Көкшетауда су тасқынынан зардап шеккен отбасылар баспаналы болды

25 Сәуір, 15:16 548

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов су тасқыны салдарынан зардап шеккен отбасыларға пәтер кілтін табыс етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әкімдіктің мәжілісі залында өткен салтанатты шарада облыс басшысы бірлескен және жедел күш-жігердің арқасында су тасқынының салдарын барынша азайтуға қол жеткізілгенін атап өтті.

Мемлекет басшысы «Ешкім назардан тыс қалмайды. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің тиісті қамқорлығымен қамтамасыз етіледі» деп атап өткен болатын. Бүгін осы тапсырманы орындау аясында табиғи апаттан үйлері жарамсыз болып қалған және мүлкіне зала келген тұрғындарға пәтер кілттерін табыстауды жалғастырып жатырмыз, - деді Марат Ахметжанов.

Бұл жолы облыс орталығының сегіз отбасы баспаналы болды. Көкшетаулықтар өз қажеттіліктері мен тілектеріне сәйкес келетін пәтерлерді өз бетінше таңдауға мүмкіндіктері болды.

Сондай-ақ осы күні су тасқынынан зардап шеккен Вернадский көшесіндегі ескі тұрғын үйді сыру жұмыстары басталды, оның жұмысы жиналғандарға тікелей эфирде көрсетілді. Апатты үйлердің орнына жаңа заманауи көппәтерлі үйлердің құрылысы басталады.

Бүгін қуаныш біздің отбасымыз үшін ғана емес, су тасқынынан зардап шеккендер барша ақмолалықтар үшін де маңызды. Мемлекеттің қамқорылығының арқасында олардың баспаналы болатынына сенім мол. Осындай қиын кезде қолдау білдіріп, қамқорлық көрсеткен ел Президентіне шынайы алғысымызды білдіреміз. Пәтеріміз жайлы, отбасымыздың алаңсыз өмір сүруіне барлық жағдай жасалған, - деп қуанышымен бөлісті қала тұрғыны Юлия Николаева.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Көкшетау қаласының зардап шеккен 11 отбасына пәтер сатып алынды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақмола облысында зардап шеккендерге барлық қажетті қолдау көрсетіліп, азаматтардың мүлкін қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда.

1054 ақмолалық 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Тұрғын үйлерге олардың апаттылығы және одан әрі тұруға жарамдылығы тұрғысынан тексеру жүргізіледі. Материалдық залалды бағалау жүргізілуде.

Ақкөл, Аршалы, Ерейментау, Жақсы, Зеренді, Целиноград аудандарындағы 74 отбасына жөндеу жұмыстарына жұмсалған шығыстар өтелді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: