Көктемгі егіс жұмыстары аяқталды

6 Маусым 2023, 10:37 1237

Үкімет отырысында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев көктемгі егіс жұмыстарына жанар-жағармаймен қамтамасыз ету қалай жүргізілгенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Министр көктемгі егіс жұмыстары кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету туралы баяндамасында өткен жылы аталған жұмыстарға 400 мың тонна дизель отыны бөлінсе, осы жылы 419 мың тонна бөлінгенін тілге тиек етті.

Биыл Энергетика министрлігі ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдіктермен, «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп біркелкі жеткізу кестесін дайындады. Өткен жылы айына 20 мың тоннадан 152 мың тоннаға дейін ауытқыса, осы жылы айына 81 мың тоннадан 117 мың тоннаға дейін біркелкі жеткізілді. Біркелкі жеткізу кестесі жанармай құю станцияларына көбірек дизель отынын жіберуге мүмкіндік берді, – дейді министр Алмасадам Сатқалиев.

Сондай-ақ ол егіншілер үшін дизель отынының бағасы 1 тонна үшін 222 мың теңге немесе 1 литр үшін 184 теңгені құрайтынын айтты.

Дизель отынын жеткізу бойынша операторлардың шығыстарын ескере отырып, егіншілерге жеткізу көзіндегі орташа баға 1 литр үшін 204 теңге болады. Бұл автожанармай құю станциясындағы бағадан 31 пайызға төмен, – дейді энергетика министрі.

Энергетика министрлігі «ҚазМұнайГаз» және мұнай өңдеу зауыттарымен бірлесіп бірқатар шара қабылдады. Мәселен, Мемлекеттік кірістер комитетіне жеке пин-код берілсе, ауыл шаруашылығы тауарларының өндірушілеріне арналған дизель отынын сары түске, Павлодар зауыты үшін қызыл түске, Шымкент мұнай өңдеу зауыты үшін көк түске боялғанын жеткізді.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: