Көкшетауда кісі өлтірді деген күдіктіні жедел ұстап, қылмыстың бетін ашқан 5510 Ұлттық ұлан әскери бөлімінің төрт қызметшісі марапатталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің бастығы Нұрсұлтан Мұқашев алғыс хаттарды табыстау үшін әскери бөлім алаңына арнайы барып, батыл сарбаздарға құрмет көрсетті.
Марапатқа ие болғандардың қатарында әскери жасақ бастығы Жанғазы Шайхин, жедел мақсаттағы 1-батальон бөлінісінің командирі Руслан Күлмағанов және батальонның сарбаздары Мұңлықжан Мұталиев пен Мавланбек Мирталипов бар. Департамент басшысы олардың жедел әрі кәсіби әрекеттері қоғамдық тәртіпті сақтауда маңызды рөл атқарғанын атап өтті.
Салтанатты рәсімде Нұрсұлтан Мұқашев әскери бөлімнің командирі Берік Қожахметовке қызметтік автокөліктің кілтін табыстады. Жаңа көлік қоғамдық қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған міндеттерді орындау үшін пайдаланылмақ.
Айта кетейік, 11 қаңтар күні Көкшетауда аса ауыр қылмыс жасады деген күдікті ұсталды. Әскери жасақ үш күдікті ер адамды байқап, олардың құжаттарын тексеру туралы шешім қабылдаған. Тексеру барысында ұсталғандардың бірінен бөтен адамның жеке куәлігі табылды. Полиция бөлімінде анықталғандай, бұл күдікті жақында ғана кісі өлтіріп, оқиға орнынан ізін суытқан екен.
Әскери жасақ бастығы Жанғазы Шайхин оқиға кезінде сарбаздар М.Мұталиев пен М.Мирталиповтің ерекше кәсібилік танытып, күдіктінің агрессивті әрекетіне қарамастан оны ұстағанын айтты. Бұл сарбаздардың екеуі де Алматы және Түркістан қалаларынан Ақмола облысына қызметке келіп, қоғамдық тәртіпті сақтау міндеттеріне белсене қатысуда.
Әскери қызметшілер күн сайын патрульдік полициямен бірлесе отырып облыс орталығындағы қоғамдық қауіпсіздік пен тыныштықты қадағалайды. Олар жаяу патрульдер ұйымдастырып, көшелерді бақылап, бұқаралық іс-шараларда тәртіпті қамтамасыз етеді. Бұл қызметшілердің адал еңбегі мен ерлігі қала тұрғындарының тыныштығын сақтауда айрықша маңызға ие.