Биыл мемлекетіміздің басты құжаты Ата заңымыздың қабылданғанына 29 жыл толды. ҚР Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда қабылданды. Мерекеге орай El.kz тілшісі заң ғылымының докторы, профессор Ермек Абдрасуловпен сұхбаттасқан еді.
El.kz: Конституцияның мемлекет үшін рөлі қандай?
Ермек Абдрасулов: Конституцияның рөлі мемлекет пен қоғам үшін маңызы өте зор болуы тиіс. Барлық заңдар, басқа да нормативтік құқықтық актілер Конституцияға сәйкес болуы керек. Конституция мемлекеттің негізі және фундаменті болып табылады. Ата заңымызда мемлекеттің формасы, мазмұны, адамның, азаматтың құндылығы, олардың бостандығы мен құқықтары бекітіледі. Мемлекет пен қоғамның тіршілік әрекеті ҚР Конституциясының қағидаттары мен ережелеріне сәйкес болуы тиіс.
Конституцияны мемлекеттің стратегиялық даму жоспары ретінде қарастыруға болады. Өйткені Ата заңымызда мемлекет қызметінің мақсаты мен міндеттері көрсетіледі. Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары.
Егер барлық субъектілер конституциялық нормаларды ұстанатын болса, олардың принциптерін орындайтын және сақтайтын болса, онда бұл жағдайда мемлекеттік механизм адамдардың құқықтары мен өркендеуі үшін жұмыс істейді.
El.kz: Референдумның нәтижесінде Конституцияға енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың негізінде Әділетті мемлекет, Жаңа Қазақстан құра алдық па?
Ермек Абдрасулов: Референдумның нәтижесінде Конституцияға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар қысқа мерзімде Әділ, Жаңа Қазақстанға әкеле алмайды. Бұл салыстырмалы түрде жылдам процесс емес. Біріншіден, Конституцияға сәйкес заңнамалық актілерге көптеген өзгерістер енгізілді. Екіншіден, осы жаңа заң нормаларды қоғамдық тәжірибеге енгізу де уақытты қажет етеді. Үшіншіден, қоғамның құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасы да тез өзгермейді. Қоғамда оң процесстермен қатар непотизм, трайбализм, сыбайлас жемқорлық және басқа да жағымсыз құбылыстар терең тамыр жайды. Төртіншіден, біздің бүкіл өмірімізді конституциялау процессіне жасырымды қарсылық білдіретін күштер әлі де бар.
El.kz: Жалпы Конституцияға көп өзгерістер енгізіліп жатыр. Заң тұрақты болу керек қой деп айтып жататындар бар. Бұған көзқарасыңыз қалай?
Ермек Абдрасулов: Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар соңғы жылдары ғана емес, қабылданғаннан кейін бірден енгізіле бастады. Жылдан жылға мемлекеттік механизмді жетілдіруге бағытталған өзгерістер енгізілді. Алайда іс жүзінде Мемлекет басшысының билігін күшейтіп, оны конституциялық тұрғыдан халық көсеміне айналдырды. Бұл қоғамдағы көптеген жағымсыз құбылыстарға әкелді: жағымпаздыққа, непотизм және сыбайлас жемқорлыққа.
Сондықтан соңғы өзгерістер Конституцияның көптеген қағидаттары мен нормаларын бастапқы көздеріне қайтаруға бағытталған. Мәселен ҚР Президентінен Үкіметке, Парламентке және жергілікті билік органдарына көптеген өкілеттіктерді беру. Халық қайтадан сайлауда тек партиялық тізімдерге ғана емес, жеке азаматтарға да дауыс беру құқығына ие болды. Бұдан басқа, жеке адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ететін ҚР Конституциялық соты құрылды, адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесі конституциялық деңгейге көтерілді.
El.kz: Құқықтық мемлекет құру үшін ең басты фактор не?
Ермек Абдрасулов: Құқықтық мемлекет – қоғамның бірегей институты. Құқықтық мемлекет билік пен қоғамды Заңның бақылауына алады. Конституция мен заңның үстемдігі қағидалары сақталған мемлекет қана құқықтық мемлекет болып саналады. Осы орайда, құқықтық мемлекет құрудың басты факторы – Мемлекет басшысынан бастап, депутаттар, министрлер, әкімдер, қарапайым азаматтарға дейін еліміздің барлық субъектілері заңға бағынуы.
El.kz: Президент өз сөзінде биліктің заң шығарушы органымен Конституциялық соттың арасындағы байланыс тығыз болу керек деп айтады. Осыған қатысты не айтасыз?
Ермек Абдрасулов: Конституциялық Сот пен Парламент тығыз байланыста болуы керек, өйткені екі мемлекеттік институт та заң шығару процессіне қатысады. Егер Парламент заңдарды қабылдаса, Конституциялық Сот заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексеруді қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасы Парламенті мен Конституциялық Соттың өзара іс-қимылының бірнеше жолдары бар. Біріншіден, бұл алдын ала конституциялық бақылау, ол кезде заң қабылдау сатысында Парламент палаталарының депутаттары мен төрағалары заңның конституцияға сәйкестігі туралы талап қоя алады. Екіншіден, заң күшіне енгеннен кейін бірқатар субъектілер де заңдардың конституцияға сәйкестігі мәселесі бойынша Конституциялық сотқа жүгіне алады. Үшіншіден, Парламент Конституциялық Соттың Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды. Осындай жұмыс барысында Парламент пен Конституциялық сот барлық заңдардың Конституцияға сәйкес болуын қамтамасыз ету үшін бірлесіп күш салуы керек. Конституциялық Соттың заңнаманы жетілдіру бойынша ұсынымдарының да маңызы зор.
El.kz: Кейінгі кезде қоғамда зорлық-зомбылық пен қатыгездік белең алып барады. Әйелдер мен балардың әлімжеттік көргені, соққыға жығылғаны туралы ақпарат күн сайын шығады. Осындай қылмыстардың тамырына балта шауып, біржола тосқауыл қою үшін не істеу керек? Халық елдегі заң әлсіз деп отыр. Сіздің пікіріңіз?
Ермек Абдрасулов: Менің ойымша, заң қазір қатайды. Проблема қоғамдық сана сезімде жатыр. Қазақ қоғамындағы патриархалдық қатынастардың, патриархалдық дүниетанымның, қоғамдық сананың мазмұны ғасырлар бойы қалыптасып, біздің заманымызда да берік болып отыр деп ойлаймын. Несін жасырайық, патриархалдық көзқараста, егер әйел тамақты нашар әзірлесе, күйеуіне дұрыс көңіл бөлмесе және оның нұсқауларын орындамаса, еркектерге қол көтеруге мүмкіндік берді. Бүгінгі күнге дейін қоғамымыздың кейбір бөліктерінде әйелдің күйеуінің, сондай-ақ күйеуінің жақын туыстарының (әкесінің, ағаларының) атын атауға тыйым салу сияқты көзқарастар мен әдет-ғұрыптар әлі де бар. Сонымен қатар, енеге бағыну, оның күнделікті нұсқаулары, дәстүрлі мінез-құлықты сақтау қажеттілігі туралы әңгімелерін тыңдап отыру міндеттерін де айтып өту керек. Сондықтан гендерлік теңдікті орнату үшін әлі де көп жұмыс істеу керек. Бұл қоғам мен мемлекеттің барлық институттары үшін үлкен міндет.
El.kz: Мемлекеттің мүддесін қорғау деген сөз көп айтылады. Ал мемлекетті құратын бұл – адам. Алдымен азаматтардың мүддесін және солардың жағдайын жақсарту керек емес пе? Сіз қалай ойлайсыз?
Ермек Абдрасулов: Мемлекет үшін өмір сүретін адам емес, мемлекет адам үшін қызмет етеді. Ал мұндай жағдайда адамның өзі мемлекетті қорғауға ұмтылады. Өйткені мемлекет оның қорғалуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, еңбек пен демалыс үшін қажетті жағдай жасайды.
El.kz: Конституцияда не өзгермеу керек?
Ермек Абдрасулов: Конституцияда мемлекеттік құрылыстың негіздерін өзгертпеу керек. Бұл – демократия, заң үстемдігі, құқықтық мемлекет, адам құқықтары мен бостандықтары, республикалық басқару, мемлекеттің зайырлылығы, мемлекеттік құрылымның бірлігі (унитарлық), президенттік билік мерзімі, биліктегі адамдардың жүйелі түрде ауысуы, мемлекеттік тіл.
El.kz: Қазіргі Ата Заңға көңіліңіз тола ма?
Ермек Абдрасулов: Мен қазіргі уақытта Конституцияның мазмұны мен нысанына толықтай қанағаттанамын. Алда жаңа міндеттер болуы мүмкін, өмір бір орында тұрмайды, конституциялық модельдеу қалыпты құбылыс. Дегенмен, Ата Заңымыздың іргетасы мызғымас болуы керек.
El.kz: Сұхбат бергеніңізге көп рақмет!
Қазіргі Конституция жалпыхалықтық референдум негізінде 1995 жылдың 30 тамызында қабылданып, 5 қыркүйегінде күшіне енді. Ата Заңымыз 9 тарау және 98 баптан тұрады.
Конституция – мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат. Ол мемлекеттік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерді орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші Конституциясы. Алғашқы конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын. Бұл Конституция Қазақстанның демократиялық өркениетті мемлекет құруына алғышарт болды. Мемлекеттің тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, оны ары қарай басқару жүйесіне құрылымдық реформа жасауға негіз болды.
Конституция осы заманғы мемлекеттіліктің маңызды белгісі, мемлекеттің бастапқы саяси және құқықтық құжаты болып табылады. Қазіргі кезде Парсы шығанағындағы кейбір абсолютті монархияларда (Сауд Арабиясында, Оманда) ғана Конституция жоқ. Мемлекеттің барлық басқа заңдары оның қағидаларына барынша сәйкестендіріле отырып қабылданады.