«Конституция – тәуелсіздікті айқындаушы басты құжат»

24 Тамыз 2020, 11:10 4479

Конституция – Қазақстанның тәуелсіздігін айғақтайтын басты құжат. Ол қоғам мен мемлекетті өркениетті дамыған елдердің қатарына жетелейтіні анық. Сол себепті, ондағы әрбір нормаларды, қағидаларды, идеяларды, әрбір азаматтың құрметтеуін қадағалау керек. Осы орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясының Солтүстік Қазақстан облыстық журналистер клубының мүшесі, СҚМУ журналистика кафедрасының 2 курс студенті Мақпал Ерғалиева Конституция тарихын тізбектеп шықты.


­– Қазақстан қазіргі заманауи бағыт пен бұрынғы ағымның қосындысы. Жаңа қалыптасып жатқан еліміздің басты құжаты болып есептелетін Конституция Тәуелсіздігіміздің айқын көрінісі. Қазақстан Республикасының Конституциясы бүкілхалықтық референдумда 1995 жылы 30 тамызда қабылданған болатын. Конституция кіріспеден, 9 бөлімнен, яғни 98 баптан тұрады. Ата Заңымыз қабылданғаннан соң, әр жыл сайын бұл мереке атап өтілуде. Қазірде, бейбіт елімізде көптеген келеңсіздіктер орын алып, халқымыздың қаймақтай ұйыған тыныштығын бұзуға талпынғандар да ортамыздан қылаң береді. Бірақ, қандай жағдай болмасын біз бір жұдырық болып бірігіп, жеңіп шығамыз деген ойдамын.

Биыл Ата Заңымыздың қабылданғанына – 25 жыл. Ширек ғасыр өтсе де осы күнге қалай жеткенімізді ұмытпау керекпіз дейді Мақпал.

– Осы орайда, өткен тарихымызға көз жүгіртіп, маңызды жылдарды шолып өткім келп тұр. Себебі, тарихсыз бүгінгі күннің болмайтыны белгілі. 1917-1920 жылдары қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы құрылып, жұмыс жасаған уақыт. Алашорданың құрамында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Ж.Ақбаев, Б.Қаратаев сияқты дүлдүлдер болды. Одан кейін Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов секілді қазақтың елін, жерін ойлаған нарқасқа ұлдар болды. 1936 жылы Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы РСФСР-ден бөлініп, Қазақ КСР болып қайта құрылды. 1937 жылы Кеңес Одағының басқа өңірлерінен халықтар мен этникалық топтарды Қазақстанға жаппай жер аудару басталды. 1937-1938 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің, тау-кен металлургия, зооветеринарлық, ауылшаруашылық, Медициналық және алты мұғалімдер институтының алғашқы түлектері шықты. 1949 жылы Семейде алғашқы кеңестік атом бомбасы сыналды. 1954-1961 жылдары Тың және тыңайған жерлерді игеру басталды. Қазақстанға миллионға жуық адам қоныс аударды. Әскери полигонның, кейіннен Байқоңыр ғарыш айлағының құрылысы жүргізілді. Дүние жүзінде алғаш болып КСРО азаматы Юрий Гагарин ғарышқа ұшты. 1986 жылы 17-18 желтоқсан аралығында Алматыда қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары өтті. 1991 жылы көптен күткен Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланды. Жаңа мемлекеттің тәуелсіздігін бірінші болып Түркия, АҚШ және Қытай таныды. 1997 жылы астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру басталды. Осылайша, жас мемлекеттің астанасы Астана қаласы болып танылды. 2010 жылы Беларусь, Ресей, Қазақстан Кеден одағында өз жұмысын бастап, Еуразиялық экономикалық одақ негізі дайындалды.

Қазіргі Қазақстан ретінде, ел ретінде, мемлекет ретінде қалыптасуы талай сынаққа шыдап, ұлан-байтақ жерді сақтап қалған­ халқымыздың, салиқалы саясатымен жас мемлекетті аяғынан тұрғыза білген Елбасымыздың арқасында деп ойлаймын. Біраз тер төгілді, экономиканың тұрақты қалыптасуы үшін де бірталай шаруалар атқарылды. Не себептен, елдің қалыптасуына, халықтың да қосқан үлесі бар деп отырмын? Себебі, тұғырлы ел, өзін халықсыз, ұлтсыз, тілсіз, қалай ғана елестетпек? Бостандықтың жолында, өз заманында батырларымыз, біртума ақындарымыз, жазушыларымыздың өмірі қиылды. 1986 жылдары наразылық білдіріп, алаңға шығып, қорықпай, қайсарлық танытқан жастарымыз қаншама.

Мақпал Ерғалиева тәуелсіздіктің бірден-бір көрсеткіші Конституция деп санайды. Ол бейбіт еліміздің дәрежелі жетістігі.

– Ертеңгі күнімізге сенімді болуымыз үшін салиқалы, тәрбиелі ұрпақ өсіріп, мемлекет өз кезегінде жақсы білім алуға бар мүмкіндікті жасауы қажет. Сондықтан да, жастар ­елдің бүгіні және ертеңі. Конституция күніне орай, жастар Конституция күні туралы біле ме екен деген сұрақ туындап, сауалнама жүргізген едім. Расында да олардан алынған жауап көңілімнен шықты.

Аслан, 16 жаста:

«Кезінде, елдің ауызбіршілігі әлсірей бастады. XVII ғасырда хандықты нығайтуға Тәуке хан күш салды. Ол үшін мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын заңдар қажет болды. Өзінен бұрынғы хандардың тұсында, Қасым ханның “Қасқа жолы”, Есім ханның “Eскі жолын” негізге алып, жаңа заң жүйесін жарыққа шығарды. Біздің атақты үш биіміз, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бас қосып, Тәуке ханның “Жеті жарғысы” деген заңдар жиынтығын шығаруға атсалысты. Менің ойымша, біздің қазіргі Заң жинағымыз, тарихи жинақтарға негізделіп жазылған. Қазір, мектеп оқушысымын. Болашақта тарих пәнінен мұғалім болғым келеді. Тарих еліміздің кешегі басып өткен жолы, өте маңызды бөлшегі. Кешегі тарих, бүгінгі күні бізге үлкен сабақ. Бұл күнгі жетістігіміз, тәуелсіздігіміз, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда өмір сүріп жатқандығымыз кешегі қасық қаны қалғанша тәуелсіздік жолында күрескен ата-бабаларымыздың арқасы деп білемін».

Айдын, 18 жаста:

– Қазіргі Ата Заңымыз 1995 жылы 30 тамызда Бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Оның құрылымы кіріспеден, 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Қателеспесем, Конституцияға 1998 бен 2007 жылдар аралығында өзгерістер енгізілді. I бөлім жалпы ережелерден тұрады. II бөлімде ең негізгі құндылық болып саналатын адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары туралы айтылған. III бөлімде Президенттің міндеттері, IV бөлімде Парламенттің міндеті мен құқығы туралы жазылған. Ал V бөлімде Үкіметтің, VI бөлімде онституциялық Кеңес туралы, VII бөлімде Сот жүйесінің қызметі жайлы айтылады. VIII бөлім мен IX бөлім Жергілікті мемлекетті басқару, өзін-өзі басқару мен қорытынды және өтпелі ережелерге арналған. Өзім болашақ заңгермін. Заңды білмегенім, ұят болар. Енді ғана 2 курсты аяқтасам да, Ата заңымызды барынша біліп, жаттап жүруге тырысамын. Ертең өз мамандығымның нағыз білгірі болып, мемлекетіме қызмет еткім келеді.

Фатима, 16 жаста:

– 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Республикамыздың Тәуелсіздігі мен Егемендігі туралы Заң қабылдады. Бұл тарихи құнды құжат. Тәуелсіз мемлекетіміздің Конституциялық, құқықтық негізін қалады. Осы сәттен бастап, дербес ел болып іргеміз бекітіліп, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жер-жаһанға жария етілді. Ағымдағы Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық Референдум негізінде қабылданды және 5 қыркүйек күні өз күшіне енді.

Әнуар, 21 жаста:

- Қоғамға үнемі жаңалық керек. Жаңа қуат қажет. Бұның барлығы Конституцияда көрініс табуы керек деп ойлаймын. Елдің экономикасын реттейтін ол - Конституция. Қуатты экономика елдің әлеуетін көтеріп, дамыған елдердің қатарына қосатын ұлы күш. 2017 жылғы конституциялық реформа қоғам мен мемлекеттің бір ізді даму жолында жаңа кезеңді ашып берді. Салық полициясында жұмыс жасаған соң, Заңның ауырлығын түсінетіндеймін. Біздің жұмыс, салықтық құқықтың сақталуын қадағалау, жемқорлықтың алдын алу және т.б. Ата Заңымызды барынша сақтап, соның аясында жұмыс жасап келеміз.

Балқадиша, 17 жаста:

- Қазақстан қазір қиын сәттерді бастан кешіруде. Бірақ бірлігіміз жарасса, біз барлық асуларды бағындырамыз деп ойлаймын. Конституция елімізге жинақылық пен тәртіпті сақтау үшін керек. Ағымдағы Конституцияның қабылданғанына биыл тура 25 жыл толып отыр. Конституция ­– тәуелсіздіктің бірден бір көрсеткіші. Алдағы уақытта, еліміз беріп жатқан білімнің нәрін сіңіріп, болашақта мемлекетіміздің нығаюына өз үлесімді қосуға тырысамын.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: