Қолөнер – жаңа мүмкіндіктерге жол ашушы

17 Мамыр 2019, 15:52 12204

Арнайы мектептегі білікті ұстаздың шебер оқушылары

Жаһандану заманы жағадан алғанда қолөнердің келешегі қалай болар екен деп алаңдайтынымыз рас. Десе де, оны насихаттаушы әрі шәкірт тәрбиелеуші жандар барда ол өнердің тынысы тарылмайтынына сенім білдіреміз. Ұстаздық етіп, ұлы іс жасап жүрген ұлағатты ұстаздардың бірі ­– Марат Жолдыбайұлы Раушанов. Ол Елордамыздың Арнайы балаларға арналған №2 орта мектепте еңбек сабағынан дәріс береді. Мараттың қиын да қызықты салада еңбек етіп келе жатқанына тура 14 жыл болыпты.

Фотода: ұстаз шәкірттерімен

«Өзімнің еңбек жолымды Екібастұз қаласында осындай арнайы мектептен бастағанмын. 2012 жылы Нұр-Сұлтанға келіп, ұстаздық жолымды жалғастырдым. Шоқан Уәлиханов атындағы педагогикалық университеттің «Сызу өнері және Еңбек» мамандығын бітіргенмін. Бала кезімде суретші болғанды армандаған едім, десе де өмірдің өз жоспары екен. Алғашында мұндай бағыттағы мектепте оқитын балалармен жұмыс істеу қиындық туғызғанын жасырмаймын. Себебі,олармен тіл табысу үшін темірдей төзім қажет еді. Әрқайсысының ыңғайын табу да өте маңызды».

Арнайы мектепте өзіне тән оқытудың әдіс-тәсілдері бар, мәселен мұндай білім ордасында басты пән "еңбек" боп саналады. Сол себепті, ол бір жұмада сегіз сағат оқытылады. Одан бөлек түстен кейінгі уақытта түрлі үйірме жұмыс жасайды. «Басқа мектептерде теорияға көп мән берілсе, мұнда тек тәжірибелерге негізделген сабақтар өтеді. Себебі, балалар тыңдағаннан гөрі, өздері қолмен ұстап, сезінгендерін тез қабылдайды. Өкінішке қарай, кей балалардың есте сақтау қабілеті нашар болғандықтан, өтер сабақтың алдында кешегі тапсырмаларды бір еске түсіріп кетеміз», - дейді педагог.

Ол 14 жылдың ішінде қабақ түйіп, ұрысқаннан балаға ештемені ұғындыра алмайтынына көзі жеткендігін айтады. Жақсы көңіл-күймен қарсы алып, жылы қабақ танытқанда ғана бала құлшыныспен тапсырмаларды орындауға кіріседі. Бұл мектепке келген оқушылар екі топқа бөлінеді: біріншісіне диагноздары жеңіл балалар кірсе, келесі топқа ақыл-есінде кемшілігі барлар жатады. Сонымен қатар, оқушылар 4-9 сынып аралығында еңбек сабағын үзбей өтеді. Марат Жолдыбайұлы, осы пәннен өтетін жарысқа балаларды екі жыл бойы дайындайды екен. "6-сыныпта ғана оқушылар барлық әдістемені игеріп, көрмелерге қатысуға дайын болады", - дейді ол. Ұстаз "ерекше" балалар басқаша оқыту тәсілін талап ететінін жасырмайды. Себебі, оларға сызғыш, церкуль секілді оқу құралдарын пайдалану аса қиындық тудырады. Сондықтан ұстаз өзі ойлап тапқан қол әдістемесінің негізінде өлшеу жұмыстарын жеңілдету үшін арнайы құрылғылар жасап шығарған. 

Фотода: оқушылардың жұмыс барысы

«Біздің оқушылар өнерге өте жақын болады. Оны өздері де байқамайды. Балалар еңбек сабағының табалдырығын аттағанда аса іске икемді бола бермейді, келе-келе талмай еңбектенудің арқасында жақсы нәтиже беріп жатқанын көріп, жігерленемін. Мен оларға мұғалім ретінде қарамаймын. Бірінші топтың балалары, екінші топтағы қатарластарына көмектесіп, олардың осы пәнге қызығушылығы оянуына септігін тигізіп жатады. Кейде еңсесі түсіп отырған баланың көңілін көтеру үшін күй орындап беремін».

Арнайы мектептерде сыныпқа бөлудің өзіндік ерекшелігі бар. Алдымен ұлдар мен қыздар топтары құрылып, одан соң ақыл-ойына қарай жіктеледі де, сыныптарға бөлінеді. Әр сыныпта 5-6 оқушыдан артық болмайды. Себебі, мұғалім 40 минутта олардың әрқайсысымен жұмыс жасап үлгеруі керек.

Бұл мектепте тәлім алатын оқушылар ағаштың төрт түрімен және пенеплекспен жұмыс жасайды. Әсіресе, кесуге ыңғайлы, салмағы да жеңіл фанера материалы жиі қолданылады. Мұндай  мектептер толығымен мемлекеттің қарамағында болғандықтан, жылына бірнеше рет керек құралдар жеткізіліп тұрады. Тәрбиеленушілердің қолынан шыққан бұйымдар мектеп қабырғаларынан бөлек, көрмелерге қойылып тұрады.  Балалардың жақсы шыққан өнімдері жылына бір рет RIXOS қонақ үйі ұйымдастыратын қайырымдылық аукционында сатылады. Марат қазақи нақышта оюланған бұйымдар шетелдіктердің назарын жиі аударып, тез сатылып кететінін айтады. Бұл аукционнан түскен қаржы мектептің керек-жарағына жұмсалады екен. Айтпақшы, талантты балалардың қолынан шыққан бұйымдарды мектепке іздеп келіп, сатып алатындар да табылып жатады. Яғни, әрбіріміздің есеп бөлімімен келісіп ұнаған затымызды меншіктей алуға мүмкіншілігіміз бар. Бұйымның авторына да өз ілтипатымызды білдірудің маңызы зор.«Қолдарынан шыққан дүниелері көпшілікке ұнап жатқан оқушыларым одан сайын еңбектене түседі», – дейді Марат Жолдыбайұлы.

Фото: Жаңа туынды

Мұндай «ерекше» балалардың назарын өзіне аудару үшін ұстаздың қолданатын бірнеше тәсілі бар. «Алдымен шеберлік сыныбын өткізіп, балаларды қызықтырып алу керек», – дейді ол. Содан кейін ғана сабаққа кірісуге болады. Кейде балалар жан-жаққа қарап, алаңдап, байыз таппай отырғанда домбыраның көмегі тиеді. Күй терапиясы олардың жан дүниесіне оң әсер етіп, жайландыра түсетін көрінеді.

Мараттың оқушылары қазақтың барлық оюларының аттарын жатқа біледі. Тез қағазға түсіру керек болса, түрлі амалдар қолданып, керек нақышты алдыңызға қояды. Ұстаз мұндай балалармен жыл сайын тіл табысу оңай бола түсетінін айтады. Себебі, әр оқушының өзіне тән ым-ишарасына уақыт өте бейімделіп,  үйреніп кетесің.

«Өзіміздің ортақ тіліміз бар. Ең қиыны даун дерті мен аутист балалармен қарым-қатынас орнату. Олар көп сөйлемегенімен, уақыт өте тіл табысып кетеміз».

«Бір мұғалімнің еңбегі жақсы, екі маманның нәтижесі тез. Ол көп болса тамаша», - демекші Марат Жолдыбаұлы басқа мектептегі әріптестерімен тығыс жұмыс жасайды. Олар жиі дөңгелек үстел ұйымдастырып, білгендерін ортаға салып, тәжірибе алмасады. Оның үстіне жыл сайын барып тұратын арнайы  курстардың да көмегі зор. Қазіргі таңдағы жаңа бағдарламаның арқасында Алматы қаласында квалификацияны жоғарылатуға мүмкіндік бар. Марат соңғы жылдары осы саладағы жас мамандардың саны күрт азайып кеткеніне алаңдаулы: «Жастар өте шыдамсыз, аз уақыт жұмыс істеп кетіп қалады. Меніңше, жаман  жұмыс жоқ.  Әр саланың өз қиындығы мен қызығы қатар жүреді», - дейді ол.

Бұл арнайы мектепке оқулықтарды шетелден алдырып, тәржімалайды екен. Соның салдарынан ұстаздар өз тәжірибелерін ортаға сала отырып, жаңа әдістемелер жазып шығуға ұмтылады.  «Мен де қазіргі уақытта «пеноплекспен жұмыс» жайында әдістемемді жазып жатырмын. Кітап жазу оңай екен деп қалмаңыз. Қолыңмен жасап тұрған нәрсені, кітапқа түсірудің өзі де бір өнер екен. Қуанышыма орай, әріптестерім барынша көмектесіп келеді», дейді ұстаз.

Фото: Оқушылардың қолынан шыққан бұйымдар

Марат Жолдыбайұлының бүгінге дейін «Қазақстанның халықты, сәндік-қолданбалы өнердегі жаңа қырлары» қалалық байқауының «Мүсін өнері» номинациясы бойынша Гран-при, «Рухани жаңғыру» бағларламасын іске асыру мақсатында «Қазақстандағы ұлттық сәндік-қолданбалы өнеріндегі жаңа қырлары» атты бейнелеу, технология және ұстаздарға арналған қалалық байқауда «Сәндік қолданбалы өнер» номинациясы  бойынша ІІ орын секілді көптеген жүлделерге қол жеткізген.

Білікті маманның балалары да денсаулығына қарамастан, талмай еңбек етіп, ұстаздардың айтқанынан шығып келеді. «Бірінші топ балалары ішінде ерекше атап өтер оқушыларым бар. Олар бірнеше жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр», - дейді Марат.

Мәселен, Сұмағұл Нұрасыл, Теңел Нұрқанат пен Ержан Дінисламдар жасаған бұйымдар республикалық деңгейдегі көрмелерге шығып, келушілердің ыстық ықыласына бөленген. Одан бөлек ол бұйымдар мектепаралық, қалалық, облыстық сайыстарда бірнеше рет үздік атанған. Балалардың жасаған дүниелеріне қарап отырып, таңданысымызды жасырмадық. «Кейде сарапшылар олардың авторы оқушылар екеніне сенбей жатады» - дейді Марат Жолдыбайұлы.

Балалар шеберханаға жиналып, сүйікті істеріне кіріспес бұрын олармен тілдесіп үлгердік.

8 "б" сыныпта дәріс алатын Сұмағұл Нұрасыл бұған дейін жалпы орта мектепте оқыған екен: «Бірінші күні мектепті ұнатпағаным рас. Бірақ, еңбек сабағынан соң, ол ойымды түбегейлі өзгерттім. Күнімнің жартысын осы шеберханада өткіземін. Болашақта Марат ағай секілді ұстаз болатын шығармын. Өзіме жасап жүрген бұйымдарым қатты ұнайды, ал сатып алушылар табылса тіпті қуанамын», – дейді ол.

Нұрасылдың сыныптасы Теңел Нұрқанат та жалпы орта мектеп білім алған екен. «Алғашында үйренісуім қиын болғанмен, уақыт өте достар тауып, қолөнерге қызығушылығым артты. Марат ағайдың сабағын өткізбеуге тырысамын, кейде 4-сынып оқушыларына көмек қолымды созамын», – дейді ол.

Осы сыныптың тағы бір оқушысы Ержан Дінислам бұл мектепте 2-сыныптан бері оқып келе жатқанын айтады: «Негізі сурет салғанды ұнатамын. Мектептегі көп уақытым осы шеберханада өтеді».

Марат Жолдыбайұлының ең бірінші мақсаты – балалардың денсаулығына қарамастан өмірден өз орнын табуға көмектесу. «Өнерлі қол - бақытқа жол» демекші олардың болашағы жарқын болатына ұстаздың сенімі мол.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: