Колледждерде 10 мыңнан астам маман кәсіпорын сұранысымен оқиды

19 Сәуір 2023, 17:56 817

Жыл сайын қазақстандық колледждерде кәсіпорындардың нысаналы тапсырысы бойынша 10 мыңнан астам маман даярланатын болады, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Бұл жөнінде Оқу-ағарту министрлігінің мүдделі мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың өкілдерімен, құрылыс саласы кәсіпорындарының басшыларымен, жергілікті атқарушы органдармен және техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдар басшыларымен еліміздің құрылыс саласын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі бірлескен отырысында белгілі болды.

Вице-министр Еділ Оспанның айтуынша, бүгінде құрылыс саласы үшін кадрлар даярлау еліміздің 224 колледжінде жүргізілуде. Онда 22 мыңға жуық адам оқиды, оның 88%-ы мемлекеттік білім тапсырысы бойынша.
Жыл сайын құрылыс мамандықтарына сегіз мыңға жуық адам түседі, түлектердің 60-65%-ы жұмысқа орналасады. Бүгінде біз колледждерге академиялық дербестік бердік, бұл жұмыс берушілермен бірлесіп кәсіптік стандарттар мен нарық талаптары негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Сондай-ақ, кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрларды нысаналы даярлау басталды. 2022 жылы кәсіпорындардың өтінімдері бойынша барлығы 7 727 адам қабылданды, оның ішінде 2 250 адам құрылыс мамандықтары бойынша. Жалпы, кадрларды нысаналы даярлау көлемі жыл сайын 10 мың талапкерге дейін ұлғаятын болады, - деп атап өтті вице-министр.
Сонымен қатар, талқылауға Индустрия және инфрақұрылымдық даму, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының, «Атамекен» ҰКП, салалық қауымдастықтардың өкілдері мен жұмыс берушілер қатысты. Кеңесте еңбек жағдайлары, студенттерді дуальды оқытумен қамтуды арттыру және жас мамандарды қолдау шаралары мәселелері көтерілді.

Осы тұрғыда, Оқу-ағарту министрлігі жанынан тиісті шешімдерді әзірлеу және қабылдау мақсатында кадрларды даярлау жөніндегі өзекті мәселелерді талқылау үшін диалог алаңы құрылатындығын атап өту қажет.
EL.KZ
Бөлісу: