Көңіл күйдің төмендеуі, есте сақтаудың нашарлауы... Тәттінің ми жұмысына әсері қандай

5 Желтоқсан 2023, 17:22 1348

Бір жеген шоколадыңыз көңіл күйіңізді түсіріп, есірткіден де бетер тәуелділікке әкелуі мүмкін. Диетологтар көп адам қант тек таза түрінде немесе кәмпит құрамында ғана болады деп қателесетінін айтады. Ал шындығында қантты күнделікті жеп жүрген көп өнімнен кездестіруге болады. Мысалы, жеміс йогурты, сүзбе, соус, шұжық, консервіленген, кондитерлік өнім, шырын. Осыған байланысты қантты мүлде тұтынбау мүмкін емес. Десек те, шегін білу маңызды. Себебі қанттың ми жұмысына кері әсері жетерлік.

Тәуелділікке ұшыратады

Жоғары гликемиялық индексі бар (яғни қандағы қант мөлшерін тез көбейтетін) азық-түліктер аштық сезімін тудырып, тіпті тәуелділікке алып келеді. Кішкене тәтті жеген соң, тағы да жегіңіз келіп тұратыны содан. Егер оған ерік беріп, өзіңізді тоқтата алмасаңыз мидың жұмысына айтарлықтай зиян тигізесіз. Ғалымдар мұның қаупі есірткіге тәуелділіктен де жоғары дейді. Нәтижесі диабет пен семіздікке алып келеді.

Есте сақтау қабілетіне әсер етеді

Қантты күн сайын көп мөлшерде пайдалану есте сақтау қабілетін төмендетеді. Мұны тышқанға зерттеу жүргізген ғалымдар дәлелдеп отыр. Олар тышқанның гиппокампында қабыну процессін байқаған. Ал диета сақталған тышқандарда мұндай байқалмапты. Әрине, бұл жағдайды дұрыстауға болады, ол үшін қантты аз қолданып, гликемиялық индексі төмен өнімдерді пайдалану керек. Және де рационыңызға пайдалы майлар мен куркуминды қоссаңыз есте сақтау қабілетін жақсартуға болады.

Көңіл күйге кері әсер етеді

Біз тәтті жесек көңіл күйіміз көтеріледі деп ойлайтынымыз ақиқат. Ғалымдар жиырма үш мың адамның тамақтану дағдыларын бақылай келе, тәттіні көп пайдаланатын адамдар депрессияға көбірек ұшырайтынын анықтаған. Сонымен қатар, диабеттің екінші типімен ауыратындар, қан құрамында глюкозаның деңгейі көп болғанда, уайымға салынып, көп мұңайтындарын жеткізген. Шынында дені сау адамдардың өзі қант деңгейі көбейгенде өз эмоцияларын ұстай алмайтындары белгілі болды.

Ақыл-ой қабілетімізге кедергі келтіреді

Қандағы глюкоза деңгейінің жоғары болуы қан-тамыр жүйесіндегі проблемаларға әкеп соқтырады. Ұзақ уақыттан бері диабетпен алысып келе жатқан адамдарды бақылай келе, олардың есте сақтау қабілеті төмендеуі мен басқа да когнитивті функциялардың бұзылуы анықталған.

Диабетпен ауырмайтындардың өзі қандағы қант мөлшерінің көптігінен ақыл-ой тапсырмаларында төмен нәтиже көрсеткен. Сонымен қатар, көп қант қосылған тамақ жаңа білімді үйренуге көмектесетін BDNF ақуызының өндірілуін төмендетеді. Бұл ақуыздың мида аз болуы деменция мен Альцгеймер ауруларының туындауына алып келеді.

Сонымен қатар, тәттіні көп жеуден қалқанша безінің, бүйректің қызметі де бұзылады. Сүйек, тыныс жолдары, және ішек-қарын аурулары пайда болады. Асқазан, эндокрин бездері мен жүйелері мазалайды. Жүректің соғу ырғағы бұзылады. Мұндайда адам өз-өзінен шаршағыш келеді. Көңіл-күй төмендеп, жүйкесі әбден жұқарып бітеді.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: