Көкшетаулық имам жұма намазында спортшыларға бата берді

19 Шілде, 15:44 897

Көкшетау қаласының Науан Хазрет мешітінде жұма намаздан соң Олимпиадаға аттанаған спортшыларға дұға оқылып, бата жасалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аллам, еліміздің, жеріміздің, қазақ елінің намысын қорғау үшін Олимпиаға бара жатқан аға-бауырларымызға, әпке-қарындастарымыздың сапарын оңынан еткейсің. Алға қойған мақсаттарына жетуін нәсіп еткейсің. Еліміздің абыройын үстем еткейсің, - деді имам.

17 шілде күні Қазақстан ұлттық құрамасын Парижде (Франция) өтетін жазғы Олимпиада ойындарына ресми түрде шығарып салу рәсімі өтті. Алматы облысындағы республикалық олимпиадалық даярлық базасында туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спортшылар және жаттықтырушылар құрамымен әңгімелесіп, алдағы жарыстарға сәттілік тіледі.

Еске салайық, Париж Олимпиадасының жалауы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында желбірейді. Жарысқа 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. Ал елімізден 25 спорт түрінен 80 спортшы бақ сынайды. 

Мадина Асылбекова
Бөлісу: