Көлік иелері өз автокөліктерін 5 жылға уақытша тіркей алады

18 Шілде 2023, 21:32 952

ІІМ 17 шілдеден бастап бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған немесе шектеулерге байланысты заңдастырылмаған, 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен Қазақстан Республикасына әкелінген автокөліктерді бес жылға уақытша тіркеу жұмысын бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осылайша азаматтарға автокөліктермен туындаған заңды мәселелерді шешу және оларды құқықтық салаға енгізу үшін уақыт беріліп отыр. 

Уақытша тіркеу үшін көлік құралдарының иелері “уақытша тіркеу” тізіміне автокөліктің VIN-кодын енгізу үшін өтінішпен және растайтын құжаттарымен әкімшілік полиция басқармасының процессингтік орталығына жүгінуі қажет. 

“Уақытша тіркеу” тізіміне енгізгеннен кейін көлік құралының иесі электронды үкімет порталы арқылы көлікті тіркеуге өтінім береді. 

Содан кейін 10 минут ішінде автоматты түрде тексеру жүзеге асырылады. 

Оң нәтиже болған жағдайда көлік иесінің жеке кабинетіне сәтті тексеру туралы және Мемлекеттік корпорация жанындағы тексеру пунктіне көлік құралын ұсыну қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі. 
Тексеру пунктінде криминалист 15 минут ішінде көлік құралының нөмірлік агрегаттарын салыстырып тексереді. 

Тексеру нәтижелері оң болған кезде көлік иесі электрондық кезек бойынша Мемлекеттік корпорация қызметкеріне автокөлікті тіркеуге құжаттарды тапсыру үшін жолданады, ол жерде мемлекеттік нөмір(9 660 тг) мен мемлекеттік тіркеу құжаты (4 313 тг) үшін мемлекеттік баж төлеп,  көлік құралын бес жылға тіркеу, сонымен қатар көрсетілген мерзім өткеннен кейін оны кері әкету туралы міндеттемеге қол қояды.

Атап өту қажет, тіркеу құжаттарының түпнұсқалары және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері көлік құралының тіркелген жері бойынша Мемлекеттік корпорация филиалында уақытша тіркеу мерзімі өткенге дейін сақталады, – деді ҚР ІІМ ӘПК басқарма бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Алтынбек Жамалиев.

Тіркеу туралы куәліктің айрықша белгісінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығу және иеліктен шығару құқығынсыз деген жазба, тіркеудің қолданылу мерзімі, сондай-ақ автокөліктің бұрынғы шетелдік иесінің деректері көрсетіледі.

Уақытша есепке алу мерзімі өткеннен кейін көлік құралына қатысты мемлекеттік тіркеу автоматты түрде тоқтатылады. 

Егер Қазақстан азаматтары аталған автокөліктерді елден тыс жерлерге әкетуге шешім қабылдаса, олар Қазақстан Республикасының тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлерін тапсыруға тиіс, содан кейін оларға шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлері қайтарылатын болады. 

Егер автокөліктер бұрынғы тіркелген елінде есептен шығарылса және қазақстандықтар оларды елде тіркеуді жүзеге асыру туралы шешім қабылдаса, онда оларға 200 000 теңге мөлшерінде бастапқы тіркеу алымын төлеумен және утилизациялық алымсыз заңдастыру шарттары қолданылатын болады.

Берік Арманов
Бөлісу: