Кондуктор – құрметтеуге лайық кәсіп

26 Ақпан 2018, 12:39 13839

«Өз кәсібім – өзіме ұнайды»

«Неге екенін білмедім, бірақ кондукторларды көбісі құрметтеу былай тұрсын, бар өшін, ашу-ызасын алатын адам көреді. Түсінемін, әсіресе жұмыстан соң шаршап-шалдығып, жүйкесі жұқарып қайтады. Оған біз тап боламыз. Тіпті жол ақысын кондуктордың қалтасына салып тұрғандай өктем сөйлейтінін қайтерсің», – дейді №61 автобустың кондукторы Айгүл Үсіпбекова.

Айгүлдің осы қызметте жүргеніне төрт жылдың шамасы болған. Алғашында жекеменшік жолаушы таситын көліктен бастаған. Жо-жоқ, ол қызмет жолын кондуктордан бастаған жоқ. Негізі өзі үлкен компанияда білдей бухгалтер болған. Ол Тараз қаласында бірнеше жыл балабақшаның бас бухгалтері болып қызмет атқарған екен. 2004 жылы Астана қаласына қоныс аударған соң, әуежай есепшісі болып жұмысқа тұрған. Декреттік демалысқа шығып, қайта жұмысқа оралам дегенше, қысқартуға ұшырап кетіпті.

Айгүл 2 қыз, 2 ұлдың анасы. Отағасы да қалаішілік жолаушы тасымалдайтын автобуста жүргізуші. Екеуі алмасып жұмысқа шығады.

«Келесі аялдама Шарль де Голь көшесі, түсетіндеріміз есікке қарай жақындап тұрамыз» – деп, күлімсіреп әрбір аялдаманы хабарлап тұрған Айгүл жұзі таныс жолаушылардың   хал-жағдайын сұрап жатыр.

«Кей кісілерді күнде көремін, таныс болып кеттік», – дейді.

Бұл автобус жақында ғана қолданысқа берілген екен. Сол себепті, әлі хабарлаушы орнатыла қоймапты. Оның қызметін орындау кондукторға аса ауырлық етпейтінін байқап тұрмыз.

«2006 жылы ипотекаға үй алдық, оны төлеу бар, бала-шағаны бағу бар, соның бәрі отағасына ауыр түсіп кеткен соң, қандай да бір кіріс көзі қажет болды, өз мамандығыммен бірден жұмыс табу да қиын. Өзіміздің жолаушы таситын көлік болған соң, ойланбастан жүргізуші болып жүрген жолдасыма көмектесейін деп шештім. Міне, содан бері кондуктор болып жүрмін».

Айгүл қанша аялдама болса, сонша рет консольға (билет беретін валидатор) жүгіріп отырады. «Міне, мұнда қала көрсетілген, сондай-ақ ересектерге, балаларға берілетін билеттердің арнайы тетігі бар. Кейде Astra-карта арқылы төлеушілер көбейіп кетеді де, консольдан шығарған билеттерім уақыты өтіп, жарамсыз болып қалады» – дейді.

«Сіз картаңызды бастыңыз ба? Сіз ше? Отыра беріңіз, мен басып бере салайын, келесіде өзіңіз жасаңыз» – деп, кірген әр үлкен кісілерден сұрап жүрген Айгүл: «Бұрын зейнеткерлер тек кітапшасын көрсете салатын, қазір оларды осындай карталармен ауыстырды. Үлкен кісілер ғой, бір жайғасып алған соң, қайта тұрып карталарын басуға шамалары болмайды.

Ондайда өзім көмекке келемін. Сол сияқты бұрын қалаға басқа өңірлерден келген зейнеткер-қонақтар да кітапшасын көрсетіп, тегін жүретін. Қазір тек астаналықтар ғана тегін жүретін мүмкіндікке ие. Сол сияқты оқушылардың да мені алдағысы келетіндері көп. Әрқайсысынан сұрап отырмасаң, карталарын баспай түсіп кету мүмкін», – дейді.

Таңнан кешке дейін кондукторға тыным жоқ. «Бос орындарға жайғасып алыңыздар!», «Қазір сізге билет әкеп берейін!», «Келесі аялдама «Оқушылар сарайы!».

Айгүлдің айтуынша, әрбір екі жарым айналымнан соң, тамақтануға 30-35 минуттық үзіліс беріледі. Жолаушылардың көбеюіне байланысты, әңгімемізді сол соңғы аялдама «Жылутранзитке» келгенде жалғаймыз деп шештік.

«Кейде кептеліс болып қалады, кейде қала көшелерінде жарыстар ұйымдастырылады, сол 30 минуттық үзіліске де жете алмай қаламыз. Бірден жаңа айналымға жүріп кетеміз. Жолда жүрген соң, сенім жоқ».

«Жылутранзит» №25 пен №61 автобустардың аялдайтын жері. Мұнда кішігірім 5-6 адамға арналған асхана бар. Жүргізуші Серік аға мен Айгүл жылдамдатып, тамақтанып алды. Бұл кезде сағат 11:40 болған.

«Таңғы асым – осы. Бүгін мысалы, сағат 5:30-да жүріп кетуіміз керек болды. Ол үшін мен таңғы 4:30-да ояндым. Жылдамдатып киініп, қызметтік автобуска мініп алып, автопаркқа келдік. Сосын бригадирлерден жолдамамызды аламыз. Ол жолдамада шығу саны белгіленіп тұрады. Диспетчерлік пунктке келіп, ондағы кассирлерімізден билеттік есеп аламыз. Қазір консоль қосылғалы бері, лента беріледі. Билеттік есеп ведомствосын аламыз да, өзіміздің белгіленген автобусымызбен жұмысқа шығамыз.

Бүгін 9-шығыс санымен жүрміз. Бастайтын жеріміз – «Жағалау». Біздің тілімізде «ашу және жабу» деген сөздер бар. Біз сол «Жағалаудан» бірінші болып ашамыз. «Жылутранзит» пен «Жағалаудың» ортасында жүріп, 6,5 айналым жасаймыз. Неге 6,5 деп тұрған боларсыз? Себебі, біз «Жылутранзитен» бастап, сол жермен аяқтасақ, 6 болар еді. «Жағалаудан» осында келгеніміз жарты болып есептеледі.

Біздің әрбір сағатымызға 310 теңге төленеді және кассаны аман-есен тапсырғанымыз үшін арнайы төлем бар. Мұның бәрі айлық ретінде төленеді. Ауырып қалсақ, емге төлем аламыз, зейнетақы қорымызға қаржы салынып тұр. Араға бір күн салып жұмысқа шығамыз. Біздің маршрутта әр айналымға 6500 тг жинау жоспары бар. Мәселен, бүгін 42250 тг тапсыруым керек. Егер ол сомадан артық жиналса, сыйақы беріледі. Қаңтар айында қатты аязда берілген жоспарды жаба алмай қалған кездеріміз болып жатты. Ол кезде жалақымыз азады.

Үзіліске берілген уақыт лезде өте шықты. Тағы да кондуктор жолаушы мен консоль арасында жүгіріп жүр.

«Сізден сұрасам бола ма? – деді осы сәтте бір жолаушы, – Неге Astra картамен қазір басқа маршрутқа ауыссам екі рет төлем алады? Сосын ішінде қанша қаржы қалғанын қалай көрем?

– Сіз шығатын кезде, картаңызды аппаратқа қоюды ұмытпаңыз, сонда алдағы бір сағат көлемінде тағы бірнеше автобус ауыстыра аласыз. Ал ішіндегі ақшаны көру үшін мына екінші тетікшені басыңыз.

Айгүл көптеген адамдар картада көрсетілген ескертпеге назар аудармай, осындай келеңсіздіктерге тап болып жататынын айтады.

«Ол келеңсіздіктер ештеңе емес қой. Осыдан біршама уақыт бұрын автобуста жалғыз жәутеңдеп отырған балаға көзім түсті. Алғашында аса мән бермедім. Қаншама аялдамалардан өттік. Жақындап барып, «Балам, кіммен жүрсің?» дедім. Ол «атаммен» дейді. Сөйтсек, көп автобустар аялдамаға тоқтағанда, атасы екеуі екі бөлек маршрутқа отырып кеткен екен. Жылдамдатып полицияға хабар бердім. Олар соңғы аялдамада күтіп тұратын болды. Сөйтсем, баланың туыстары да 102-ге хабарласып үлгеріпті. Осылайша, аман-есен ата-анасына тапсырдық. Сол оқиғадан соң, балаларға аса мән беретін болдым».

«Біздің жұмыс қызмет көрсету саласының бір түрі ғой. Не түрлі адамдарды көріп жатамыз. Әрине, барлығына мән бере бермеймін. Өз көңіл-күйімді өзім көтеріп жүрмесем, ешкімнің жаны ашымайтыны белгілі. Жақын күндері автобусқа жасы егделеу ер кісі мінді. Сөйтсек, №51 екен деп шатасып кетіпті. Әбден жерден алып, жерге салды. Ауыр сөздер айтты. «Неге мұның басқа көлік екенін айтпайсың?» деп бұлқан-талқан болды. «Жоғары жаққа шағымданамын» деді. Әрине, бізге жолаушылармен дауласуға болмайды. «Олардікі әрқашан дұрыс!» деген қағидамен жүреміз. Егер арыз түссе, есекерту аламыз. Айлығымыз қысқарады. Сонымен, ол кісінің арыз жазбағаны белгілі болды».

Кей аялдамаларда автобус іші лық толады.

«Әне, есіктің төбесіне қараңызшы, сигнализацияны көріп тұрсыз ба? Міне, сол арқылы біз автобусқа қанша адам мініп, түскенін біле аламыз».

«Мәселен, кешкілік адам автобуста сыймай кеткенде, аялдамадан түсіп қалу үшін бір-біріне жол беріп жатады. Сонда сыртқа шығып, қайта кірген адамды басқа жаңа жолаушы ретінде есептеп қояды. Күніне шамамен 1500 адамдай тасимыз. Кейде 1800-ге жетеді. Бүгін соңғы айналым 21:23 де аяқталады. Бірақ, бұл жұмыстың біткені емес. Күні бойы жолаушылардан жинаған ақшамызды тапсыруым керек. Консольдан шыққан билеттерімнің есептемесін шығарып алам. Билеттік есеп ведомствосын әр жарты айналым жасағанда толтырып тұрамыз. Қанша билет сатылғанын есептейміз. Ақшаны жайғастырып, қағаз купюрлерде есептеп, кассаға тапсырамыз. Бұл шаруаға шамамен 25 минуттай уақыт кетеді».

Міне, содан кейін ғана үйге қайтуға рұқсат. Қызметтік автобустарға үлгерсем, сонымен қайтамын, болмаса, өзіміз жетіп аламыз. Бізге тек өзіміздің автопаркке қарайтын маршруттармен жүру тегін болады. 

Бір күндік шаршаудан кейін, дем алып, қол-аяғымызды жазып, үй шаруаларына кірісемін. Ал одан кейінгі күн тағы да - осы! Өз жұмысым - өзіме ұнайды. 

Фото автордікі

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: