Комплаенс-офицерлердің негізгі міндеті қандай? Маман түсіндіріп берді

19 Тамыз, 16:30 476

Еңбек нарығы жыл сайын өзгеріп, жаңа мамандықтар пайда болады. Трендттегі жаңа мамандықтың бірі – бизнес пен іскерлік саладағы қауіп-қатерді сейілтіп, тәуекелдермен күресетін комплаенс-офицер маманы (compliance officer). Компанияның немесе ұйымның көпфункционалды позициясын атқаратын мамандар ішкі саясат пен ережелердің сақталуын бақылайды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтайды. Олар компанияда тәуелсіз тұлға ретінде компанияның бас директорына немесе директорлар кеңесіне тікелей есеп береді. Сыбайлас жемқорлық өршіген кезеңде осы бір мамандық иелеріне деген сұраныс та арта түскен.

Комплаенс-офицерлердің компаниядағы мәртебесі өте жоғары. Аталмыш саланың мамандары әрбір процестің стандарттарға және басқа да нормативтік талаптарға сәйкестігін мұқият тексереді. Халықаралық нормаларды ескертіп, компания қызметкерлерін арнайы оқытады. Ұйым ережелерінің, корпоративтік мәдениет қағидаларының және бизнестің этикалық нормаларының сақталуын қадағалайды. Бүгінгі кейіпкеріміз Сағидолла Сәкенов комплаенс-офицердің негізгі міндеттері мен жұмысы туралы айтып берді.

El.kz: Соңғы жылдары барлық компанияларда комплаенс-офицерлер қызметіне кіріскені белгілі. Олардың негізгі міндеттері қандай?

Сағидолла Сәкенов: Иә, соңғы жылдары квазимемлекеттік секторда комплаенс-офицерлердің қызметі құрылып, белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Біздің негізгі міндеттеріміз – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң шеңберінде квазимемлекеттік сектор тарапынан қодланыстағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету, қызметкерлерге тиісті оқыту курстарын жүргізу, көбіне превинтивтік алдын алу шараларын өткіземіз. Мониторинг жүргізіп, талдаулар жасаймыз. Қажет болған жағдайда қызметтік тексеру де өткіземіз. Бірақ бұл комплаенс-офицерлердің қызметі сыбайлас жемқорлықпен ғана шектеліп қалады деген сөз емес. Сонымен қатар біздің банкте істейтін әріптестеріміз бар. Биржа мен акция саласында да комплаенс-офицерлермен жұмыс істейді. Сонымен қатар қазіргі уақытта өзекті болып отырған санкциялық комплаенс деген бар. Яғни, комплаенстың түрі көп және компания немесе ұйымның қай салада қызмет атқаратынына байланысты комплаенстің бағыты да өзгеріп отырады.

El.kz: Сіздің комплаенс-офицер мамандығына қызығушылығыңыз қалай оянды? Бұл саладағы еңбек жолыңыз қалай басталды?

Сағидолла Сәкенов: Мен комплаенс саласындағы қызметімді 2021 жылдың күзінде бастадым. Сол кезде мен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне қарасты «Қазына Капитал Менеджмент» ұйымына Тәуекелдерді басқару және комплаенс департаментіне  комплаенс менеджер болып жұмысқа орналастым. Осы салада жұмыс істеп жатқаныма үш жылдың жүзі болды. Бірнеше квазимемлекеттік компанияларда қызмет атқардым. Бұл сала маған өзінің жаңашылдығымен ұнады. Сондай-ақ заңгер жұмысын басқа қырынан қарауға мүмкіндік туындады.

El.kz: Комплаенс қызметкері ретінде қандай қиын жағдайларды шешуге тура келеді?

Сағидолла Сәкенов: Комплаенс қызметкерінің жұмысы әрине оңай емес. Жан-жақты болу керек. Сонымен қатар бұл жердегі жұмыс комплаенстан бөлек этика,әдеп нормаларын сақтау бойынша, ұйымның ішіндегі корпоративтік мәдениетті қалыптастыруға заңбұзушылықтарға жол бермеуге, оның алдын алуға бағытталады. Яғни, біз салдарлармен күреспейміз, себептерінің алдын аламыз. Болашақта мұндай құқық бұзушылықтардың болмауы үшін бар күш-жігерімізді саламыз.

El.kz: Табысты жұмыс істеу үшін комплаенс-офицерлер қандай қабілеттер мен дағдыларды меңгеруі тиіс?

Сағидолла Сәкенов: Бірінші кезекте ол қолданыстағы заңнаманы жетік білуі қажет. Сонымен қатар маманның бойында hard skills-тардан бөлек soft skills-тар табылғаны жөн. Яғни, керек кезде ұйым ішінде коммуникация орнатып, өз позициясын дұрыс жеткізуге және аудиториямен, ұжымдағы әріптестермен тіл табыса білуі маңызды. Сондай-ақ бұл жұмыс икемділікті өте қатты қажет етеді. Заң талаптары мен ережелер күн сайын өзгеріп жатады. Соларға дер кезінде мониторинг жасап, өзіміздің ұйымымызға қатысты қолдану секілді міндеттемелер бар. Одан бөлек ұйымдастырушылық қабілет маңызды рөл ойнайды.

El.kz: Комплаенс-офицер маманның компанияның корпоративтік мәдениетіндегі рөлі мен маңызы қандай?

Сағидолла Сәкенов: Қазіргі таңда корпоративтік мәдениет компанияның табысқа жетуде негізгі құралдардың бірі деп есептеймін. Комплаенс-офицер баршаға бірдей қолайлы ортаны қалыптастыру үшін тиісті жұмыстарды жүргізуі қажет. Ол компаниядағы моральдік климаттың, сондай-ақ әдеп нормаларының сақталуына қатысты  барлығының тең құқықта болуына жауап береді.

El.kz: Түсінгеніміздей, қазір іскерлік саладағы қауіп-қатерді сейілтіп, кәсіпті табысты жүргізу үшін комплаенс-мамандары ауадай қажет. Бірақ университетте мұндай маман иелерін арнайы оқытпайтыны белгілі. Бұл мәселенің шешімі қалай болмақ?

Сағидолла Сәкенов: Бірнеше жыл бұрын жоғарғы оқу орындарында арнайы комплаенс-офицерлерді оқытатын тиісті оқу бағдарламалары болмады. Бірақ соңғы жылдары Алматыдағы НарХоз университетінде, сондай-ақ Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов атындағы университетте магистратурада оқу бағдарламалары ашылды. Қазір аталған университеттерде мамандар даярланып жатыр. Енді уақыттың талабына сәйкес комплаенс-офицерлерге сұраныс болғаннан кейін бакалавриат деңгейінде де тиісті оқу бағдарламалары ашылады деген ойдамын. Сонымен қатаросы бағытта білім беретін көптеген орталықтар бар. Қазір Комплаенс және іскерлік әдеп ассоциациясы мен «Зерде» оқу орталығы мамандар дайындап шығаруда. Яғни, олар арнайы курс өткізіп, сертификаттар табыстайды.

El.kz: Заңдар мен нормативтік құқықтық актілердегі өзгерістерді қалай бақылап, жүзеге асырасыз? Жаңа ереже мен процедураларды енгізу кезінде компанияңыздағы қарсылықпен қалай күресесіз?

Сағидолла Сәкенов: Әрбір ұйымның қызметкерлері өздеріне тиісті салаға қатысты жаңашылдық немесе заң жобасында өзгерту енгізілген сәттен бастап арнайы мониторинг жасайды. Бізде Ашық НҚА порталынан қарап, қандай өзгерістер мен толықтырулар жоспарланғанынан хабардар болып отырады. Сол заң жобасының талқылауға шыққан сәтінен қабылданғанға дейін бақылап отырады. Сәйкесінше өзгерістер күшіне енгеннен кейін біздің ішкі нормативтік құжаттарды ретке келтіріп, компания қызметкерлеріне хабарлап, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

El.kz: Компания қызметкерлері комплаенс талаптарын бұзғанда немесе ережелерін сақтамағанда қандай шара қолданасыз? Сақтамау қаупін азайту үшін қандай әдістер қолданасыз?

Сағидолла Сәкенов: Біз заңмен белгіленген және құқық субъектісі үшін міндетті болып табылатын құқық нормаларға сүйеніп жазалау шараларын қолдана алмаймыз. Императивтік нормаларды қолдану біздің құзыретімізге жатпайды. Біз керісінше ондай жағдайларды болдырмаудың алдын аламыз. Ал егер аталған жағдайлар орын алған жағдайда тиісті қадағалаушы, бақылаушы органдар тарапынан санкциялар қолданылатын болады. Алайда, біздің негізгі мақсатымыз – мұндай жазалау шараларына дейін жеткізбеуге тырысу. Мәселені ушықтырмай, алдын алу шараларын қабылдауымыз керек.

El.kz: Сіздің компанияңыздағы сәтті енгізілген комплаенс-жоба туралы мысал келтіре аласыз ба?

Сағидолла Сәкенов: Қазір жұмыс істеп жатқан компаниямда комплаенс-офицердің қызметі енгізілгеніне аса көп уақыт өткен жоқ. Десе де, жобалық басқару шеңберінде үлгілік базалық бағыт «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және превенция бағыты» бойынша жұмыс істейміз. Осы бағыт бойынша осы уақытқа дейін тиісті құжаттарды бекіттік. Сондай-ақ заңнама шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бізге жүктелген тиісті жұмыстардың бәрін атқарамыз.

El.kz: Алдағы уақытта комплаенс саласындағы трендтер мен тенденциялар қалай өзгеруі мүмкін?

Менің ойымша, алдағы уақытта комплаенс саласының дамуының өте көп спектрі бар. Геосаяси, экономикалық жағдай болсын қазіргі таңда компаниялар тиісті реттеуші органдардың тарапынан салынатын санкцияға ұшырамау үшін және компанияның беделі мен абыройына нұқсан келмеуі үшін дер кезінде шешім қабылдайды. Бұл саланың маңыздылығын түсініп келеді. Себебі, қазір бизнесті этика талаптарына сәйкес жүргізу бірінші орынға қойылады. Сондықтан да осы комплаенс-офицерлердің қызметі де, маңызы да, сондай-ақ статусы жоғарылап, жалақысы көбейе түседі деп есептеймін.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: