Көкшетаулық тергеуші алаяққа алданып қалған ақтөбелікке көмектесті

20 Қаңтар 2023, 05:18 1086

Маманның кәсібилігінің арқасында тұрғын 500 мың теңгесін қайтарып алған

Көкшетауда тергеуші алаяққа алданып қалған ақтөбелікке ақшасын қайтаруға көмектесті, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.  

Көкшетау қаласы полиция басқармасы тергеу бөлімінің қызметкері Әйгерім Бостанбаеваның арқасында ақтөбелік Сергей Жегужевский автокөлік сатып алу үшін алаяққа аударған 500 мың теңгесін қайтарып алған.

Менің ісімді тез ашып бергені үшін оған көп рақмет. Оның жоғары біліктілігі, кәсібилігі, дұрыс іс-әрекеті мен табандылығының арқасында қылмыскер ең қысқа мерзімде табылды, – деп жазады Сергей.

Белгілі болғандай, 2022 жылдың қазан айының басында Көкшетау тұрғыны Kolesa.kz платформасында тіркеліп, құны 16 млн теңге тұратын Hyundai автокөлігін Алматы қаласының аумағында сату туралы хабарландыру жариялаған. Алаяқтық схемаға сәйкес, әлеуетті клиенттер орташа нарықтық бағадан төмен бағаға қызығушылық танытып, көліктің «иесімен» байланысқа шыққан, ал соңғысы сатып алушыларға сатып алуға үміткер басқа клиенттер туралы жалған ақпарат беріп, оларды алдын ала төлемді аударуға асықтырған. Ақтөбе тұрғыны осындай кең таралған қулыққа тап болды. Өткен жылдың 26 қазанында Сергей бұл хабарландыруға қызығушылық танытып, хабарландыру авторына хабарласып, шетелдік көлікті сату/сатып алу туралы мәліметтерді талқылады. Әрі қарай күдікті өзінің жеке басын растау үшін мессенджер арқылы мүлдем басқа адамның құжаттарын жіберген, осылайша өтініш берушінің сеніміне кірген. Автокөлік «иесінің»  қылмыстық ниеті туралы ештеңеге күдіктенбеген, мәміленің заңдылығына толық сенген ер адам алдын ала төлем ретінде 500 мың теңге аударған. Көрсетілген соманы алғаннан кейін хабарландыру авторы байланысқа шығуды тоқтатты.

Көкшетау қаласының полиция басқармасына арыз келіп түскеннен кейін қылмыстық іс тергеуші Әйгерім Бостанбаеваға тапсырылды. Жәбірленушінің айғақтарын талдағаннан кейін тергеуші Екінші деңгейдегі банктерге санкцияланған сауалдар жолдап, шотына ақшалай қаражат түскен куәгерлерден жауап алды. Қабылданған шаралар қысқа мерзімде жалған хабарландырудың авторын анықтауға және оның алаяқтыққа қатысы бар екенін дәлелдеуге мүмкіндік берді.

26 жастағы Көкшетау тұрғыны бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін 6 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған және ұрлық жасағаны үшін үш рет сотталған. Қазіргі уақытта қатысушының кінәсі толығымен дәлелденіп, іс сотқа жіберілді.  

EL.KZ
Бөлісу: