Конституцияның баптарына түсініктемелер

6 Наурыз 2015, 10:30

Конституцияның баптарына заң саласы маманынан алынған түсініктемелер

Конституцияның 20 жылдығына орай El.kz сайты оқырмандарына арнайы жоба дайындады. Апта сайын Конституцияның баптарын оқырманға түсіндіру мақсатында арнайы заң саласы маманын шақырып, пікірін жариялап отырамыз. Бүгін заңгер Әсем Сағынбаеваның мақаласын ұсынамыз.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабына түсініктеме.

      1. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

       2. Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу.       

Адам дүниеге келгеннен бастап, өзіне қажетті әрі мемлекет тарапынан қамтамасыз етілуі тиіс құқықтар мен бостандықтарға ие және Қазақстан Республикасы Конституциясында осыған үлкен әрі маңызды назар аударылған. Әркімнің өзінің жеке басының бостандығы заң жүзінде қорғалған.  Мемлекетіміздің заңы бойынша адамның жеке басының қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, мемлекет тарапынан кепілдіктер беріледі, оларды іске асыру үшін қажетті шаралар қабылданады.Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады» деп белгіленген.

Яғни, Қазақстан Республикасы өзін:

1) демократиялық, яғни демократия сипаттары мен қағидаттары бар;

2) зайырлы, яғни дін мен мемлекеттің арасы ажыратылған;

3) құқықтық, яғни құқықтық мемлекеттің бірден бір белгісі - биліктің үш тармағы дараланған;

4) сондай-ақ әлеуметтік, яғни адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының басымдылығы қағидаты орын алған мемлекет ретінде жариялайды.

Осы аталғандарды қорыта келе, «оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп бекіткен.

Оның мән-мағынасын түсіну үшін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мынадай түрдегі түсініктеме береді:

«Конституцияның  1-бабының 1-тармағы, «Қазақстан Республикасы өзiн ...әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады; ...», - деп жариялайды. Конституцияның I-бөлiмiнің бұл жалпы ережесi, Қазақстан, мемлекеттің мүмкiншiлiгiне қарай отырып, өзiнің азаматтарына игiлiктi өмiр сүру үшiн жағдай жасау және жеке адамның еркiн дамуы арқылы әлеуметтiк теңсiздiктi жұмсартуға мiндеттеме алатын мемлекет ретiнде дамуға ниет танытады дегендi бiлдiредi. Бұл ереже Негiзгi Заңның мынадай: азаматтардың жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғалуға, тынығу, заңмен белгiленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндерiне, жыл сайынғы ақылы демалысқа құқығы (24-бап); жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айрылған жағдайда ең төменгi жалақы мен зейнетақының мөлшерiне, әлеуметтiк қамсыздандырылуға кепiлдiк берiлуi және ерiктi әлеуметтiк сақтандыру, әлеуметтiк қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасаудың және қайырымдылықтың көтермеленуi (28-бап); азаматтардың денсаулық сақтауға, заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмек көлемiн тегiн алуға құқығы (29-бап); тегiн орта бiлiм алуға, конкурстық негiзде тегiн жоғары бiлiм алуға кепiлдiк берiлуi (30-бап); адамның өмiр сүруi мен Денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны мемлекеттiк қорғау (31-бап); отбасын, ана мен әке және баланы мемлекеттiк қорғау (27-бап); мемлекеттің азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасауы, тұрғын үйді заңмен белгiленген нормаларға сәйкес мемлекеттiк тұрғын үй қорларынан азаматтардың шама-шарқы көтеретiн ақыға беруi (25-бап), сияқты әртүрлi нормаларында ашылады»(«Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағын ресми түсiндiру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001 жылғы 21 желтоқсан № 18/2 қаулысы).

Осыдан шығатыны, «әлеуметтік» деген термин бұл мемлекеттің өзiнің азаматтарына игiлiктi өмiр сүру үшiн жағдай жасауы және жеке адамның еркiн дамуы арқылы әлеуметтiк теңсiздiктi жұмсартуға мiндеттеме алуы.

 Ал екінші тармағына келер болсақ: Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу.
           
Республика қызметінің түбегейлі принциптерінің бірі – қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық. Қазіргі таңда елбасымыз өзінің сарабдал саясатының басты тетігін татулық пен саяси тұрақтылыққа негіздеген. Саяси тұрақтылық саялы бәйтерек секілді. Еліміздің тыныштығы мен қоғамдық татулығы ата заңда айрықша қағида ретінде қарастырылған. Қазақстандық патриотизм деп мемлекет тұлғасының өз жеріне, еліне деген сүйіспеншілігі, сол ықыласты өз әрекеттерімен жеткізе білуін айтамыз. Біздің еліміз мемлекетіміздегі аса маңызды мәселелерді демократиялық жолмен шешеді. Оған келесі баптарды саралау барысында толығырақ тоқталатын боламын.

Бөлісу: