Конькимен жүгіруден Қазақстан чемпионаты өтуде

26 Қазан 2016, 10:45

«Алау» мұз айдыны

Астанада конькимен жүгіру спортынан Қазақстан чемпионаты өтуде.

«Алау» мұз айдынында өтіп жатқан жарысқа биыл еліміздің 8 өңірінен 130 спортшы қатысуда.  

Кенже Сәрсекенова, ҚР конькимен жүгіруден мемлекеттік жаттықтырушысы:  

— Жарыстың басты мақсаты — Әлем кубогына және алда келе жатқан халықаралық жарыстарға спортшыларды іріктеу болып табылады. Осы жарыста жүлдеге ие болған спортшылар және жақсы өнер көрсеткендер бас бапкердің шешімімен Ұлттық құрамаға алынады. Қарашаның 6-13 аралығында Әлем кубогоның төрт кезеңіне қатысады. Биылғы жылы Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы, Алматы қаласының спортшылары қалған облыстарға қарағанда басымырақ.

Жарысқа жастар арасында Әлем чемпионы, екі мәрте Олимпиада ойындарының қатысушысы, Ұлттық құраманың көшбасшысы Екатерина Айдова да қатысуда. Бес жүз метрді 37 секундта жүгіріп өтетін Айдова осы жолы 40,8 секунд уақыт көрсеткішімен мәре сызығын кесті.  Кейінірек спортшы өзінің төмен көрсеткішінің себебін түсіндірді.  

Екатерина Айдова, конькимен жүгіруден ұлттық құрама мүшесі:

— Мен үшін жарыстың алғашқы науқаны өте қиынға соғуда. Осыдан төрт ай бұрын маған омыртқа арасындағы жарықты (грыжа) алу үшін ота жасалған болатын. Сондықтан бүгін менің мойынымда екі есе ауыр жүк тұр деуге болады. Жазғы уақытта жаттықпағаным бүгінгі көрсеткішіме әсер етіп жатыр.  Алдағы уақытта жарыстың ортасына қарай жақсы көрсеткіштер көрсетуге тырысатын боламын.

— Ұлттық құрамаға ілігуге мүмкіндігіңіз бар ма?

— Ұлттық құрама сапында өнер көрсететініме сенімдімін. Алған жарақатыма қарамастан 500-1000 метр қашықтықта мен көшбасшымын.

— Еліміздің ішкі чемпионаттарының деңгейін қалай бағалар едіңіз?

— Әрине, ішкі жарыстардың деңгейі өсуде. Бір-екі жыл бұрын ғана жасөспірім болған балақайлар бүгін кәсіби спортшыларға айналғанын байқауға болады.

— Қазақстан құрамасы алдағы Әлем кубогына дайын ба?

— Ерлер құрамасына тоқталатын болсақ, Роман Креч бүгінгі таңда өте жақсы нәтиже көрсетуде. Әлемдік рейтинге қарайтын болсаңыз, ол бүгінгі таңда үздіктер қатарында. Сондай-ақ, Денис Кузин өзінің қашықтығында өте сәтті өнер көрсетуде. Ал әйелдер құрамасына келер болсақ, Татьяна Сакирка және мен (Екатерина Айдова. ред.) Әлем біріншілігінен «жүлде алады» деп сенім артқан спортшылармыз. Біз жарысқа дайынбыз!

  

Конькимен жүгіруден Қазақстан чемпионаты 28 қазанға дейін жалғасады. Жарыс қорытындысы бойынша жеңіске жеткен спортшылар Ұлттық құрамаға алынып, алда келе жатқан төрт бөліктен тұратын Әлем кубогына қатысады. Әлем кубогының бірінші бөлігі — Қытайда, екінші бөлігі — Жапонияда, үшінші бөлігі — Қазақстанда өтеді.


Рустем ӘЛПИ

Фототілші — Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ 

Бөлісу: