Көне өнердің жаңа тынысы

29 Наурыз 2017, 12:48 9423

Қолөнерші Айгүл Жансеріковамен сұхбат

Бүгінде нәзік жібекке жүнді кіріктіріп киім дайындау сәнге айналды. Сахна жұлдыздарының көбінде осындай киімдердің бар екенін байқауға болады. Ал оның түп-төркіні киіз басу өнерінен бастау алатынын көпшілік біле бермейді. Біз мысалға келтіріп отырған киімді дайындап, текті өнер-текеметті де басып, киізден түрлі кәдесый жасап шығаратын «Aigul Line» деп аталатын кәсіпорын бар. Шеберхананың негізін қалаған қолөнерші Айгүл Жансеріковамен сұхбат құрдық.

— Киіз басу өнерін бизнеске айналдыру идеясы сізге қалай келді?

— Мен 2009 жылы Германияда тағлымдамадан өттім. Сол жердегі голландықтардың, немістердің киіз басатын шеберханасын араладым. Батыстың әйелдері бұл кәсіп арқылы нан тауып жүргеніне қатты қайран қалдым. Анығында көшпелілердің ұлы мұрасы біздің елде жаңарып, жаңғыруы керек еді ғой. Жоқ, керісінше, біз ұлы өнерді ұмытып бара жаттық. Ол сапарға дейін киіз басу менің жәй ғана хоббиім болатын. Осы оқиғадан кейін мен кәсіп ашуға кірісіп кеттім. Алғашында шағын кәсіп болып ашылғанбыз, қазір киіз басу өнерін үлгі етіп ұстанған патенті бар серіктестікпіз.

— Қазір киіз бұйымдарына сұраныс қандай?

— Сенесіз бе, киіз бұйымдарға сұраныс күн сайын артып келеді. Басында достарым мен туыстарыма киізден жасаған бұйымдарымды тарту етіп қана жүретінмін. Бірақ сол сый алған адамдарым табиғи өнімнің ерекшелігіне таңырқанып, тапсырыс бере бастады. Тіпті шетелден келген саяхатшыларға да киіздің ерекшелігін түсіндіріп жатудың түкке де қажеті жоқ болып қалды. Олар табиғи өнімді қауана-қуана сатып алып жатады. Емдік қасиетін жиі тілге тиек етеді. Бүгінгі таңда еліміздегі тұтынушылардың да саны артқаны сондай, тапсырысты жасап үлгеруге уақыт жетпей жатады.

— Жүнді қайдан аласыздар?

— Біз қазақстандық жүнді ғана пайдаланамыз. Қазіргі кезде Жамбыл өңірінен алынған, тазаланып, түтілген жүнді қолданудамыз. Басқа да өндірушілермен жұмыс жасауға дайынбыз.

— Жүн өндірісі біздің елде жолға қойылған ба?

— Бізде мүмкіндік бар. Бірақ соны пайдалана алмай отырмыз. Елімізге жүн өңдеу жөніндегі кластер құру қажет. Бізде мал шаруашылығы бар, бірақ оның жүні мен терісін өңдеу жолға қойылмаған. Жүн мен тоқыма жіптерін өңдейтін зауыттар мен фабрикаларды жоғалтып алдық қой. Енді соны қайтадан қолға алуға тиіспіз. Бұл салада атқарылатын жұмыстар өте көп. Оның боялуы, түтілуі өз алдына бөлек жұмыс. Демек, осы саланы жақсылап қолға алсақ, көп адамға жұмыс та табылар еді.

— Шамалап айтқанда 3х4 текеметті жасап шығуға қанша күн кетеді?

— Текемет басу — қол еңбегі. Сондықтан сіз айтып отырған көлемді текеметті төрт шебер бір аптаның ішінде ғана бітіре алады. Оның үстіне мұндай текеметті түрлеп шығуға ауқымды кеңістік қажет. 3х4 көлемді текеметті 4х5 көлеммен шабақтап шығу керек болады. Себебі су мен сабын жүнді жиыратынын ескеру керек. Сонымен қатар, төрт шебердің еркін қозғалып тұруына да орын қажет болады.

— Бұрын текеметті шиге орап, балалар аяқпен теуіп, иін қандырып басушы еді. Сіздерде жаңа технология бар ма?

— Біз дәстүрлі әдісті сақтап қалуды ұйғардық. Текеметтің сапасы жақсы болуы үшін барлығын қолмен жасап шыққан дұрыс. Бұл машақатқа шыдамы жетпейтіндер де бар.

— Үйренгісі келетіндерге сабақ өтер ме едіңіз?

— Бірнші күннен бастап-ақ осы өнерді өзгелерге үйретуді мақсат тұттым, бірақ шыдам мен креативті ойлауды талап ететін кәсіптің бұл саласына көбі шыдай  алмай, жарты жолдан қалдырып кетеді. Соған қарамастан демеушілер табылып, арнайы тренингтер ұйымдастырылып жатады.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу: