Көлік министрінің орынбасары Нидерланд елшісімен кездесті

13 Қаңтар, 12:47 1051

Еліміздің көлік вице-министрі Талғат Ластаев Нидерланды Корольдігінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Николас Якоб Схермерспен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Кездесу қазақстандық делегацияның «Global Gateway» инвестициялық форумына қатысу шеңберінде Бельгия Корольдігіне ресми сапары мен министр Марат Қарабаевтың Нидерландыға жұмыс сапары қарсаңында өтті.

Кездесу барысында екі ел арасында көлік-логистика саласында бірлескен жобаларды іске асыруға зор мүмкіндіктері бар екендігі айтылды. 

Атап айтқанда, Талғат Ластаев Корольдіктің Транскаспий халықаралық көлік маршрутының әлеуетін арттыруға қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ, ол министрдің Нидерландыға сапары барысында көлік дәлізінің мүмкіндіктері мен перспективаларын таныстыру жоспарлануы мүмкін екенін атап өтті.

Сонымен қатар, тараптар Еуропадағы ең ірі терең су портының (Роттердам порты) тәжірибесін зерделеуге және қазақстандық делегацияның сапары шеңберінде Нидерланды Корольдігінің басшылығымен екі мемлекет кәсіпкерлерінің қатысуымен кездесулер ұйымдастыруға қызығушылық танытты.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екі елдің көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниет білдіреді.

Жансая Әділбек
Бөлісу: