Көлгінов Қостанай облысында мемлекеттік жобалардың іске асырылу барысымен танысты

5 Наурыз 2023, 12:54 852

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары А. Көлгінов Қостанай облысындағы жұмыс сапарында өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі министрлікке сілтеме жасап.

Вице-премьер бірінші кезекте облыстық көпсалалы аурухананы аралады. Медицина мекемесінің жай-күйін көзімен көріп шыққан соң, 200 орындық перинаталдық орталық салу мәселесін талқылады. Ол Президенттің тапсырмасы бойынша өңірлерде салынатын 12 нысанның бірі болмақ. Келешекте жаңа көпсалалы аурухана салу мәселесі Денсаулық сақтау министрлігінде қаралмақ.

«Үкімет еліміздің медиина мекемелерін нығайту, жаңғырту, заманауи жабдықтармен жарақтандыру бағытында жұмыс істеп жатыр. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2023-2024 жылдары шалғай ауылдарда дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер салу жоспарда», - деп атап өтті А. Көлгінов.

Сондай-ақ вице-премьер Қостанай қаласындағы «Береке» шағын ауданында салынып жатқан 980 оқушыға арналған жаңа мектепке де барды. Оның құрылысын аяқтау үшін Қарабалық ауданы Гурьяновка ауылындағы мектептер сияқты қосымша қаражат бөлу қажет. Бұл екі нысанның құрылысын мерзімінде аяқтау жоспарлануда. 

Айта кету керек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қостанай облысында 2026 жылға дейін 15 мың оқушыға арналған екі ауысымда оқитын 9 мектеп салу жоспарланып отыр.

Премьер-министрдің орынбасары Қостанай жоғары политехникалық колледжіне де бас сұқты. Мұнда машина жасау, энергетика, аграрлық салалар бойынша мамандар даярланады. Қазіргі таңда колледжде 1200-ге жуық студент оқиды. Әкімдік жеке инвестор тарта отырып, МЖӘ қағидатымен 500 орындық жатақхана салу мәселесін қолға алған.

А. Көлгінов «Жас маман» республикалық жобасы аясында жаңартылған зертханалар мен шеберханаларды да аралап шықты.

Айта кету керек, жобаның арқасында еліміздің 180 колледжі заманауи оқу жабдықтарымен қамтамасыз етіліп, оларға жаңа білім беру бағдарламалары енгізілген. Екі мың педагог біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Жалпы, «Жас маман» бағдарламасы аясында жаңғыртылған оқу орындарында 30 мыңнан астам студент оқиды.

Аймақтағы сапар барысында Премьер-Министрдің орынбасары Қостанай ауданы Жуков ауылының тұрғындарымен кездесті.  Онда 2,5% жеңілдікпен несие беретін «Ауыл Аманаты» жобасын іске асыруды талқылады.

«Ауыл Аманаты» – ауыл тұрғындарын қолдауға, кәсібін ашуға мүмкіндік беретін бағдарлама», - деп атап өтті А. Көлгінов.

Жаңа тұрғын үй және демалыс нысандары салынып жатқан ауылдың серпінді дамуын назарға ала отырып, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында облыс әкімдігімен бірлесіп, Жуковтың орталық көшесін асфальттау, су құбырын жүргізу және келешекте 100 оқушыға арналған орта мектеп салу туралы шешім қабылданды.

Жалпы республикада 2023 жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы 143 млрд теңгеге 1530 жобаны іске асыру жоспарланған: оның 119-ы инженерлік желілерді жаңғыртуға, 275-і әлеуметтік инфрақұрылымға (мектептер, балабақшалар, фельдшерлік пункттер, емханалар) қатысты, 1136-сы кентішілік жолдарды салу мен жөндеуге бағытталмақ.

Сондай-ақ жұмыс сапары барысында вице-премьер мектеп жасындағы балаларға арналған Смарт-орталықтың құрылысымен танысты. Мұндағы шығармашылық үйірмелер мен спорт секциялары оқушыларға жан-жақты дамуға, өздеріне ұнайтын хобби табуға және болашақта мамандық таңдауға көмектеспек.

EL.KZ
Бөлісу: