«Конституциялық Сот» Заңының қабылдануы үлкен өзгеріс әкеледі – саясаткер

5 Қараша 2022, 18:09 1747

Өзгерістердің барлығын қоғамдық деңгейде халық игілігіне тездетіп іске асыру қажет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айында өткен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумнан кейін қабылданған бірқатар маңызды заңға қол қойды. Бұл туралы саясаткер Мақсат Жақау өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz.

Мақсат Жақау Конституцияға енген өзгерістердің маңызы жайлы айтты.

«Еліміз үшін Президенттің Конституциялық өзгерістерге қол қойған заңнамалары келешекке деген, әсіресе мемлекетіміздің саяси бағыттағы өзгерістеріне үлкен мүмкіндік беретін маңызды құжаттар болып есептеледі. Қаңтар оқиғасынан бастап трансформациялау, ішкі саяси бағытты қайта қарау, мемлекеттің құрылымдық деңгейдегі өзгерістердің бастамасы ретінде саяси көзқарастарды өзгерту қажеттілігі туды. Жаңадан Конституциялық өзгерістерді енгізу туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыз күні Жолдауында да айтқан болатын. Сол ұсыныстардың барлығы маусым айындағы референдум арқылы да нақты белгіленді», – деді саясаткер.

Ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірқатар заңға қол қоюын көптен бері күттік дейді.

«Мемлекеттің демократиялық жаңа қадамды түрленіп, өзгеруі үшін сөзсіз институционалдық, азаматтық құқықтық, әкімшілік жауапкершілік, жергілікті өзін-өзі басқару деңгейінде, тұтасымен алғанда жүйелі өзгерістердің қажеттілігі көрінді. Әрине осы өзгерістер күтілгендей, оған заңнамалық тұрғыдан қол қойылуы керек болған. Көптен күткен сәт келіп, алдағы Қазақстанның даму бағытында біршама құзіреттілік анықталып, демократиялық принциптер нақтылана келе, жергілікті жерден бастап өзін-өзі басқару идеясы іске асты», – деді ол.

Саясаткер қол қойылған 6 заңның ішінде «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты» туралы заңына ерекше тоқталды.

«Елімізге «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты» туралы заңның қабылдануы үлкен өзгеріс әкеліп отыр. Азамат құқығынан бастап сайлау мәселесіне дейін барлығының Конституциялық деңгейде жүрген, жүрмегенініне де баға беретін осы заң. Меніңше, бұл жерде айтылатын мәселе өте көп. Дегенмен өзгерістердің барлығын қоғамдық деңгейде халық игілігіне тездетіп іске асыру қажет»,  – деді Мақсат Жақау.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: