметкерді жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Олардың бірі тәттілерді әзірлеумен, екіншісі безендірумен айналысады.

Фотода: Жаныл Секенова

Жас кәсіпкерге шағын бизнесін өркендету үшін аудан әкімдігі де өз  көмектерін аямайды. Олар көбінесе  аудан, облыс көлемінде ұйымдастырылған жәрмеңкелерге шақырып, барынша қолдау көрсетіп тұрады екен.  Өзінің сүйікті ісімен шұғылданып әрі одан  табыс тауып жатқан Жаныл Секенова кәсіппен айналысу кезінде түрлі қиындықтар болып тұратынын айтады. Солардың ішіндегі ең бастысы –  жалға алатын орын мәселесі дейді. 

- Кейде жалға берушілер ай сайынғы жалдау ақысын қымбаттатып жіберетіндіктен, тапқаныңның жартысын соған беретін кездер болады. Немесе өздері кәсіпке бет бұрып, орынды босатуды талап етеді. Осындай күтпеген мәселелер туындағанда не істерімізді білмей қиналып жатамыз. Сондықтан жалға алатын орынның өзіндікі болғаны әлдеқайда тиімдірек.

Бірақ та дәмі тіл үйірер тәттілерді пісіруді ұнататындықтан көпбалалы ана бұл кәсібін тастауды ойына да алмайды. Күнделікті жұмыстан бөлек бала-шағасына да уақыт бөлуді ұмытпайды.

- Таңғы сағат 7:00-де жұмысқа шығамын. Содан кешкі сағат 20:00-ге дейін не кейде тапсырыстар көп болған күндері бұдан кеш жұмысымды аяқтаймын. Үйге келген соң, үй тірлігімен айналысамын. Кейін жолдасым екеуіміз   балалардың сабағына қараймыз. Ата-аналық ақыл-кеңестерімізді айтып, олардың сұрақтарына жауап береміз.

Көпбалалы ана кондитерлік бизнесінен бөлек, демалыс күндері өз ауданындағы демалыс орындарында да  жұмыс істейді. Мұнда бас аспаз ретінде банкеттік кештерге түрлі  тағамдар әзірлеп, қосымша табыс табады. Жолдасы Марат Секенов те қазіргі кезде тандыр нандар әзірлеумен айналысады. Әйелі секілді бизнеспен алғаш рет айналысып жатқан отағасы бұрын орман шаруашылығында инспектор болып қызмет еткен. Көпке пайдасы мол жобадан грант ұтқандықтан қызмет жолын кәсіпкерлікке бұрған. Әйелінің айтуынша, оның бизнесіне сұраныс туристер ағылатын жаз мезгілінде артады екен.

Бір қызығы, бұл отбасыда отағасы мен отанасынан бөлек, тұңғыштары Гүлбарам Маратқызы да  кәсіпті табыс көзіне айналдырған. Ол биыл «Жас Project» бағдарламасына қатысып,  бір миллион теңге қаржылай сый ұтып алып, балалар ойын алаңын ашқан.  

- Қызым 2014 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдап, бір жылдай мамандығы бойынша жұмыс істеп, тұрмысқа шықты. Кейін жолдасымен жеке кәсіппен айналысуға кірісті. Жалпы, бизнес саласында 3-4 жылдай тәжірибесі бар.

Бір салада қызмет ететін ерлі-зайыптылар тұңғыштарынан бөлек, қазіргі кезде 10 баланы тәрбиелеп отыр. Олардың төртеуін 2017 жылы Ақмола облысындағы Есіл қаласындағы балалар үйінен асырап алыпты. Сол уақытта Эдуард – 16 жаста, Наталья – 13 жаста, Светлана – 11 жаста, Альбина – 8 жаста  болған екен. Секеновтер бір үйдің балаларын бір-бірінен ажыратпай, төртеуін де үйлеріне ертіп келіпті. Ал өз балалары оларды бөтенсінбей жылы қабылдап, тез тіл табысып кеткен екен.

Үйде де, түзде де барлығына үлгеріп жүрген көпбалалы ана жетістікке жету үшін тынбай іздену қажет екенін айтады.  

- Өзім секілді көп балалы аналарға айтарым, әуелі әркімнің бойында балаларына деген жауапкершілік болуы қажет. Әлбетте, қазіргі кезде мемлекетпен қоса, қайырымды жандар   көмек қолын созып жатқаны нұр үстіне нұр. Бірақ тек олардан ғана көмектің келуін күтіп, қол қусырып отырмай, «балаларды асырау үшін не істеу қажет?» деген сауалға үздіксіз іздену керек деп ойлаймын.

Секеновтер отбасы

Жаныл Секенованың ендігі арманы – осы кәсібінің ауқымын кеңейтіп,  үлкен кондитерлік цех ашу. Көпбалалы ана мемлекетке масыл болмай, еңбек етіп, кәсібін дамытып, бала-шағасына жарқын болашақ сыйлағысы келеді.

- Олардың сабақ үлгерімі жақсы. Болашақтарынан әкесі екеуіміз үлкен үміт күтеміз. Перзенттеріміз үшін ештеңеден аянбаймыз. Бастысы олардың тамағы тоқ, киімдері бүтін. Күнделікті қажеттіліктерімен қамтамасыз етіп отырамыз. Көмек сұрап, ешкімге қол жаймаймыз.

Айта кетерлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы ұйымдастырған бұл бағдарламаның арқасында соңғы үш жылдан бері 60 мыңнан астам адам кәсіпкерлікке бет бұрған. Олардың әрқайсысы қазіргі кезде тігін тігу, тамақ пен сән индустриясы және тағы басқа салаларда  табысты еңбек етіп келеді.

(Суреттер Жаныл Секенованың жеке мұрағатынан алынды)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: