Көлікке SOS батырмасын орнату бойынша талаптар алынып тасталды

27 Қыркүйек 2023, 03:23 598

Мәскеуде өткен ЕЭК Кеңесінің отырысында Қазақстан отандық өндірушілер мен шетелдік автокөлік өндірушілерінің ресми дистрибьюторларының автомобильдерді 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін шұғыл жедел қызметтерді шақыру құрылғыларымен немесе жүйелерімен (SOS батырмасымен) жарақтандырмау құқығын қорғады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

СИМ мәліметінше, премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин басқарған қазақстандық тараптың ұсынысымен ЕАЭО-ға қатысушы барлық елдер келісті. Тиісті өзгерістер Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы шешіміне енгізілетін болады. Осылайша, отандық көлік құралдарын өндірушілер мен шетелдік өндірушілердің ресми өкілдері 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін шұғыл шақыру құрылғыларымен жарақтандырусыз сәйкестікті бағалауды жүргізе алады және M және N санаттағы көлік құралдарын (жүк және жолаушы) айналымға шығара алады.

Мұндай шешім Қазақстанның автомобиль саласының дамуына оң әсерін тигізеді. Көлік құралдарының модельдік желісін кеңейтуге және Қазақстан нарығына жаңа брендтердің келуіне ықпал ететін болады.

Естеріңізге сала кетейік, ЕАЭО елдерінің аумағына әкелінетін Т және М санатындағы жеке автокөлікті шұғыл және жедел қызметтерді шақыру құрылғыларымен (SOS батырмасымен) жарақтандыру жөніндегі талаптар Кеден одағының техникалық регламентінде айқындалған. Бұған дейін, 2024 жылғы 1 ақпанға дейін ЕАЭО елдерінің осы санаттағы көлік құралдарының ресми импорттаушылары мен өндірушілері осы міндеттемелерден босатылды.

Автокөлік иелерінің қондырғының қымбаттығына (шығарылған жылына байланысты кедендік тазарту құнының іс жүзінде 25%) өтініштерін, SOS түймелерін дайындауға арналған чиптер мен компоненттердің тапшылығын назарға ала отырып, сондай-ақ, қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты шетелдік автоөндірушілердің аккредиттелген ресейлік сынақ зертханаларында осы құрылғылардың іске қосылуына бағалау жүргізе алмауы, міндетті жарақтандыру мерзімін ұзарту мәселесін қазақстандық тарап бірнеше рет көтерді. 

Енді ЕАЭО елдерінің аумағына өз қажеттіліктері үшін әкелінетін M және N санаттағы көлік құралдары 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін шұғыл және жедел қызметтерді шақыру жүйелерімен міндетті жарақтандыру талабынан босатылады.

Берік Арманов
Бөлісу: